«Тілі жоғалған ұлттың өзі де жоғалады»
Ахмет Байтұрсынов
Әрбір ұлттың басты құндылығы – тілі. Бұл ешқандай дәлелді қажет етпейтін қағида. Елімізде 5 қыркүйек – Қазақстан халқы тілдерінің күні. Сондай-ақ бұл күні қазақ тіл білімі мен әдебиеттану ғылымдарының негізін салушы, ағартушы Ахмет Байтұрсынұлы дүниеге келген.
Соған сәйкес жуырда Достық үйінде облыстық қоғамдық даму басқармасының ұйымдастыруымен «Тілі бірдің – тілегі бір» атты ауқымды шара өтті.
Мерекелік кешке Қызылорда қалалық, аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімдерінің басшылары мен тіл мамандары, аймақтағы зиялы қауым өкілдері, тіл жанашырлары, жоғары және арнаулы орта оқу орындарының басшылары мен студенттері, этномәдени бірлестік пен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері және облыстық, аумақтық мекемелердің басшылары мен мемлекеттік тілге жауапты қызметкерлер қатысты.
Салтанатты шара «Тал бесікте тербелген ана тілім!» атты прологпен ашылып, алғы сөз облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы Руслан Каюповқа берілді.
Руслан Мұхамедәліұлы жиналғандарды мерекемен құттықтап, облыстағы бірқатар тіл жанашырлары мен сала мамандарын облыстың Құрмет грамотасымен, облыс әкімінің Алғыс хаттарымен және ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің Құрмет грамотасы, Алғыс хаттарымен марапаттады.
Сондай-ақ, мемлекеттік тілдерді дамыту бағытында атқарған жұмыстары мен жетістіктері үшін бірқатар сала мамандары «Үздік телехабар», «Тіл жаршысы», «Үздік қазақ тілді кәсіпорын», «Үздік қазақ тілді балабақша», «Үздік қазақ тілді емхана», «Көрікті жарнама-көркем атау» және «Мемлекеттік тіл – менің тілім» номинацияларымен марапатталды.
Бұдан соң облыстық ардагерлер кеңесінің жауапты хатшысы М.Баекеев 3 ардагерге облыстық ардагерлер кеңесінің «Құрметті ардагер» төсбелгісін табыстады.
Шара барысында жиналған қауымға мерекелік шашу ретінде әзірленген концерттік бағдарлама ұсынылды.
Нұр БАҚЫТ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!