Бұрын көпті көрген ел ақсақалдары жұртты жиып жиын өткізіп, аталы сөз айтып, келелі іске батасын беретін. Абыз ақсақалдардың әр айтқан сөзі өнеге аларлықтай мәнді әрі үлгілі іс қыларлық игі әрекеттер еді. Төрелікті тауып айтып, талай жанға жол нұсқайтын. Иә, қазыналы қариялар айтқан ақылына ақы, кеңесіне көк тиын сұрамайтын. Елдің бүтіндігі мен бірлігі үшін қолдан келгенше қарекет етіп, әр отбасының сүттей ұйып, тату-тәтті өмір сүруін тілеген. Қысқасы, жорытқанда жолдың болуы да, істің оңалуы да аталы сөздің адуынды күшінен емес пе? Оның үстіне батамен көгеріп, өсіп-өнген ел емес пе едік?

Ал, бүгінде бабадан қалған есті әрекет пен игі іс басқаша бұрмаланған сыңайлы. Оған себеп, әлеуметтік желілердегі жарнамасы жер жарған тренингтер мен түрлі курстар, «жолыңды ашып беремін» деп жарияланған жаттанды сөздер.

Майда тілді тренерлер түрлі тақырыпта тренинг өткізіп, ақыға ақыл айтып, тіпті курс құнын да шарықтатып жібереді. Тақырыптарын толық тарқатып тізбектер болсақ, сан жетпес. Себебі, кіл ақылдылар отбасындағы кикілжіңді де шешіп, байытуға да септігін тигізіп, табыс табудың көзін үйретіп, жолын ашып беріп, әйтеуір жан-жақты жағдайының жетілуіне ықпал ететін-ді. Бірақ нәтиже қандай? Оны «кеңес береді» деп көл-көсір ақшасын төлеп, тренингке тіркеліп, курсқа таласа-тармаса жазылғандар біледі. Әлбетте, өзгелер кімнен кеңес аларын, не үйренерін өзі шешеді. Тиісінше, мамандардың да еңбегін еш кетірмейміз. Бәлкім, алған кеңесімен көсегесі көгеріп, жетістікке жеткендер де бар шығар. Дей тұрғанмен, төлеген төлеміне сай қажетті білімін алмай өкпелегенді, басын тасқа ұрғанды қайда қоямыз? Білгіштер бизнеске бейімдеп, кәсіп ашуға дағдыландырады. Бірақ оның қыр-сырын меңгертіп, егжей-тегжейін түсіндіріп, бүге-шүгесіне дейін айтатындар аз. Нәтижесінде бірі кәсібін дөңгелеткен кәсіпкер атанса, енді бірі шала білімнен соң жарға жығылып жатады. Сондай-ақ, кейде көпшіл қауымға тегін курс, тренинг өткізетінін айтқанда қуанасың һәм ойланасың. Соңында тегін өткізгеннің де «тегін» емес екендігін ұғынасың. Ойлағанымыз дәл, айтқанымыз айдай келіп, бәрің айтып, түсіндіріп, қызықтырғаннан кейін толығырақ білу үшін ақылы курстың сілтемесін сақадай сай етіп дайындап қояды. Әрине, бұл жерде әлгі мамандар халықты қинап-қыстап қатыстырмайды. Дегенмен, жалаулатып жарнамасын жасаған соң көпшілік қатысып көруге ниет қылады. Осындайда тренерлер қаражатпен қалтасын қалыңдатқан соң, төленген құнына сай білім берсе дейміз.

Айтпақшы, мұндай түрлі сабақтың құны әртүрлі. Тіпті миллионға дейін етеді. Арзан деген кей курстың құны 9990 теңгені құрайды.

Қазіргі таңда мотивация беретін мотиваторлардың да мәртебесі биік пе дерсің? Олар да арасында өмір жайлы толғанып, азды-көпті көрген, білгенімен бөліседі. «Былай істеу керек, бүйту керек» деп сөздің майын тамызып, жан сырының тиегін ағытып тарқатқанда аузын айқара ашып қалатындар аз емес. Сол түйгенімен, соның буымен бәріне белсене кірісіп, тау мен тасты қопаруға дайын болатындардың құлқы әп-сәтте жоғалады. Өйткені, айтылған әдемі сөздер санаға сіңгенімен, еңбек етуге келгенде кежегесі кері тартып, әлденені істеуге қолы бармайды. Сосын қаз-қалпына қайта оралады. Тегінде, ауызбен орақ орып, іс жүзінде орындалмаса одан асқан сәтсіздік жоқ-ау. Сондықтан, мотиватордың кеңесіне мұқтаж болып, құлақ асқысы кеп бара жатса, оны түртіп алуға болады. Бірақ, кейін адам өз-өзін жігерлендіріп, қажет кезде өз-өзін қамшылап отыруы тиіс. Жігер мұқалмаған жағдайда ғана жетістікке жетері сөзсіз.

Отбасылық коучтар да кең етек алуда. Бүгінде «бақытты әйел болудың құпиялары» сынды түрлі тақырыпта курс тарап, кеңес берушілер қаптап кетті. Яғни, біршама әйел адамдар отбасындағы жағдайды қалыпқа келтіру үшін қандай да бір кеңеске құлақ асып, парақшаларға бас сұғып отырады. Осындайда өткен кезеңге көз жүгіртіп, еріксіз ойға шомасың. Кезінде қазақ әйелдері отбасындағы әңгімені тысқа шығармай, талай қиындықта табандылық танытып, байыпты мінезімен бәрінің бабын тауып, туындаған әр жағдайды ақыл таразысына салып, парасаттылығымен реттеп отырған еді. Отбасының ұйытқысы атанып та, ел анасына айналып үлгерген де қайсар әйелдер көп болған. Сайып келгенде, ешкім болашақты болжай алмайды. Әрі тағдырдың қандай тарам-тарам жолдарға тап келтіретінін әлдекім айта алмайды. Жамандықтан сақтайды деп берген, тағылған тұмардың да тұрлаулы болатынына кепіл жоқ. Бәрі Жаратқанның жарлығымен болады. Асылында, адам өз-өзін жетілдіріп, қанаттандырып отырмаса, әлгі берілген білімнен пайда жоқ. Сондықтан адам тек өзіне және ақылы мен қажырлы қайратына ғана сенгені абзал.

Түйінін айтқанда, нағыз философия Абай мен Шәкәрімнің, қазақтың маңдайына біткен жазушыларының еңбектерінде жатыр. Ақылына ақы сұрамайтын кітаптарды оқып шықса, көп нәрсеге көз жеткізіп һәм меңгеретіні анық.

Зарина АЙМАН,

студент

фото

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!