Өткен жылу беру маусымында облыс аумағындағы тұрғын секторларда 120 өрт оқиғасы орын алған. Орын алып жатқан жағдайлар көбінесе “тұрғындардың өрт қауіпсіздік шараларына салғырт қарауынан, яғни тұрмыстық пештердің техникалық жағдайына мән бермеуінен немесе балаларды қараусыз қалдыруынан пайда болуда”,- дейді мамандар.

ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің 30 жылдығына арналған «30 игі іс» шарасы аясында әлеуметтік осал тұрғындардың, оның ішінде жалғызбасты қарттар мен мүгедектігі бар тұрғындардың жылыту пештеріне жөндеу жүргізу және қатты отынмен жылитын үйлердің түтін мұржаларын тазалау жұмыстары бастау алды. Тілсіз жаудың алдын алып, келеңсіздіктерді болдырмау мақсатында департамент тарапынан тиісті үнпарақтар таратылып, түсіндірме жұмыстары тиянақты жүргізілуде. Кезекті профилактикалық жұмыс Сабалақ елді мекенінде өткізілді.

– Әлеуметтік осал топтағы тұрғындардың үйлеріне жергілікті бюджет есебінен сатып алынған 484 дана табиғи газды анықтайтын датчиктер орнатылды. Аталған датчиктер тұрғындардың улы газдан улану фактілерінің алдын алуға көмектеседі. Әр аптаның сенбі күндері облыс бойынша Полиция департаменті мен түрлі волонтерлық ұйымдардың өкілдерімен бірлесіп өрттің пайда болуын, адамдардың қаза болуын және жарақат алу қауіп-қатерін азайту мақсатында профилактикалық жұмыстары атқарылды.Барлығы 8000-нан астам тұрғын секторын аралау арқылы 31 000 тұрғынға үгіт-насихат жұмыстары жүргізілді. Көп қабатты тұрғын үй аулаларында 2000-нан астам тұрғынды тарту арқылы 132 рет кездесу ұйымдастырылып, электр және газ баллон жабдықтарын, пешті және газ пештерін орнату, қолдану барысындағы өрт қауіпсіздігі талаптары туралы түсіндірілді,- деді Қызылорда облысы ТЖД Мемлекеттік өрт бақылау басқармасының басшысы Асхат Плалұлы.

Тілсіз жаудың алдын алу: Сабалақ елді мекенінің тұрғын үйлеріне көмірқышқыл газын анықтайтын датчик орнатылды

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!