Жеті қазынаның біріне балаған иттің адамзатқа көмегі көп-ақ. Күні бойы кірпік ілместен күзетіп, жатты көрсе жатырқап үреді. Яғни, бөтенді бірден танып, дыбыспен белгі беретіні содан. Тіпті қылмыстық істе ізкесуші болатын иттің қабілеті талай алаяқты әшкере қылған-ды. Бірақ «құтырған ит иесін қабады» деген тәмсілді жоққа шығаруға да болмас. Жайшылықта жаппай жұртты жаралауға көшкені көңілдегі күдік пен қорқынышты көбейтті. Иесі иелік етпеген соң көше кезген иттердің жер-жерде топтасып жатқанын көз көрді. Азу тісін ақсита көрсеткенде бала тұрмақ ересектің зәре-құты қалмайтыны анық. Қысқасы, қарғыбауға көнбейтіндерге қарғыс жаудыратындар бар. Бауыр еті баласының жанұшыра жылағанын көруге кімнің жүрегі шыдасын?! Егер асырап алған үй жануарына жауапкершілікпен қарасақ залалын ешкім де тартпас еді. Ветеринардың кеңесіне қаншалықты құлақ түріп жүрміз? Қатаң қағиданы қаперге алып жүрген кім бар? Ал ит-мысықты тіркеу жұмысы жүгенсіздікті жоя ма?

Қоғамда итке қатысты екіұшты пікір бар. Бірі үй жануарларына жауыздық танытуды айып көрсе, алыстан атылатын шабуылына ашынғандар көзін құртуды құп көреді. Себебі екі күннің бірінде итке таланып төсекке танылған, яки өліммен арпалысқан бүлдіршін саны артып келеді. Дегенмен заң бойынша итке себепсіз зәбір көрсетуге тыйым салынған. Адамның айнымас серігіне айналған итке қаншалықты аяушылық білдірсек, баланың қауіпсіздігіне де қырын қарамағанымыз игі.

1 қыркүйектен бастап «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» ҚР Заңына сәйкес мысықтар мен иттерге чип тағу және оларды арнайы есепке қою міндетті болмақ.

–10 мысығы, 5-6 иті болса да есепке қоюы керек. Бұл міндеттен жалтарғандар жауапқа тартылады. Себебі, адамдар өздерінің үй жануарларына жауапкершілікпен қарауы тиіс. «Әкімшілілік құқық бұзушылық туралы» кодекстің 407-1, 407-2-баптарында жеке тұлғаларға 10 айлық есептік көрсеткіш, заңды тұлғаларға 20 АЕК мөлшерінде айыппұл көзделген. 1 жылдың ішінде есепке қоймағаны анықталған жағдайда айыппұл көлемі 2 еселенеді», – деді Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің бас сарапшысы Талғат Ердешев.

Қазақстандықтар үшін электронды жүйеге жануарлары туралы ақпаратты енгізу – тегін. Дегенмен, чип тағу үшін мысық пен ит иелері өз қалтасынан ақша төлеуі тиіс. Оны өтеуге мүмкіндігі жоқ әлеуметтік осал топтағы азаматтарға қызмет түрі тегін көрсетіледі.

Төтеннен тап беретін төрт аяқтыларды тіркеуге тірнектеп жиған қаржысын беруге ешкімнің құлқы жоқ. Ал жауапты мамандар келесі айда түгелдей таңба салыну керектігін тілге тиек етті. Басын ала қашқандарды анықтауда тәртіп сақшылары іске кіріспек. Бұл далада дөңайбат көрсететін ит-мысықтың қаңғы емес, иесі барын, оның мекен-жайын білуге сеп болады. Жұмыс жүйесін тапса жұртшылық та «жұқпалы ауру» деп жүрексінбей, «құтырма» деп қорықпаушы еді. Әйтпегенде көшені торуылдап, қоқыспен қоректенетін ит-мысық қоғамға қауіпті. Жаңбырдан кейін қаулаған саңырауқұлақтай тез таралатын аурудың шоғыры да солар.

–Есік алдында асыраған итім бар. Қазір ұры-қары көбейген заманда төтеннен келсе төбетті көріп, айылын жияр деген ой ғой. Бірақ ешқашан итті бос жіберіп, қарап отырған емеспін. Себебі, әлдекімнің жапа шеккенін қаламаймын, тек кешкілік қарғыбауымен қосақтап алып жүремін. Бекітілген заң жайында естідім, чип енгізу ақша екен. Ит емес онға жуық мысық асырап отырғандар да бар. Сонда қалтасы көтермесе қаржыны қайдан таппақ? Талапты сақтап отырғандарға жеңілдік болса ғой, – деді М.Алдияр.

Тіркеудің өзі түбегейлі шешілмеген тәрізді. Қолдаудан нарызылық басым. Тіпті жауапкершіліктен жалтарғандар асыраған үй-жануарын өзі-ақ сыртқа жіберуі ықтимал екендігі айтылуда. Мәселен, Астана қаласындағы 2 панажайдың бірі тұрғындардың шағымымен жабылған. Жалғыз қалған панажайда 2,5 мың ит, 100-ден аса мысық бар. Әлеуметтік желідегі зообелсенділер егер міндетті есепке қою басталса қаңғыбас ит пен мысықтың қатары күрт көбеюі мүмкін екенін алға тартады. Өйткені көпшілік жауапкершіліктен қашып үйдегі жануарларын көшеге шығарып жіберіп жатады. Ал олай болған жағдайда мына жалғыз панажай жеткіліксіз болуы мүмкін.

Өңірімізде бұл жағдай қалай жүзеге аспақ? Айталық. Облыстық ветеринария басқармасының мәліметіне сай, үй жаунарларын (ит-мысық) есепке алу бұйымдарын (құралдарын, чип, сканер) пайдалана отырып ақылы негізде жүргізіледі. Иелері халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын үй жануарларын есепке алу қағидаларына сәйкес бюджет қаражаты есебінен тегін жүргізіліп, дерекқор базасына енгізіледі.

Есепке алынған үй жануарларының (ит-мысық) иелері үй жануарлары өлген кезден бастап 14 тәуліктен аспайтын мерзімде бұл туралы республикалық маңызы бар қалалардың, астананың ЖАО құрған мемлекеттік ветеринариялық ұйымдары, ветеринария саласындағы емдеу профилактикалық кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыратын жеке немесе мемлекеттік емес заңды тұлғаларға хабарлауға міндетті.

Үрейді үдеткен қаңғыбас иттің көбеюіне де себеп көп секілді. Өйткені өңірімізде қараусыз қалған ит-мысықтарды есепке алу үшін арнайы уақытша ұстау орындары мен панажайлар салынбаған. Жауапты мамандардың айтуынша, осы жұмыстарды іске асыруға қала және аудан әкімдіктері тарапынан уақтыша ұстау орындары мен панажайлар салуға жер телімін бөліп, құрылысын жүргізуге қаржы қарастыруда.

Иесіз иттің мәселесі майшаммен қарайтын жағдайға жетті. Таныс-тамырының таланғанынан өзегі өртенгендерді көріп ахуалдың өзекті екенін мойындамасқа амал қалмайды. Қоғам қауіпсіздігін қаузағанда жасалынған әрекеттің нәтижесі нанымды болса дейсің. Негізі үлкендер балаға ит пен мысық жайында айтып, қадірін құлаққа құяды. Мысықты мыжғылап, итті тепкілемеу керегін түсіндіріп, обал-сауабы барын жеткізеді. Бірақ сол иттің балақтан тартып, аяқтан талағаны жаман. Сондықтан «кім кінәлі?» деп күмілжімей, әркім асыраған ит-мысығына жауапты болса бәрі оңалар.

Замира ҚОНЫСЖАН

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!