Фото: ашық дереккөзден

Тәуелсіздіктің басты құндылығы ретінде қазақ тілі мәртебесінің айқындалуы. Ел тәуелсіздігінің алғашқы он жылдығындағы сын-қатерлер мен қиындықтар кезеңінде «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» Қазақстан Республикасының Заңының қабылдануы – ұрпақтар арасындағы сабақтастықтың жаңғыруымен тең болды.

Тіл – тарихи құндылық, ұлттың жаны, әрі ары. Қазақ халқы қаншама қиын-қыстау кезеңін бастан өткерсе де, атадан мирас болып келе жатқан ана тілімізді қастерлеген. Бұл туралы Абай атамыз: «Өткірдің жүзі, кестенің бізі, өрнегін сендей сала алмас. Білгенге маржан, білмеске арзан, надандар бәһрә ала алмас» – деп тіл құдіретін жырласа, өз заманында алаш арысы Ахмет Байтұрсынов: «Ұлттың сақталуына да, жоғауына да себеп болатын нәрсенің ең қуаттысы – тіл», – деп, қаһарман Бауыржан Момышұлы: «Тіл байлығы – елдің елдігін, жұртшылығын, ғылыми әдебиетін, өнеркәсібін, мәдениетін, қоғамдық құрылысын, салт-санасының, жауынгерлік дәстүрінің, мұрасының қай дәрежеде екенін көрсететін сөзсіз дәлелі, мөлшері», – деген болатын.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» мақаласында «Еліміздің басты нышандарының бірі – мемлекеттік тіл. Қазақстанның мемлекеттік тілі қазақ тілі екені Ата заңымызда 90-жылдардағы күрделі кезеңнің өзінде нақты жазылған. Біз тәуелсіздік дәуірінде ана тілімізді дамыту үшін барлық жағдайды жасадық… Бүгінде мемлекеттік тілді білетін қазақтың да, өзге этнос өкілдерінің де үлесі едәуір артты. Қазақ тілін, шын мәнінде, бүкіл халқымызды біріктіруші факторға айналдырудың барлық құқықтық тәсілдері және кепілдіктері қалыптасты… Мемлекеттік тілді білу – Қазақстанның әрбір азаматының парызы. Міндеті деп те айтуға болады…», – деп тіл мәртебесін республиканың әрбір азаматы жете түсіну қажеттігін айқындады.

«Қазақстан республикасындағы тіл туралы» заңының 4-бабында «Қазақстан Республикасының мемлекеттiк тiлi – қазақ тiлі, мемлекеттiк тiл – мемлекеттiң бүкiл аумағында қоғамдық қатынастардың барлық саласында қолданылатын мемлекеттiк басқару, заң шығару, сот iсiн жүргiзу және iс қағаздарын жүргiзу тiлi. Қазақстан халқын топтастырудың аса маңызды факторы болып табылатын мемлекеттiк тiлдi меңгеру – Қазақстан Республикасының әрбiр азаматының парызы» деп нақты көрсетілген. Мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту – әрбір азаматтың қасиетті борышы.

А.Ысқақова

Қызылорда облысының мамандандырылған әкімшілік сотының бас маман-сот отырысының хатшысы

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!