Фото: astanazan.kz

Әр халықтың болмысын, тарихын, мәдениеті мен дәстүрін айқындайтын ең асыл қазынасы – тілі. Тіл – тек қарым-қатынас құралы ғана емес, ол – ұлттың жаны, рухы, бүкіл болмыс-бітімінің айнасы. Қазақ халқының да рухани дүниесі, ғасырлардан жеткен бай мұрасы, салт-санасы мен әдет-ғұрпы, ұлттық дүниетанымы қазақ тілінің бойына жинақталған. Ұлы Абайдың «Өнер алды – қызыл тіл» деуі де бекер емес, себебі тілдің құдіреті – халықты біріктіріп, елдікті сақтауда. Ана тілін құрметтеу – әрбір перзенттің ата-анасына, туған жеріне, еліне деген сүйіспеншілігінің айқын көрінісі. Балаға тілге деген құрметті ең әуелі отбасы сіңіреді, өйткені тілін ардақтаған ұрпақ тарихына тағзым етіп, елін де жан-тәнімен сүйеді. Сондықтан тілге құрмет – ел болашағын ойлаумен тең.

Тәуелсіз Қазақстанның басты тіректерінің бірі – мемлекеттік тіл. Конституцияда қазақ тілі мемлекеттік мәртебеге ие болғаны – халқымыздың ғасырлар бойғы арманының орындалуы. Тіл – ел тәуелсіздігінің тұғыры, елдіктің кепілі. Мемлекетімізде тіл саясатына ерекше көңіл бөлініп, оны дамыту, өрістету үшін түрлі бағдарламалар жүзеге асуда. «Үштұғырлы тіл» саясаты да заман талабынан туындап отыр. Бұл ретте қазақ тілі жетекші орынға ие болып қала бермек, себебі ол – елдің рухани тірегі, ал өзге тілдерді меңгеру – жаһандану дәуірінде бәсекеге қабілетті болудың алғышарты. Қанша тіл білсек те, өз ана тілімізге деген құрмет әрдайым биікте тұруы тиіс.

Көпұлтты Қазақстан үшін тіл – татулық пен бірліктің басты діңгегі. Мемлекеттік тіл барша халықты біріктіретін ортақ құндылыққа айналғанда ғана елдігіміздің іргесі бекем болмақ. Осы орайда жыл сайын аталып өтетін «Қазақстан халқының тілдері күні» мерекесі – халқымыздың тілге деген құрметін арттырып, ел бірлігін нығайтуға септігін тигізетін айрықша күн.

Қорыта айтқанда, тіл – елдің рухы, ұлттық келбеті, мәңгілік мұрасы. Тілге деген құрмет – Отанға деген сүйіспеншіліктің айнасы. Әрбіріміз ана тілімізді қастерлеп, қолдану аясын кеңейтуге атсалыссақ, еліміздің болашағы жарқын болмақ. Өйткені тілдің тағдыры – ұлттың тағдыры.

Н.Жұмабекқызы,

Қызылорда облысының

Әділет департаментінің

жетекші маманы

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!