Бірнеше жыл бұрын TikTok туралы ешкім білмейтін еді. Жұртшылық үшін TikTok жасөспірімдер билейтін немесе көңіл көтеретін ортаңқол платформа қатарынан табылған. Дегенмен бүгінде TikTok Instagram және YouTube-пен бәсекелесе алатын әлеуметтік желіге айналды. Қазір TikTok блогерлері жұлдыз атанып, беделді брендтермен жұмыс істеп, контентін табысқа айналдырып отыр.
Жазылушы саны маңызды емес
Мұнда бейнероликтің ұзақтығы, лүпіл, пікір және қаралым саны роль ойнайды. Блогердің миллион жазылушысы бола тұра, ұсынған контенті бар болғаны 10 мың қаралым жинаса, нашар көрсеткіш саналады. Бұған қоса Tik Tok трендтері көзді ашып-жұмғанша өзгеріп отырады. Блогер жазылушыларына қызық контент ұсыну үшін үнемі ізденіс үстінде жүруі тиіс. Себебі сапалы контент – табысқа жетелер бірінші қадам.
TikTok-тағы ең белсенді аудитория – жасөспірімдер (13-17 жастағы пайдаланушылар), олар – аудиторияның 43 процентін құрайды. Сәйкесінше контенттің көп бөлігі соларға арналған. Бұл аудиторияның төлем жасауға қабілеті шектеулі болғандықтан табыс көлемі аз болуы ықтимал.
TikTok-та қаралым, лүпіл не пікір мөлшерін бұрыс жол арқылы көбейтудің соңы жақсы аяқталмайды.
Авторлық әнге видео түсірсеңіз де, ұтасыз
Платформаның кемшіліктерінен артықшылығы көп. Жоғарыда аталған қиындықтарға қарамастан бұл әлеуметтік желіде табыс табудың жолы жетерлік. Мысалы, авторлық әнге видео түсіру. TikTok-та музыкалық тректер үлкен сұранысқа ие. Кәсіби әншілер де, жас әншілер де авторлық әнін жарнамалау үшін ақша төлеуге дайын. Жазылушылар саны көп блогерлер гонорар үшін біреудің әніне бейнеролик түсіріп, жариялайды. Екіншіден, тапсырыс берушінің қалауы бойынша белгілі бір өнімді жарнамалауға болады. Тапсырыс берушілер бұрыннан қалыптасқан сценарий бойынша жұмыс істеуді, не жаңа сценарий ойлап тауып, сол бойынша жарнама жасауды ұсынады. Көбіне блогерлер постында тауар хэштегін пайдалану, өнімді көрсетіп, пікір білдіру, тапсырыс беруші компанияның слоганын айту арқылы жарнама жасайды. Миллиондаған жазылушысы мен соған сай қаралымы бар блогерлерді жарнама берушілердің өзі-ақ тауып алады. Жарнамаға тапсырыс алудың тағы бір жолы – жарнама биржаларына, немесе аккаунт туралы пост салу.
Тікелей эфирдің пайдасы
TikTok парақшаңызда 1000 жазылушы бар болса, тікелей эфир (стрим) ұйымдастыруға болады. Блогерлер стрим барысында тауар немесе қызмет ұсынады. Кей стримблогерлер виртуал монетаның арқасында табысқа кенеледі. Түсіндіріп өтейік, пайдаланушылар TikTok платформасында шынайы ақшаны виртуал монетаға ауыстырып, өз кезегінде виртуал монета арқылы стикер сатып алады. Сапалы әрі қызық контент ұсынған блогерлерге ризашылық белгісі ретінде стикер жіберуге болады. Әр жіберілген стикер құнының 80%-ы блогер қалтасына түсіп отырады. Айта кетейік, Қытай тұрғыны Мэн Лэйдің TikTok-тағы ойын стримі 22 миллион көрермен жинап, 167 мың доллар кіріс алып келген.
Қазіргі таңда TikTok пайдаланушыларының жаппай білікті мамандарға һәм сарапшыларға тіркелуі қатты байқалады. Белгілі бір салада көрген-түйгеніңіз көп болса, бұл әлеуметтік желі пайдаланушылары үшін онлайн курс ашып, вебинарлар жүргізіп, пайдалы конференциялар өткізуге болады. TikTok-та мұғалімдер мен дәрігерлердің, заңгерлер мен психологтардың парақшаларының көбеюі соған дәлел.
P.S. Егер сізге осы әлеуметтік желі ұнаса, күш-қуатыңыз бен уақытыңызды дұрыс жұмсай алсаңыз, идеяларыңызды жиі жаңартып отырсаңыз TikTok-ты тиімді табыс көзіне айналдыруға болады. Дегенмен Қазақстан нарығында TikTok игерілмеген жер сияқты бос жатыр. Не егіп, қандай өнім алатыныңыз сіздің қолыңызда…
Жинақтаған: А.МАНСҰР
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!