Тіл – елдің ең қымбат қазынасы. Ол арқылы біз коммуникация құраймыз, ойымызды білдіреміз. Тілдің функциялары өте көп. Бірақ оның ішіндегі ең маңыздысы – мәдениеттің тіл арқылы сақталып, ұрпақтан ұрпаққа тарауы. Халықта «Қай тілде сөйлесең, сол тілде ойлайсың. Қай тілде ойласаң, сол тілдің жанашырысың» деген дана сөз бар. Иә, сенің сөйлейтін тілің тұлға болып қалыптасуыңдағы процесті анықтайды. Бірақ ол қалай жүзеге асады?

Тіл – ұлттың жаны, оның тарихи жады. Ғасырлар бойы ата-бабамыздың басынан өткен тартыс, олардың салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы, наным-сенімі – барлығы тіл арқылы біздің қанымызға сіңген. Қазақтың бай ауыз әдебиеті, жыр-дастандары, мақал-мәтелдері мен қанатты сөздері ұрпақтан-ұрпаққа тарап, ұлтымыздың рухани болмысын қалыптастырды. «Тіл – ұлттың сүйенетін тамыры, сыйынатын тәңірі» дегендей, тілсіз ұлттың тамырынан ажырап қалуы әбден мүмкін. Абай мен Жамбылдың, Махамбет пен Шәкәрімнің тарих мұңына толы жырлары, батырлар дастаны – тілдің құдіреті арқылы халықтың рухын көтеріп, санаға сәуле түсірген рухани мұра. Ана тілі – тек сөздерді саптау емес, тұтас бір халықтың тарихы мен мәдениетін ананық ақ сүтімен бойыңа дару.

Тіл мен ойлау – егіз ұғым. Адам қажеттілігін тіл арқылы жеткізіп қана қоймайды, сонымен бірге ойтолғауда қолданады. Мысалы қазақ немесе орыс тілінде сөйлейтін адамның ойлау жүйесі екітүрлі болады. Қазақ халқы үйлену тойының өзін бірнеше салтанат арқылы ұйымдастырады. Бірақ дәстүрді сақтаған той-думан, орыс менталитетін бойына сіңірген адам үшін мүлдем жат дүние. Біз үшін әр салттың өз мағынасы бар. Ал бұған үйренбеген бөгде адамның оған көнуі үшін біраз уақыт керек.

Тіл – ойдың тікелей шындығы, яғни ой тілдік материалға негізделгенде ғана жарыққа шығады. Әр тілдің өзіндік сөздік қоры, грамматикалық құрылымы мен бейнелі сөз орамдары бар. Оның бірі – «айналайын» сөзі. Бұл сөздің шығу тарихы да өзгеше. «Айналайын» сөзі ертеде, жаратылыс туралы түркілік түсінікпен қатар пайда болған. Бұрын қарт кісі дертке шалдыққан жастарды аман алып қалу үшін өздерін құрбандыққа шалған. Ол үшін ауру адамды киіз үйдің ортасына жатқызып, қарт кісі үш рет айналып, есікке келгенде «айналайын» деп дауыстайды. Осыдан кейін жас кісі жазылып, айналған қария қайтыс болады екен. Онысы «сенің жолыңда менің жаным құрбан» немесе «саған келген пәле маған болсын» дегені… Егер орыс тіліне аударар болсақ «кружусь вокруг тебя» деген мағынаны білдіреді. Олар қазаққа тән ең жанашыр сөздің мағынасын тілді білмей түсіне аламайды. Бұл ерекшеліктер сол тілде халықтың әлемді қабылдау, тану және ой қорыту қабілетіне тікелей әсер етеді. Сондықтан «Өзге тілде сөйлеу қауіпті емес, өзге тілде ойлау қауіпті» деген сөздің астарында терең мағына жатыр.

Қоғам дамыған сайын тілдің атқаратын қызметі де арта түседі. Ол тек қарым-қатынас пен ойлау құралы ғана емес, сонымен қатар ұлттық сана мен мәдени дәстүрді сақтап, келесі ұрпаққа жеткізуде маңызды қызмет атқарады. Жаһандану дәуірінде көптеген тіл жойылу қаупінің алдында тұрғанда, ана тіліміздің мәртебесін көтеру – әрбір азаматтың парызы. Қазақ тілі – тек халқының ғана емес, Қазақстанды Отаным деп білетін барша азаматтың ортақ байлығы болуы тиіс.

«Тілі өлген ел – тірі өлген ел» деген қағиданы ұмытпай, ана тілімізді көзіміздің қарашығындай сақтап, оның қолданыс аясын кеңейтуге атсалысу – біздің ұрпақ алдындағы қасиетті борышымыз. Себебі тіл тағдыры – ел тағдыры.

Мерей ШӘКРАТ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!