Тіс щеткасын расымен 3 ай сайын ауыстырасыз ба? Ал стоматологқа жылына кем дегенде 2 рет қаралу керек екенін білесіз бе?
Иә, тіс дәрігері десе көпшілік бірден қобалжиды. Тісі жанға батып ауырса да, емделуді кейінге қалдыратындар бар. Ал ауырмаса, мүлде қаралмаймыз.
Тіске күтім жасайтын кезде нені ескеру керек? Осы және өзге де маңызды сұрақтарға жауап табу үшін стоматолог-терапевт Аружан Төлеубаймен әңгімелестік. Ол − Қарағанды медицина университетінің түлегі, бүгінде «Elit Stom» клиникасында жұмыс істейді.
2 минут, 3 ай
Тісіміз таза, кариес болмаса дейміз, бірақ қарапайым, десе де маңызды қадамдарды ұмытып кетеміз. Ендеше маманның кеңесін түртіп алыңыз.
− Барлық аурудың алдын алудың бірінші қадамы – тісті дұрыс тазалау. Күніне екі рет, әрқайсысын кемінде 2 минуттан тазалаған жеткілікті. Жұмсақ қылшықты щетканы қолданыңыз. Ал тазалау барысында щетканы 45° бұрышпен қызыл иекке бағыттаған абзал. Тілді де ұмытпаңыз. Себебі бактерия көбіне тілде жиналады. Сонымен қатар щетканы әр 3 ай сайын жаңалау да маңызды рөл атқарады.
Келесі қадам – тамақтан кейін, әсіресе тәтті немесе қышқыл тағамнан кейін ауызды шаю. Тіпті тісіңіз ауырмаса да жылына 2 рет дәрігерге қаралу қажет. Ерте анықталған кариес жеңіл емделеді, − деп сөз бастады маман.
Ненің болса да, алдын алған дұрыс қой. Себебі бүгінде ересек түгілі, тісі сау бала да қалмай бара жатыр. Аружан Нартайқызының айтуынша, тамақтану әдеттері, дұрыс емес тіс гигиенасы, стресс сияқты факторлар тістің жиі ауруына әкеледі.
− Байқасаңыз, қазіргі рационда қант та, газдалған сусын да жиі кездеседі, яғни жылдам көмірсу басым. Қант ауыздағы бактериялар үшін «жанармай» сияқты. Соның нәтижесінде қышқыл түзіліп, эмаль бұзылады. Мысалы World Health Organization қантты тәуліктік калорияның 10%-нан аз тұтынуды ұсынады.
Мұнан бөлек, көп адам тіс жібін қолданбайды, щетканы уақытылы ауыстырмайды, сонымен бірге тісін толық 2 минут тазаламайды. Ал балаларда ата-ананың бақылауы жеткіліксіз болуы мүмкін.
Бағана айтып өткенімдей, қоғамда профилактика қалыптаспаған. Соның әсерінен кариесті асқындырып алады. Жастарда стресс басым, сәйкесінше иммунитет төмен. Бұл жалғаса берсе, сілекей азаяды және бруксизм көбейеді.
Мен айтқан ақпаратты біршама адамның білетініне сенімдімін. Ақпар бар, десе де әдетке айналдыратындар аз, − деп уайымын жеткізді Аружан Төлеубай.

Имплант орнатқаннан кейін…
Сұхбатқа бөлінген үзіліс барысында да кенеттен келген емделуші көп болды. Бірі «тісім неге ауырды» десе, енді бірі бағасын сұрап әлек. Осы жағдайды пайдаланып стоматологқа жиі қойылатын сұрақтардың тізімін біліп алдық.
«Ауырмай ма?». Дәрігердің айтуынша, дәл осы сұрақ жиі қойылады екен. Одан кейін «бұл тісті сақтап қалуға бола ма?», «неге тісім ауырады?» деген сауалмен келсе, жастарды көбіне тісті ағарту, брекет, пломба мен импланттың да қызмет ету мерзімі қызықтыратын көрінеді.
«Имплант жайлы айтып қалдыңыз. Оны салдырған адам қалай күтіну керек?» деген сауалға:
− Жұмсақ щетка, мұқият тазалау, тіс жібі, ирригатор. Имплант орнатқан адам дұрыс тазалауға мән беріп, осы заттармен дос болу керек. Кәсіби тазалауға да уақытылы келу қажет. Ал алғашқы күндері ыстық тамақ ішуге, қатты зат шайнауға, шылым шегуге болмайды, дәрігер жазған дәрілерді қабылдау керек, − деген жауап алдық.
Кейіпкер сөз арасында асқынған жағдайлармен жұмыс істеу ең қиын екенін айтты. Сонымен қатар жауапкершілік, үнемі даму, емделушінің психологиясымен жұмыс істеу де назарға алатын жағдай. Расымен, стоматолог психолог та болу керек. Себебі көп адам үшін стоматология – балалық шақтағы қорқынышпен байланысты. Ал Аружан Нартайқызы науқастардың қорқынышымен қалай жұмыс істейді?
− Әуелі сөйлесу. Емді бастамай тұрып науқастан не мазалайтынын, бұрын соңды сәтсіз тәжірибесі болған-болмағанын және неден қорқатынын анықтаймын. Әрі әр қадамды алдын ала түсіндіремін. Дауыс ырғағы мен атмосфера да әсер ететінін ескерген жөн.
Сабырлы сөйлеп, аяқ асты қозғалыс жасамай, орнымен әзірлеуге болады. Ал балалармен жұмыс істеу мүлде бөлек процесс. Бұл жерде барлық әдісті қолданып, келесіде емделуге қорықпай келуін қамтамасыз ету керек, − деді ол.

«Стоматологияның иісі ұнайды»
Кейіпкеріміз жас болса да, студент шағынан бастап тәжірибе жинаған. Алғашқы пациенті – топтасы екен. «Бір топта оқығаннан кейін бе екен, білмеймін, алғашқы емделушіні қабылдаған кезде ешқандай қорқыныш болмады. Бірақ жауапкершіліктің жүгін ұмытқан емеспін» деді Аружан. Ең қызығы, 2024 жылы жас дәрігердің қабылдауына әкесі келгенде, қатты қорқыныш пен қобалжу болған көрінеді.
− Екі жыл бұрын қабылдауыма әкем жазылып, тісін емдетті. Шынымды айтсам, қатты қобалжып, қорықтым. Бірақ қуанышымда да шек болмады. Себебі жақынымның денсаулығының жақсаруына себепші болғаныма қуандым. Ал былтыр 86 жастағы әжеме стоматологиялық қызмет көрсеттім. Сол қызметімді әжем әлі күнге дейін мақтанып айтып жүреді. Ол да мен үшін үлкен бақыт, − дей келе дәрігер жылы естелігімен бөлісті.
Сол естелікпен қатар бала Аружанның арманы жайында да қысқаша айтып берді.
− Негізі бала кезімнен полиция қызметкері болуды армандайтынмын. Алайда ата-анам бұл таңдауыма қарсы болды. Сөйтіп, өмір жолым мені екінші таңдауыма, яғни стоматология саласына алып келді. Шынымды айтсам, бұл мамандық та маған жат емес еді. Бала күннен осы саланың жұмысы, өзіндік атмосферасы, тіпті емхананың ерекше иісіне дейін ұнайтын.
Полиция қызметкері де, тіс дәрігері де адам өмірімен тікелей байланысты мамандықтар. Бірі қауіпсіздікті қорғаса, бірі денсаулықты сақтайды. Екеуінің де жауапкершілігі зор, маңызы үлкен, − деп түйіндеді дәрігер.
8 наурыз – халықаралық әйелдер күні қарсаңында кейіпкеріміз Аружан Төлеубай сияқты нәзік жандардың кәсібилігі мен табандылығын ерекше атап өткен жөн. Ол тек дәрігер емес, емделушінің сенімін оята білетін жан, отбасының мақтанышы, қоғамға пайдасын тигізіп жүрген білікті маман. Денсаулық сақшысы атанып жүрген осындай жандардың еңбегі әрдайым құрметке лайық.
Ә.ЖАНӘБІЛҚЫЗЫ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!