Тіл-көз тию – дәстүрлі қазақ қоғамындағы наным-сенім түрі. Қазақта жақсы адамға, сұлу әйелге, жүйрік атқа, нәрестеге, сондай-ақ адамның атақ абыройына да көз тиеді деген ұғым бар. «Тіл тас жарады, тас жармаса, бас жарады» дегенді қазақ бекер айтпаған.

    Қазақстан мұсылмандар діни басқармасы насихат және қоғаммен байланыс бөлімінің маманы Хамзат Қажымұратұлының айтуынша, шариғатта да көз тию туралы айтылған.

    «Тіл-көз тию шариғатта да бар, ол расталған. Мұхаммед пайғамбардың «Көз тию хақ» деген хадисі бар. Пайғамбар заманында бір сахаба шомылып жатқан кезде екінші сахаба оған сұқтана қарағанда ауырып қалғаны туралы дерек бар. Сол кезде Мұхаммед пайғамбар «Адамның бойынан жақсы бір қасиет көрсеңіздер, оған дұға жасаңыздар» деген.

     Жиырма жыл тәжірибесі бар халық емшісі Айсара Өтебайқызының сөзінше, бір адамның екіншісіне теріс биоэнергетикалық әсері «көз тию» деп аталады. Мұндай жағдайға душар болған адам әлсіреп, делсал халге түседі. Адамдар арасындағы іштарлық, жағымсыз қарым-қатынас көз тиюдің белгілері.

    «Адам тіл көзден сақ болу үшін дұға оқу керек. Мысалы, үйден шыққанда «Аят әл-курси», «Фатиха», «Фәләқ», «Нәс» сүрелерін оқуы шарт. Бұл сүрелерді ішінен оқып жүрсе, адамға тіл-көз тимейді деген Мұхаммед пайғамбардың хадисі бар», – деді Хамзат Қажымұратұлы.

     Қазақтар бағзы заманнан түрлі әшекейлер, жас нәрестенің бесігіне үкі, моншақ тағып, бөбектің маңдайына күйе жағып қойған. Өйткені тіл мен көзден сақтайды деген сенім бар. «Сақтансаң сақтаймын» деген тәмсілді ескеріп, ырым мен жоралғыны сақтаған да жөн деп ойлаймын.

                                     Назкерімсұлу ӘУБӘКІР,

Қорқыт ата атындағы  Қызылорда университетінің 4-курс студенті

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!