Отбасы — бар құндылықтың бастауы, адам бойындағы тәрбиенің негізгі ұйытқысы.

Біздің бүгінгі кейіпкеріміз ұзақ жылдар әскери азаматтың жары ғана емес, тілеуі, тірегі болған жан. Ол ерінің Отан алдындағы міндеті үшін отбасындағы балаларының жауапкершілігін өз мойнына алған қамқор ана. Ол әскери азаматтың қоғамдағы қалтқысыз қызметі үшін өзінің жастығы мен білім-білігін арнаған дана әйел. Ол салмақты саланың ауыры мен жеңілін тең қабылдап, шаңырағының шырайын келтірген ардақты да адал жар — Назерке Төлеуғазы.

Назерке Төлеуғазықызы Алтай бөктеріндегі Шығыс Қазақстан облысы, Үржар ауданы, Мақаншы ауылының тумасы. 2019 жылы Семей қаласындағы Қазақ инновациялық гуманитарлық заң университетін психология мамандығы бойынша тәмамдап, еңбек жолын дәл осы салада бастайды. Өзі запастағы офицер. Оның болмысы нәзік болса да, ерге бергісіз батылдығы, қайсарлығы бір төбе. Бала кезден отбасында темірдей тәртіп пен жауапкершілікті бойына сіңіріп өскен ол, өзі әскери салада қызмет етпесе де, сол саланың өкілімен тағдыр қосты. Ендеше, бүгінгі шығарылым ҚР ҰҚК Шекара қызметі Қызылорда облысы бойынша департаментінің «Төрешқұдық» шекара бөлімшесі бастығының адал жары Төлеуғазы Назерке Төлеуғазықызы жайлы болмақ.

Тіршіліктің тірегі — әйел-ана

Өмірлік жарымен кездейсоқ танысқан кейіпкерімізде алғашқыда әскери азаматпен көңіл қосамын деген ой болмаған көрінеді. Арқаның қызы Алатау бөктерінде таудай арманын арқалап, өз мамандығы бойынша қызметін атқарып жүреді. Алматы қаласындағы ерекше балаларға арналған оқыту орталығында психолог болып қызметін бастайды. Өзі жас, кеше ғана оқу бітірген сұлу қыздың көптің ішінен А.Қимадиевке көзі түсіп, көңілі ауады. Оның отаншылдық қасиеті, табандылығы, қызметке адалдығы мен азаматтығы жас қыздың жүрегінен орын алып, өзіне ғашық етеді. Алғашында жәй сыйластықтан басталған сезім, уақыт өте үлкен махаббатқа ұласқан. Бір-біріне риясыз сеніп, кіршіксіз сүйген қос ғашық осылайша шаңырақ көтеруге шешім қабылдайды. Ол туралы біз кейіпкердің өз аузынан сұрап білген болатынбыз.

– Сәлеметсіз бе, Назерке Төлеуғазықызы, бүгінгі сұхбатымызға келіскеніңіз үшін алғысым шексіз. Өзіңіздің тағылымды еңбек жолыңыз, қызметіңіз, отбасыңыз жайлы сөз тарқатсаңыз…

– Сәлеметсіз бе! Рақмет, мен үшін де ерекше сұхбат болмақ. Менің өмір жолым шекара қызметімен тығыз байланысты, бірақ мен әскери қызметкер емес, әскери қызметкердің әйелімін. Өздеріңіз білесіздер, әскери қызмет — асқан жауапкершілік пен үлкен төзімділікті қажет ететін сала. Тек сол салада қызмет атқаратын азаматтар үшін ғана емес, олардың отбасы мүшелері үшін де бірде ауыр, бірде жеңіл тұрмысқа бейімделуге тура келеді. Менің күйеуім әскери қызметте, ал мен педагогика және психология мамандығын 2019 жылы тәмамдадым. Қазір сол салада абыроймен қызмет атқарып келемін.

Тіршіліктің тірегі — әйел-ана

– Әскери қызметкер болмасаңыз да, шеніңіз бар. Сізді шекара қызметімен не байланыстырады?

– Менің шекара қызметімен байланысым — отбасымның әскери дәстүрлерінен бастау алады. Күйеуімнің әскери қызметте болуы мені осы салаға жақындата түсті. Отбасы мүшелерімнің әскери өмірі туралы әңгімелері мені қызықтырды, сондықтан бұл салаға тереңнен қарай бастадым. Алғашқы қызметімді ерекше балалармен бастасам да, кейін әскери сала өкілдерінің психологиясы, олардың жан күйзелістері, ішкі моральды-психологиялық құндылықтарын, өмір сүру салт-санасын зерттей бастадым. Бұл салаға бірден келе салған жоқпын. Үлкен ізденістің, ішкі дайындықтың әрі күйеуіме деген махаббатымның әсері үлкен болды десем қателеспеймін. Әрине, жас отбасы ретінде балалардың тәрбиесі өз мойнымда. Жолдасым әдетте қызметтен босамайды. Бұл салада жұмыс істеу әр адамның қолынан келмейтән нәрсе.

– Заставадағы өміріңіз туралы айтып берсеңіз. Күйеуіңіз әскери қызметте болған кезде қандай қиындықтармен бетпе-бет келдіңіз?

– Заставада өмір сүру — ерекше тәжірибе. Қиын әрі қызық. Күйеуімнің жұмысына байланысты жиі көшіп-қонып жүруге тура келеді, бұл кейде моральды тұрғыда шаршатады. Бір жердің адамдарына, өмір салтына бейімделіп қалған кезде, басқа жерге көшу, ол жақтың тұрмысын қайта меңгеру қиын.  Бірақ мен әрдайым оның жанында болып, қолдау көрсетуге тырысамын. Күйеуімнің қызметіне адалдығы, оның бойындағы ер азаматқа тән қасиеттер менің ол қиындықтарды жеңіл еңсеруіме күш береді. Мені үнемі қолдап, әрбір бастамама шабыт беріп отырады. Әйел үшін одан артық не қажет?!

– Отбасыңыз туралы да айта кетсеңіз. Тұңғышыңыздың дүниеге келуі мен екінші қызыңыз Фатиманың туылуы сіздің өміріңізге қандай өзгерістер әкелді?

– 62 тамырыңды идіріп өмірге сәби әкелу — әйел адамның ең үлкен бақыты болар?! Бала өмірге келген кезден бастап сендегі көзқарас, жауапкершілік бәрі-бәрі басқа арнаға бұрылады. Өзіңнен де артық жақсы көретін жаратылыс иесі үшін жаңа өмірің басталады. Біздің тұңғышымыздың өмірге келуі — өз өмірімізге үлкен өзгерістер әкелді. Есейтті. Енді ата-анамызға еркелей алмаймыз. Өзіміздің сәбиіміз бар. Үлкен махаббатпен келген тұңғышымыз біздің ең үлкен бақытымыз деп білеміз. Әлем халықтарын сергелдеңге салған пандемия кезінде отау құрдық. Оның өзін қазір еске алсақ, күліп отырамыз. Екінші қызымыз Фатиманың дүниеге келуі отбасымыздың бақытын еселей түсті. Әскери қызметкердің жары болу — үлкен жауапкершілік, бірақ мен үшін бұл — шынайы бақыт.

Тіршіліктің тірегі — әйел-ана

– Сіздердің отбасыңыздың бірлігі мен қолдауы өте маңызды екені көрініп тұр. Қандай құндылықтарды ұстанасыздар?

– Біз отбасымызда әрқашан бір-бірімізге қолдау көрсетуге тырысамыз. Махаббат, түсіністік және шыдамдылық — біздің басты құндылықтарымыз. Әскери өмірдің қиындықтарын бірге жеңу арқылы, біз бір-бірімізге жақындай түсеміз. Отбасы да бір мемлекет. Жарым — сол мемлекеттің тірегі болса, мен ұйытқысымын. Мемлекет алдындағы жауапкершілік қандай болса, отбасы алдындағы міндет те, махаббат та дәл сондай. Екеуін әрдайым тең ұстауға тырысамыз.

– Сіз талай қазақ әйеліне үлгісіз. Міне, көктемің ең шуақты мерекесі «8 наурыз — Халықаралық әйелдер күні де» жақындап қалды. Нәзікжандыларға айтар тілегіңіз болса…

– Әйел — тіршіліктің бастауы, өмірдің жалғасы. Қазақта мынадай сөз бар: «Жұмақ — ананың табанының астында» деген. Қанша мән жатыр, қанша ұлылық бар бұл сөзде. Біз ер азаматтарымыз үшін музамыз, балаларымыз үшін бар әлемнің өзіміз. Өмірдің өзегі біздің құшағымыздан таралады. Сондықтан, аяулы аналар, арулар, керемет мереке құтты болсын! Әрдайым шаңырақтың шаттығы, өмірдің мәні мен сәні болып жүре берейік. Әлем — бізбен әдемі.

– Сіздің өміріңіз бен отбасыңыздың тарихы шынайы шабыттандырады. Сұхбатыңыз үшін рақмет!

– Рақмет! Мен үшін де ерекше ашыла алған, ақтарыла сыр ашқан сұхбат болды. Көп рахмет!

Сая Тұрғанбай

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!