Мәжіліс депутаты Абзал Құспан журналистке берген сұхбатында тоқал алуды заңдастыру керегін айтты, деп хабарлайды «Адырна» ұлттық порталы.

Ол Ербол Сейілханға берген сұхбатында қазіргі қоғамда бұл құбылысқа тыйым салынғанымен, екінші әйел алу, үйлену сынды әрекеттер қоғамда кеңінен кездесіп жатқанын жазды. Ол бұл мәселені заңмен реттеу керегін жайып салды.

«Тоқал алуға мен қарсы болды екен деп, сіз қарсы болды екен деп, заңды тыйым бар екен деп тоқтап жатқан адам жоқ. Сондықтан бұны заңдастыру керек деп есептеймін. Тоқалдықты заңмен реттеу қажет. Әуелі қоғамның талқысына салу керек, одан кейін біз заңгерлер оның механизмін, жүйесін әзірлейміз», – деді Абзал Құспан.

Сондай-ақ, депутат әйел құқығын қорғаушылардың бұл тақырыптағы ұстанымын сынға алды.

«Бізде әйел құқығын қорғаушылар көп. Дәл осы мәселеге келген кезде олардың позициясы өзгере шығады. Содан-ақ олардың артында тұрған топтардың батыстық құқық ұйымдарымен байланысты екенін сезіп қоямын. Ол салада көп жүрдім. Олардың мәлімдемесінен-ақ, желдің қай жақтан соғып тұрғанын байқап отырамын», – деді ол.

Айта кетейік, Абзал Құспанның бұл пікірі әлеуметтік желіде қызу талқыланып, қоғамда әртүрлі көзқарас туғызды.

Ал желіде актер Нұрсұлтан Жақсыген мен Тұрсынбек Қабатов сыналуда.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!