Фото: ашық дереккөзден
Қазақ тілі – Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі. Сондықтан ұлттық руханияттың өзегі.
Халқымыздың рухани байлығы, атадан балаға, ұрпақтан ұрпаққа мирас болып, баласына ана сүтімен дарыған, қалыптасқан асыл мұра. Қазақ тілін көзіміздің қарашығындай сақтау біздің өмірлік қағидамыз болуы тиіс. Қазақты қазақ ететін, ұлтты ұлт етіп сақтайтын ана тілі екені даусыз
Мемлекеттік тіл саясатын дамыту, тіл мәдениетін қалыптастыру және жастар арасында қазақ тілінің мәртебесін арттырып, тіл тазалығын сақтауға шақыру және қадірлеуге тәрбиелеу – біздің қоғамның басты назарында болуы керек. Өзінің тілін, әдебиетін білмеген, салт-дәстүрін қадірлемеген адамды толық саналы тұлға деуге болмас. Сол себепті еліміз дамып, мемлекетіміз өркендеу үшін, әуелі қазақ тілінің мәртебесін көтеруде белсенділік танытуымыз қажет. Өзге тілді үйренген адам рухани дамыса, сонымен бірге өзге ұлттың мәдениетін, дәстүрін үйренеді. Жаңа тілді үйрену арқылы танымы кеңейеді. Осы заманда тіл білу – әркімнің дербес табыстылығының басты қағидасы.
Қазіргі уақытта, туған тілімізді шұбарлатып, өзге тілді араластыра сөйлейтіндерді жиі кездестіреміз. Басқа халықты айтпағанда, өз ішіміздегі шала қазақтарды таза қазақша сөйлеуге тәрбиелеуіміз керек. Бүгінде де жастар, үлкен адамдар тілді толық білмесе де, паразит сөздерді қоса сөйлеп, қазақ тілін бұрмалауда. Ал ана тіліміздің қадірін кетіру, тілімізді сыйламау – қоғам үшін қатерлі. Елінің болашағын ойлаған әр азамат, әр тұлға өз ана тілінің болашағы үшін қолынан келген көмегін аямауы тиіс. Әлемдегі тілдердің ішіндегі ең бай, келбетті тіл – қазақ тілінің мәртебесін бірге көтерейік.
Ә.ЖҰМАХАН,
Қызылорда облысының мамандандырылған
ауданаралық экономикалық сотының жетекші маманы
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!