Жастардың бүгінгі сөз саптауы көбімізге түсініксіз, себебі заманына сай олардың ойлау қабілеттері ерекше. Байырғы кездегідей әдеби сөйлеп, құлақтың құрышын қандыратын қанатты сөздерге бай жас ұрпақты сирек кездестіреміз. Ол бір жағынан өкінішті, ал басқа қырынан қарасақ уақыт талабына сай. Жаңашыл жастың заманауи деп отырғаны, өзге тілді ана тілімен араластыра отыра, қатарластарымен терезе түйістіру. Ал тіл тазалығының хәлі не болмақ?
Жастар тілді құрмейттей ме?
Иә, бүгінде әлеуметтік желінің белсенді қолданушылары деп жастарды атасақ қателеспейміз. Ал жастар – қоғамның маңызды бөлігі. Ертеңімізді жалғастыратын «күш» десек болады. Десек те олар ұлттық құндылығы жоғары тілді құрметтеп жүр ме? Өзекті мәселе осы.
Қазақ тілінде қате айтылып жүрген бірнеше сөз бар. Мәселен, «күйеу» сөзін бұрмалап жазып жүргендер көп. «Күеу», «киеу», тіпті естіген құлаққа күлкілі нұсқадағы жазбалар әлеуметтік желілерде таралып жүр. Өкінішке қарай, «ренжу», «қиын», «қояйын» секілді қарапайым сөздерін жазғанда да ағаттық жіберетіндердің саны аз емес.
«Заманауи» сөздік
Сіздерге қолданысқа еніп кеткен ғаламтор сөздігін ұсынайық. Олардың көбі шетел тілінен аударылмай, тура айтылуы бойынша ауызекі әдебиеттің лексиконын толықтырып тұр. Алдымен шетел сөздеріне шолу жасасақ.
«Трэш» (ағылшынша «trash») – тікелей аудармасы «қоқыс» дегенді білдіретін бұл сөз күнделікті өмірде мүлде өзге мағынада қолданылып жүр. Әдетте бұл сөз таңғаларлық немесе күтпеген оқиға орын алғанда пайдаланылады, негативті ұғымды білдіреді.
«Краш немесе крашиха» (ағылшынша «crush») – қолданыстағы мәні «сымбатты, келбетті» дегенді білдірсе, жалпы аудармасы «сындыру, апат». Бұл сөз адамның түріне сипаттама беру үшін ауызекі әдебиетте жиі кездеседі.
«Пикми» (ағылшынша «pick me») – тура мағынасында «мені таңда» дегенді білдіретін бұл сөз жастар арасында күлкілі мағынада қолданылады. Жалпы айтқанда «еркелеу, балаша сөйлеу» деген ұғымда пайдаланылады.
«Кринж» (ағылшынша «cringe») – ұят дегенді білдіретін бұл сөз ыңғайсыз жағдайға түскен адамның көңіл-күйін сипаттайды. «Tiktok» әлеуметтік желі платформасында ол сөз кеңінен қолданысқа еніп, еліміздің кез келген өңірінде айрықша танымал десек болады. Бұдан бөлек «имба», «ROFL», «hate», «toxic», «abuse», «death inside», «chill», «vibe», «fail» және тағы да бірнеше шетел тілінен енген сөздер тізбегі бұл қатарды жалғастыра алады. Тіпті қазақ тілі де бұрмаланып, мағынасыз сөз тізбектері санамызды улады.
«Заманаули» – Tiktok әлеуметтік желісінде «хит» болған сөз Ақмаржан есімді платформа қолданушысының арқасында көпке танылды. Қазақ тілінде бұрмаланған бұл сөзді кейбір жан дұрыс деп ойлап та жүрген көрінеді. Алайда қатесіз нұсқасы «заманауи» екенін біліп жүріңіз.
«Шәтелесу» – сөйлеуден жаңылып жүрген жандардың «қателесу, ағаттық жасау» деген сөзін қате өзгертуден туындаған тағы да бір трендтегі ұғым. «Айландырып» – дұрыс мағынасында «айналдырып» дегенді білдіреді.
Аймақтағы тіл ахуалы қандай?
Ел көлемінде қазақшаны жетік білетін облыстар қатарында Қызылорда көш басында тұр. Бұл деректі ешкім жоққа шығармас, себебі бұл көзге көрініп тұрған шындық. Дегенмен тілді білсек те, жіберіп жүрген қателіктердің көптігін жасыра алмаймыз. Өңірдегі қазақ тіліне қатысты мәселені білу үшін қазақ тілі және әдебиет пәнінің мұғалімі, тіл маманы, филология ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Болат Боранбаймен тілдескен едік.
– Ахмет Байтұрынов араб қаріпімен қазақ әліпбиін құрау барысында ең алғаш «қазақ тілінде неше дыбыс бар?» мәселесін көтерді. Ол 9 дауысты дыбыс, 17-19 дауыссыз, яғни барлығы 28 дыбыс. Оның ішінде «а», «ә», «ы», «і», «ұ», «ү», «о», «ө» әріптеріне бір-бір таңбадан берді, олардың жуан-жіңішкелігін дәйекшелер арқылы ажырататты. Бұдан туатын қорытынды, қазақтар бұрын сөзді қалай естісе, солай жазатын еді. Ал әріп пен жазу – сөйлеуге ықпал ететін маңызды құндылықтар екенін білгеніміз жөн.
Мемлекеттік тіл мәселесіне тоқталалатын болсақ, көбіне әлеуметтік желіде көтеріліп жүрген тақырыптарға ойысып кете береміз. Яғни орысша сөйлеу, қазақ тілінің мәртебесі деген секілді ойларды алға тартамыз. Сыр өңірінде қазақша сөйлеуге қатысты мәселе жоқ, алайда қалай сөйлеуге қатысты «әттеген-ай» дейтін кезіміз аз емес. Мәселен, сөйлемді дұрыс құрау, дұрыс оқу мен жазуға қатысты кемшін тұстар бар. Қазіргі қазақ тілінде көп кездесетін мәселе – жазылу мен айтылым арасындағы алшақтық. Бұл түйткілді шешу үшін 42 әріпті 28 әріпке дейін азайту керек.
Сондай-ақ мәдени-рухани дамуды қалыптастыру маңызды. Ол үшін кітап оқып, қазақ әдебиетіндегі беткеұстар туындыларды әрбір жас жіті білсе екен деймін. Театр өнері мен қазақтың дәстүрлі өнеріне бет бұруға да тырысқанымыз жөн. Өзге тілден қолданысқа енген сөздерді барынша қазақша аударып, тілге деген немқұрайлылықты жою керек, – дейді тіл маманы Болат Боранбай.
«Тәрбие – тал бесіктен»
Жоғарыда көрсеткен сөздер қате айтылып жүргендерінің тек бір бөлігі ғана. Алайда біз білмейтіні қаншама? Әрине, өзге тілді білу және оны күнделікті өмірде қолдану – талант. Алайда енді ғана тіл бітіп келе жатқан сәбилердің сөйлеуіне бұл кері әсерін тигізіп отырғанын жасыруға болмайды.
– Заманауи гаджеттер жоқ кезде, балалар жалаң аяқ топырақ басып, ағашқа өрмелеп көп ойнайтын. Ал қазір ата-ана баланы төрт қабырғаның ішінде қамап ұстайды, үйдегі заттарды көруге қызығушылық танытса, «шашуға немесе шулауға болмайды» деп қолынан бәрін тартып алып, баланы теледидардың алдына отырғызып қояды. Балаға шамадан тыс шектеу қойылғандықтан, оның дамуы кешігеді. Егер отбасы көпқабатты тұрғын үйде тұратын болса, ата-анасы бос уақытында баланың ұсақ және ірі маторикасын дамытуға тырысуы қажет. Тіпті мүлде мүмкіндік болмаса, қарапайым макаронды майдалап, оны саусақ, алақанына тигізуі қажет. Сөйлемейтін баланың сөздері оның саусақтарының ұшында тұрады. Сондықтан баланың саусақтарын уқалап тұру керек, – дейді логопед-дефектолог Меруерт Баймұратқызы.
Қазір баланың тәрбиесіне аса мән беру керек. Кезінде әлі жетілмеген сәбидің қолына гаджет ұстатып, есейгенде ол баладан маңызды дүниені талап ету нағыз көзбояушылық деп есептемейсіз бе? «Бала шуламасын» деп мультфильм қосып, қонақ келгенде «жағаласпасын» деп ұялы телефонды қолына ұстатып, «қатарынан қалмасын» деп ноутбукты да алып беретін өзіміз. Нәтижесінде «рухани кедей» тұлғаны қолдан жасайды екенбіз. Күндіз-түні гаджетке телмірген баланың рухани дамуы былай тұрсын, қайбір денсаулығы, ойлау қабілеті мен миының жұмысы мықты болсын?! Гаджет бұрын бейтаныс, қолжетімсіз еді. Ол кездегі балалар да ойынқұмар, шымыр болатын. Ал қазіргі жасөспірімді үйден шығару да мәселе.
«Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте»
Сөйлеу мәдениеті дұрыс қалыптаспаған жеткіншектердің коммуникациядағы қабілеті төмен болады. Ал бұл оның тұлғаның дамуындағы маңызды аспектілердің бірі. Сондай-ақ тіл тазалығы кез келген ортада жоғары бағаланатын дүние. Халық қаһарманы Бауыржан Момышұлының «Тіл дегеніміз – қай халықтың болмасын кешегі, бүгінгі ғана тағдыры емес, бүрсігүнгі де тағдыры» демекші, тіл тазалығы ұлт келешегіне тұтастай ықпал етеді. Мемлекеттік тілдің сөзін сөйлеп, оның абыройын асқақтату туралы ұрандата беруге болады. Алайда өзіміз болып өрескел қателіктерге жол бермеуіміз керек.
Сауаттылық пен тілдік мәдениет – адамның тұлғалық және кәсіби дамуының ажырамас бөлігі. Ол тек білім көрсеткіші емес, сонымен бірге адамның ішкі тәртібі мен өзін- өзі дамытуға деген ұмтылысының белгісі. Сол себепті сауаттылықты үнемі арттырып, тілдік тазалықты сақтағанымыз абзал. Себебі бұл жердегі әңгіме тек тұлғалық дамуды ғана емес, сонымен қатар тұтас елдің тарихы мен ұлттық құндылықтарын қамтиды.
Нұршат НЫШАНОВА
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!