Бүгінгі күн – ертеңгі тарих. Бүгінгі жасаған қадамдарымыз бен мақсат­та­рымыз болашағымызбен тығыз байланысты. Кемел келешекке ұмты­лыспен тарих бетіне із қалдыру ұрпаққа өнеге берумен тең. «Армансыз адам қанатсыз құс» дегендей, әрбір адам балалықпен қиял әлеміне бір емес бірнеше рет бет бұрып, саяхаттайтыны анық. Осындай тәтті әлемнің бір аралында мекендеп қалған бала күнгі арманым бүгінде мақсат пен жоспарға, шындыққа айналды.

Ия, көпке таңсық бұл арал менің жай ғана қиялым еді. Өзім құрған ғажайып  әлем менің жан-дүниемнің көрінісі болатын. Бөлмемнің төрінде тұрған «Арман картасы» көптің назарын өзіне аударумен болды. Теледидардан хабарламаларды көргенде, көз жұмып тележүргізушінің орнында өзімді елестетіп, ақ парақ бетіне сол сәттің суретін салатынмын. Осындай ғажап қиялдың шеңберінде бүгінгі таңда сол мамандықта дәріс алудамын. Мендегі жүрек пен сананың қалауы – журналистика.

Журналист – қоғамның қозғаушы күші, ақпарат ағынының бастауы, халық жанашыры. Осындай жауапкершілік жүгі мол саланы меңгеру үшін батырлық та, батылдық та керек. «Журналистиканың қай саласын таңдауға болады? Ертең жұмыссыз қалмаймын ба? Біздің нарықта журналист мамандығына сұраныс қаншалықты?» деп сұрайды көбісі. Ал кейбір түлектер «Менің арманым – диктор болу» дейді. Мені осы жағдай алаңдатады. Диктор болу деген – «дайын асқа тік қасық болу» емес пе?! Менің жастарға әрдайым айтарым – дикторлық, тележүргізушілік уақытша ғана.

Заманның талабы сол – қазіргі нарыққа редактор-жүргізушілер керек. Яғни, эфирге шыққан кезде тек дайын мәтінді оқып қоймай, сол журналистің мәтінін әрі қарай дамытып, түзеп, ой қосып, халыққа сенімді түрде нықтап жеткізуді ойласа деймін. Тележурналистиканың барлық баспалдағынан өткен кезде сен нағыз маманға айналасың. Нағыз маманға айналған кезде халық мойындайды.Әмбебап болу – қоғам талабы. Бүгінгі журналист жүргізуші, редактор, монтаж маманы, керек кезде режиссер, тіпті, таспагер де болу керек!» дейді журналист Мейіржан Әлібекұлы. Яғни, сөз еркіндігі орнаған қазіргі қоғамда журналист әмбебап болуға міндетті.

«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі» деген ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы. Бұған бірден бір дәлел елімізде орын алған қаралы қаңтар оқиғасы кезіндегі БАҚ ештеңеге қарамастан, қиындыққа төтеп беріп, үрейлерін жеңіп, халыққа жаңалықтарды, дұрыс ақпаратты дер кезінде жеткізуге тырысты.

Бір ауыз сөз қасіретті тияды,

Бір ауыз сөз айықпас дерт

жияды.

Бір ауыз сөз əлемге əйгі

 еткізсе,

Бір ауыз сөз жаман атқа қияды.

Бір ауыз сөз жан тетігін

табады,

Бір ауыз сөз мың

əуреге салады.

Қимас жандар көз

жұмарда қоштасып,

Бір-ақ ауыз сөз айтысып қалады! – деп Роман Бұрқаш айтқандай бір ауыз сөздің құдыреті бүкіл ғұмырға татитын болса, журналистің ақпаратты сапалы, дұрыс, жылдам жеткізе білуі де осындай маңызға ие. Себебі «төртінші билік» саналатын ақпарат саласының негізгі кейіпкерлері журналистиканың тізгінін ұстағандар ғой…

Ақмарал САРТОВА

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!