Алматы полициясы танымал әнші Төреғали Төреәлінің есірткіге мас күйінге ұсталғанын мәлімдеді.  Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Алматы қалалық полиция басқармасының хабарлауынша, әнші полиция талабына бағынбай, қашып кетпек болған. Оның үстіне есірткі тұтынып көлік жүргізген. Бұл медициналық сараптама нәтижесінде расталды.

“14 маусым Майлин көшесінің бойында, солтүстік бағытта, жергілікті полиция қызметінің мамандандырылған батальонының экипажы 1992 жылы туған А. есімді (Төреғалидің тегі Алиханов – автор) азаматтың басқаруындағы Lexus автокөлігін тоқтатқанын хабарлайды.

Жүргізушінің мінез-құлқы өрескел болып көрінді: ол агрессивті болды, полицияның заңды талаптарына бағынбады, тұрақта тұрған Chevrolet көлігіне зақым келтіріп, ұсталған орнынан қашып кетпек болды.

Құқық бұзушының жолы бұғатталды. Патрульдік полиция қызметкерлері оны ұстап, медициналық тексеруге алып барды. Сараптама нәтижесінде А. есімді азаматтың есірткіге мас екендігі белгілі болды”, – делінген хабарламада. 

Нәтижесінде Төреғалидің үстінен 6 хаттама толтырылыпты. Көлік айып тұрағына қойылды. Ал шешім қабылдау үшін материалдар сотқа жіберілген.

“Оған қатысты бірнеше бап, атап айтқанда ҚР ӘҚбК-нің 608-бабы 3-бөлігі, ҚР ӘҚбК-нің 613-бабы 1-бөлігі, ҚР ӘҚбК-нің 599-бабы 1-бөлігі, ҚР ӘҚбК-нің 596-бабы 3-бөлігі, ҚР ӘҚбК-нің 600-бабы 1-бөлігі және ҚР ӘҚбК-нің 230-бабы 2-бөлігі бойынша хаттамалар толтырылды”- , делінген хабарламада. 

Айта кетсек, бұған дейін желіде тараған бейнежазбадан әншіні жол бойында бірнеше полиция қызметкері жабылып ұстап жатқанын байқауға болады. Оқиға Алматы көшелерінің бірінде болған.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!