Аяқ киім – адамның күнделікті тіршілігінің бір бөлшегі ғана емес, оның талғамын, әлеуметтік жағдайын білдіретін маңызды бұйым. Біз кейде «Дұшпан аяққа қарайды» дегенді естен шығарамыз. Уақыт өте келе кез келген аяқ киім тозады, тігілген жіптері сөгілсе, табаны тесіліп, киюге жарамсыз болып қалады. Дегенмен дәл осы сәтте көмекке келетін, бірақ көпшіліктің назарынан тыс қалып жүрген мамандық иелері бар. Олар – аяқ киім жөндеушілері.
Қаланың кез келген бұрышынан көзге түсетін шағын шеберханаларда аяқ киімге жаңа өмір сыйлайтын шеберлер отырады. Олар – нағыз қолөнершілер. Тозған аяқ киімді қайта тігіп, жаңа табан қондырып, кейде тіпті бастапқы қалпынан да көріктірек етіп қайта жасайды. Әрбір аяқ киімнің материалын, құрылымын, қанша жыл кигенін бірден аңғарып, оған қандай жөндеу керек екенін дәл таба білу – екінің бірінің қолынан келе бермейтін іс. Қазір көп адам ескі аяқ киімді тастап, жаңасын алуды жөн көреді. Бірақ кейінгі уақытта тұрақты тұтынушылар мен экологиялық мәселеге мән беретіндер арасында жөндеу мәдениеті қайта оралуда. Бұл аяқ киім жөндеушілерінің еңбегіне деген сұраныстың артып келе жатқанын көрсетеді. Күн сайын мыңдаған адам қала көшелерінде түрлі аяқ киім киіп жүр. Біреулер сән қуып, соңғы үлгідегі етікті таңдайды, енді бірі ыңғайына қарап, жайлы әрі сапалы аяқ киімді жөн көреді.
Әрбір шеберхана – шағын музей. Ескі балғалар, теріден қалған қалдықтар, түрлі желімдер мен инелер… Олардың иісі балалық шақтағы атамыздың шеберханасын еске түсіретіндей… Шеберлік – шыдам мен сезімнің қосындысы. Жөндеуден кейін аяқ киімді иесіне табыстағанда оның жүзіндегі риясыз күлкі – шебер үшін ең үлкен марапат. Бүгінде аяқ киімді жөндеп, оған екінші өмір сыйлап жүрген жандардың бірі – Алек. Ол бала күнінде дәрігер болуды армандаған.
– Уақыт өте келе тағдыр жолы мені осы кәсіппен айналысуға әкелді. Әкем аяқ киім үлгісін дайындайтын. Мен әкемнің шәкірті болдым. Бұл кәсіпте 40 жылдан бері еңбек етемін. Осы уақыт аралығында жұмысымның қыр-сырын жетік меңгердім. Аяқ киім жөндеуші болу – тек етік жамау емес, халыққа қызмет ету, олардың күнделікті өмірін жеңілдету, – дейді ұста.
Жұмысты мезгіл талғамай жасайтын шеберден тұтынушылардың қай кезеңде көп келетінін және қазіргі аяқ киім сапасы туралы cұрап білдік.
– Халық аяқ киім жөндетуге қыс мезгілінде жиі келеді. Ауа райының қолайсыздығына байланысты жаңбыр мен қар араласып, етіктердің табаны не болмаса сыдырмасы бұзылады. Қазіргі аяқ киім сапасына көңілім толмайды. Бұрын әлдеқайда жақсы, табиғи сапалы материалдан өндірілетін еді. Біреуге сапар алдында жөндеп беремін, енді біреуінің жұмысқа киетін жалғыз аяқ киімі болады. Қанша жаңасын сатып алса да, көпшілік сүйікті аяқ киімнен айырылғысы келмейді. Тіпті шет елден келген аяқ киімді жөндетуге әкелетіндер бар. Қазір адамдар арзанын алып, тозғанын тастай салады. Жөндетуге келетіндер азайды. Бірақ тұрақты келушілерім бар, олардың сенімімен жұмысымды жалғастырып келемін, – деді ол.
Бүгінде бұл мамандық елеусіз, бағаланбай қалып бара жатқанымен, олардың еңбегі мыңдаған адамның қажетіне жарары анық.
Назерке БАҚЫТБЕК,
Қорқыт ата атындағы
Қызылорда университетінің студенті
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!