Қазақ үшін той − елді біріктіретін ортақ қуаныштың белгісі еді. Алайда кейінгі жылдары бұл ұғым өзгеріп бара жатқандай. Өкінішке қарай, той жарыс алаңына айналды.

Әлеуметтік желіге бір рет көз жүгіртсек жеткілікті. Цифрлы алаңда қазақ тойларының ерекше һәм қызық сәттері күн сайын тарап жатыр. Бірі мейрамхананың ортасына lamborghini мініп келсе, келесі видеода күйеу жігіттің сахнаға лифтпен көтерілгенін көрдік. Иә, мұның бәрі есте қалу үшін жасалады. Бірақ біреудің есінде қаламын деп жүргенде қалтаға түсетін жүктің салмағы көбеймей ме?

Қазіргі орташа қазақ тойының шығыны 5-6 миллион теңгеден кем түспейді. Мұның өзінде аса сән-салтанатсыз, орта деңгейдегі той жасалады. Мысалы 200 адам шақырылған тойды алайық. Елдегі мейраханаларда бір қонақтың орны шамамен 15 000 теңге тұрады. Бұл − тек ас-суы. Ал залдың безендірілуі бөлек төленеді.

Ұзату тойына келсек, мұнда да шығын аз емес. Сырға салу рәсімінің өзі шамамен 150 мың теңгеге шығады. Қалыңдықтың көйлегі мен қыз жолдастарымен бірге жалға алынатын киімдерге 90 мың теңге, аяқ киімге 30-50 мың теңге жұмсалады. Жалпы ұзату мен дайындыққа тек киім-кешек пен ұсақ-түйекке шамамен бір жарым миллион теңге кетеді. Бұған сыйлықтар мен қосымша шығындар кірмейді.

Ал негізгі үйлену тойында қалыңдықтың той көйлегі орта есеппен 200-300 мың теңге тұрады. Тойдан кейінгі жастардың басқосуы тағы бар. Оның өзіне де жоқ дегенде 500 мың теңге жұмсалады.

Сұлулық салондарының прайсы да бөлек әңгіме. Кұнделікті тойға жасатып жүрген оң мың теңгелік макияж, қалыңдыққа келгенде 20-30 мыңға бағаланады, шаш үлгісінің де бағасы шарықтап кетеді. Ол да тізімге енбеген, бірақ қалтаңды шетінен тырмалайтын көк шығын.

Мейлі, қолдағы қаражатың жетсе, аспанда ұшып-ақ той жаса. Десе де біздегі «жұрттан қалмаймын» деген ой той иелерін несиеге белшесінен батырып жатыр.

Қыста үлкен экранға жол тартқан «Ауру» фильмі есіңізде болар. Осы кинода да несиеге жасалған тойдың салдарынан, жас отбасының өмірін тұйыққа тірегені, қуаныштың бір сәт, ал салдарының ұзаққа созылатынын ашық көрсетті.

Бұрын тойдың мәні батада, тілек пен бірлікте, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету еді. Қазір сол құндылықтардың орнын сахналық эффект, жасанды эмоция, көзге ұрған салтанат басып барады. Қымбат той − бақыттың кепілі емес, десе де бүгінде адамның бақытын тойдың деңгейі арқылы өлшеп жатқандай.

Қуаныш жарысқа айналмауы керек. Той − бір күндік даңқ емес, ұзақ өмірге бастар жолдың басы екенін ұмытпайық. Егер сол жол қарыздан, күйзелістен, жалған бәсекеден басталса, оның салдары да ауыр болары анық.

Камилла САҒЫНДЫҚОВА,
Қорқыт ата атындағы
Қызылорда университетінің
студенті

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!