Гаухар Танашева «Отбасылық капитал» бағдарламасын іске асыру туралы бастама көтерді.

Мәжіліс депутаты Гаухар Танашева төртінші баласы дүниеге келген отбасыларға 2 млн 300 мың теңге беру (біржолғы төлем) бастамасын көтерді, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Депутат елімізде 550 мың көпбалалы және ерекше балаларды тәрбиелеп отырған 107 мың отбасы барын айтты.

Демографияны көтеріп жатқан көпбалалы отбасылардың біразы кедейшілікте өмір сүріп жатыр. Қазақстан тәуелсіздік алғаннан бері халық саны 20 миллионға, яғни 32 жыл ішінде 4 млн адамға ғана көбейді, – деді Гауһар Танашева Үкімет басшысының атына жолдаған депутаттық сауалында.

Депутат отбасыларға қаржылық қолдау көрсету жағынан Ресей мен Беларусьтен үлгі алуға шақырды.

«Мысалы, Ресейде 2007 жылдан бастап жұмыс істей бастаған «Аналық капитал» бағдарламасы бар. Осы бағдарламаға сәйкес, бала туған кезде отбасы 587 мың рубль (3 млн теңге) көмек алады. Беларусь елінде 2015 жылдан бастап енгізілген «Отбасылық капитал» бағдарламасы бойынша үш немесе одан көп бала туған, асырап алған кезде отбасыларға 10 мың доллар (4 млн 650 мың теңге) біржолғы қолма-қол қаражат беріледі.

Мұндай бастаманы енгізу Беларусь пен Ресейдегі отбасыларға қолдау көрсетіп қана қоймай, осы елдердегі туу көрсеткіштерін арттыруға мүмкіндік берді. Отбасылар бағдарламаның қаражатын тұрмыстық жағдайларын жақсартуға және басқа қажеттіліктеріне жұмсады.

Біздің ойымызша, бұл механизм тиімді және іс жүзінде нәтижесін көрсетті. Бірақ мұндай жүйені енгізу мүмкіндігі басқа елдердің оң тәжірибесіне қарамастан Қазақстанда әлі қарастырылмаған», – деді депутат.

Осыған байланысты Гаухар Танашева төртінші баласы дүниеге келген отбасыларға 2,3 млн теңгеден беру бастамасын көтерді.

Қазақстан Халық партиясы фракциясының депутаттары отбасында төртінші бала дүниеге келгенде немесе отбасыда ерекше бала болса 5 000 доллар (2 млн 300 мың теңге) мөлшерінде «Отбасылық капитал» бағдарламасын іске қосуды ұсынады, – деді депутат.

Бағдарлама аясында қаржы үш бағытта жұмсалады.

Біріншіден, үйсіз жүрген отбасыларымыз баспаналы болу мүмкіндігі пайда болады. Екіншіден, білім ала алмай жүрген көпбалалы отбасынан шыққан балалардың арманы орындалады. Үшіншіден, бұл қаражатты балаларының денсаулығын жақсартуға қолдана алады.

«Отбасылық капитал» сияқты мемлекеттік қолдаудың мұндай жүйесін енгізу елімізде халық санын айтарлықтай арттырады және қиын жағдайға тап болған отбасыларға қай жағынан болса да нақты көмек болады.

Мемлекетіміздің міндеті –  әр қазақстандықтың лайықты өмірін қамтамассыз ету, – деп сөзін түйіндеді Гаухар Танашева.

Бұған дейін депутат көпбалалы аналарға жаңа медаль тағайындап, көлік алуға көмектесуді сұраған еді.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!