Фото: ашық дереккөзден

Тіл – ұлттың өткені, бүгіні, болашағы, тәуелсіздіктің айғағы. Тілін жоғалтқан ұлт тарихынан, мәдениетінен айырылады. «Өзге ұлттың тілін, дәстүрін білмей, оның жанын, арманын түсіну, сеніміне, құрметіне бөлену мүмкін емес. Өз тілінің сұлулығын сезінбей, өзге тілдің сұлулығын сезіну екіталай» деп Бауыржан Момышұлы айтқандай, бөтен елдің салт-дәстүрі мен мәдениетіне еліктейтін қазақтардың қазіргі жағдайы бәрімізге мәлім.

Қазақ халқының шетелге еліктеуінің басты себебі неде? Ел ішіндегі көп мәселенің бірден бір себебі осы алашұбар сөйлеу деп ойлаймын. Тілі шектеу көрген халықтың салт-дәстүрі де тез өзгеріске ұшырауы мүмкін. Әсіресе жас ұрпақ еліктегіш келеді. Басқа тілде сөйлеген қазақ жастарына өз салтын, мәдениетін бойына сіңіру қиынға соғары анық. Ата салтын сақтау қазақтар әр жерде шашырап қоныстанған жағдайда тағы да қиынға соғады.

Қоғамдағы ең ауқымды мәселенің бірі – қазақ еліне қарағанда шет елдің білім беру деңгейінің жоғарырақ болуы. Тіл білудің зияны жоқ дегенмен де «Тiлсiз ұлт, тiлiнен айрылған ұлт дүниеде ұлт болып жасай алмақ емес. Ондай ұлт құрымақ. Ұлттың ұлт болуы үшiн бiрiншi шарт – тiлi болу. Ұлттың тiлi кеми бастауы ұлттың құри бастағанын көрсетедi. Ұлтқа тiлiнен қымбат нәрсе болмасқа тиiстi» деген екен Мағжан Жұмабаев.

Әр адам өз Отанына деген махаббатын алғашқы орынға қойып, әрқашан елін сүйіп, патриоттық рухын асқақтатып, өз ділін, дінін, мәдениеті, салт-дәстүрін сақтаса, мәңгілік ел боларымыз ақиқат.

Мерей ҚАЛАБАЙ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!