Қазіргі заманда блогер деген ұғым ересектерге ғана тән емес. Бірақ бұл үрдіс көп жағдайда ойын-сауық пен жеңіл контент аясынан аспай жатады. Саналы смартфон мен сан қырлы платформалар дәуірінде бала да ой айта алады, әсер ете алады, тіпті үлгі бола алады. Соның жарқын мысалы – небәрі 4 жастағы Медина Русланбек. Ол бүгінде әлеуметтік желідегі парақшасында денсаулық тақырыбында мазмұнды посттар жариялап, 50 мыңнан астам көрерменнің ықыласына бөленіп үлгерді.
Медина – жай ғана видео түсіріп жүрген бүлдіршін емес. Ол ойын мен ойды, балалық пен жауапкершілікті қатар алып жүрген ерекше балақай. Оның блогы кішкентай жүректен шыққан үлкен ниеттің көрінісі іспетті. Ал осы жолда оған бағыт-бағдар беріп, қолдау көрсетіп отырған анасы мен әжесі Мединаға үміт артады.
Бала психологиясын зерттеген мамандардың айтуынша, ерте жастан қызығушылығы оянған бала өз қабілетін тезірек таниды. Бірақ бұл үдеріс міндеттеу арқылы емес, еркіндік арқылы жүзеге асуы тиіс. Мединаның жағдайында дәл осы қағида сақталғаныбайқалады. Ол блог жүргізуді міндет ретінде емес, күнделікті ойынының бір бөлігі ретінде қабылдайды.
Мақала жазу барысында Мединамен тілдестік. Бүлдіршінге сұрақ қойып, арманын сұрадық.

– Мен өскенде дәрігер болғым келеді, бұл мамандық маған ұнайды! – дейді кішкентай кейіпкеріміз балаға тән шынайылықпен.
Бұл арман төрт жастағы бала үшін тым ерте көрінсе де, оның көзіндегі ұшқын, сөзіндегі сенім бұл арманның жай қиял емес екенін аңғартқандай. Ол дәрігерлерді қызыға бақылап, ине салу сияқты қарапайым процестерді ойын арқылы үйренуге тырысады. Ақ халат ол үшін тек киім емес, адамдарға көмектесудің символы.
БҰЛАҚ КӨРСЕҢ, КӨЗІН АШ
Көп адам үшін камера тосқауыл. Ал кішкентай Медина үшін ол – дос. Ол объективтен қысылмайды, ойын еркін жеткізеді. Мұның сыры неде?
– Мен балама ешқашан шектеу қойған емеспін. Еркін ойнауына, еркін сөйлеуіне мүмкіндік бердім. Камера алдында сөйлеуге ешқашан мәжбүрлеген емеспіз, ойын ретінде үйреттік. Ол өзі қалайды, өзі істейді, – дейді анасы Айгүл Рай.
Баланың табиғи қабілетін тұншықтырмай, керісінше, оны дамыту – ананың басты ұстанымы. Осы еркіндік Мединаға батылдық сыйлады. Бүгінде ол түрлі сахнада, телеарнада өзін сенімді ұстай алады.
Медина қазірдің өзінде жетістікке жетіп үлгерді. Сыр елінің «Жыл блогері – 2025» атанып, республикалық телеарналарға шықты, «Балапан» арнасының қонағы болды. Алматыда түсірілген бейнебаянда басты рөлде ойнады. Ал келесі жылы киноға түсуді жоспарлап отыр.
Бұл жетістіктердің артында ананың еңбегі, төзімі және сенімі жатыр. Айгүл Серікбайқызы кейде сын да, ескерту де болатынын жасырмайды.

– Ата-ана баласын жамандықтан қорғаймын деп жүріп, оның мүмкіндігінен қоршап қоятынын өзі де аңғармай қалады. «Көз тиеді», «ерте жарқырама», «уақыты келген соң» деген сөздер ниет жағынан дұрыс болғанымен, нәтиже жағынан баланың табиғи қабілетінің тұншығуына әкеліп жатады. Бұл қазіргі уақытта көп ата-ананың байқамай жасайтын ең үлкен ағаттығы.
Тағы бір атап өтетін жайт, ата-аналар баланың қабілетін өз амбициясымен шатастырып жатады. Кейде ата-ана баланың емес, өзінің орындалмаған арманын алға сүйрейді. Бала өзін емес, ата-ананың үрейін немесе арманының салмағын арқалап өседі. Ал мен Медина қызымның арманына қанат бітіріп, қабілетін дамытуға күш сала беремін, – дейді ол.
Мединаның тәрбиесіне ерекше мән беріп, оның блогерлік мансабын қолдап жүрген жандардың бірі – әжесі Шынар Ерманова. Ол немересінің ашық, көпшіл болғанын құптайды.
– Бала өз ойын еркін айтқаны жақсы. Бұл мінезіне кері әсер етпейді. Қазіргі заманда интернет те керек, бірақ ең бастысы – отбасындағы тәрбие, – дейді әжесі.
Шынында да, интернет жай құрал ғана. Ал баланың ішкі өзегі, адамгершілігі, мәдениеті отбасында қалыптасады. Медина осы екі тәрбиені қатар алып келе жатыр деп ауыз толтырып айтуға толық негіз бар.

Кішкентай кейіпкеріміздің бейнесі бүгінгі қоғамға маңызды ой салады. Балаға ерте жастан мүмкіндік беру – оны өмір бәйгесіне зорлықпен қосу емес, керісінше, ішкі әлеуетін табиғи жолмен ашу. Мединаға блог жүргізу ауыр жүк емес, қуаныш. Ол камераны ойыншықтай көреді, ал айтқан ойы мен контенті көрерменге өтімді, жасандылықтан ада.
Қазір көптеген ата-ана баласының қабілетін байқаса да, оны қалай дамыту керегін білмей, шектен тыс сақтыққа немесе орынсыз талапқа бой алдырады. Мұндай жағдайда бала не өз дарынынан алыстайды, не өзін табуда қиналады. Ал Медина сәби болса да қызығушылығы мен қабілетінің арқасында өзіндік жолын тапқан секілді. Әрине, бұл уақыт еншісінде қалатын сауал…
Медина секілді балалар – бүгінгі цифрлы дәуірдің жаңа бейнесі. Жас дәрігер Медина бізге бір дүниені дәлелдейді: баланың жасына емес, мүмкіндігіне қарау керек. Егер сенім мен қолдау болса, төрт жастағы бала да қоғамға ой сала алады.
Нұршат НЫШАНОВА
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!