Шырпы басын сындырып көрмегеннің шоқпарды белге байлап, көтере алуы да екіталай. Мұндайда, қызметтің көш басында тұрған нәзікжандыларға риза боласың. Соның бірі – ҚАЖ департаментіне қарасты №68 мекемесінің арнайы есепке алу бөлімінің бастығы әділет капитаны Мерей Табылғанова.

Оның мансаптық жолының әр бұралаңында үздіксіз ізденісі мен маңдай тері жатыр. 2016 жылы бақылаушы болып қызметке кіріп, қазір тұтас бөлімнің жұмысын ұршықша иіріп отырғаны соның айқын көрінісі. 2017 жылы есеп технигі ретінде еңбек етуі – кәсіби ширауы мен шиеленісте шешім қабылдай алуға, құжаттаманың қыр-сырын меңгеруге мүмкіндік берген. Мұның бәрі қол сілтеп кетпей, уақыт сынына төтеп берген табандылықтың өтеуі.

Мерей Елубекқызы марапат мінберінен де жиі көрінеді. Бұл – өлшеусіз еңбегі оң бағаланғанының белгісі. Мәртебелі мамандықтың иесі ретінде жауапкершілікті жоғары қоятыны содан.

– Өткенге көз тастасам, жылдар мен жолдар әр қадамымды еске салады. Алынған сабақ пен жеткен белестер – кәсіби және жеке дамуыма серік болды. Еңбекпен келген нанның тәтті болатыны секілді, абыроймен жеткен шен де қадірлі. Ал, соған мастанбай, қиындықта жасқанбай әрекет ету – мендегі басты ұстаным. Жігерім мені жасытпайтыны анық, – дейді ол.

Қызметтен қол босамайтын адам үшін демалыс ауадай қажет. Мерей Табылғанова да оңашада ой бағып, бой жазып жүргенді ұнатады. Айтуы бойынша, мұндай серуен қызметке жаңа күшпен оралуға ықпал етеді.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!