Тіл – әрбір ұлттың жүрек соғысы, өткеннің аманаты, болашақтың кепілі. Ол жоғалса, ұлттың да іргесі сөгіліп, тамыры қурайды. Қазақ халқы үшін ана тілі – ата-баба мұрасы, ғасырлар бойы қалыптасқан ұлы қазына. Бірақ сол қазынаны сақтай алмасақ, біз кім боламыз?

Тілімізді тыңдасақ, оның әр сөзінен бабалардың үні естіледі. Әрбір мақал-мәтелінде, әрбір жырында, әрбір шешендік сөзінде ұлттың бүкіл тарихы жатыр. Қазақ даласының сайын сахарасында салтанат құрған көшпенді бабаларымыз бізге тек кең байтақ жерді ғана емес, сондай кең мағыналы тілді де қалдырды. Біз сол аманатқа қаншалықты адалмыз?

Қазақ тілі – найзаның ұшымен, білектің күшімен ғана емес, сөздің құдіретімен де қорғалған тіл. Кешегі би-шешендер ұрпаққа қарумен емес, асыл сөзбен жол көрсеткен. «Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» деп, әділдіктің өлшемін сөзбен белгіледі. «Сөзі мірдің оғындай» деген ұғым да сол кезде туған. Бабалардан қалған сол сөзді бүгін біз қалай ұстап жүрміз?

Тіл – ұлттың рухани қорғаны.

Ұлттың шекарасын тек темір сыммен емес, тілмен де қорғайды. Жеріңді жау басса, қарумен қайтарарсың, бірақ тіліңді жау басса, оны қайтару қиын. Тілсіз ұлт – тамыры шабылған ағаш тәрізді, біртіндеп қурап, өзегінен айырылады.

Өкінішке қарай, бүгінде кейбір қандастарымыз өз тілін білмегенін мақтан көретіндей. Қазақша сөйлеуді «артта қалғандық» деп санайтындар бар. Бірақ өз ана тіліңді менсінбеу – өз тамырыңды өзің кесумен тең емес пе? Біз ана тілімізді сақтамасақ, келер ұрпақтың алдында қандай жауап береміз?Тілімізді құрметтейік, қолданайық, дамытайық! Себебі тіл – ұлттың мәңгілігінің кепілі. Егер тіл өлсе, жүрек те соғуын тоқтатады. Тіліміз мәңгі соғып тұруы үшін оны жүрекпен сүю керек!

Маржан Бақытжанқызы,
Абай атындағы №138 орта мектебінің
11 сынып оқушысы

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!