фото: blog.fenix.help
Түн тыныштық пен тынығудың уақыты болғанымен, бұл мезгілде де тыным таппай еңбек ететін, елдің амандығы мен қауіпсіздігін күзететін жандар бар. Көбіміз оларды көрмейміз, тіпті ойға да алмаймыз. Себебі біз ұйқыға кеткенде, олар қызмет бабымен жүреді. Жедел жәрдем – науқасқа дер кезінде жетіп, өмірін құтқаруға тырысса, полиция – түн тыныштығын бақылап, оқыс оқиғалардың алдын алады. Ал баспаханада басылған таңғы газет – ертеңгі жаңалықтарды көз ілмей дайындаған адамдардың еңбегі.
Түн тыныстағанмен, тіршілік тыншымайды
Қараңғылық құшағында ел ұйқыға кеткенде, жұмыс бабында көз ілмей, ел қамы үшін тер төгетін бірнеше қызмет түрі бар. Олар – түнгі тыныштықтың шырақшылары. Жұрт бейқам тынығуы үшін олар таңды көзбен атырады. Мұндай еңбек – «көрінбес күннің» ауыр жүгі, ал сол жүктің иесі нағыз жанкешті. Осындай жауапкершілігі ауыр жұмыстың бірі – полиция қызметкері болу. Алғашқы кейіпкеріміз Олжас Османов бұл жұмыста төзімді, шымыр әрі сергек болудың қаншалықты маңызды екенін атап өтті.
– Біз кешкі сағат 21:00-ден таңғы 09:00-ге дейінгі уақыт аралығында түнгі ауысымда қызмет атқарамыз. Осы мезгілде түскен түрлі хабарламалар бойынша оқиға орнына шұғыл жетіп, қоғамдық тәртіпті сақтау, құқық бұзушылықтың алдын алу, азаматтардың тыныштығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында жұмыс жүргіземіз.
Мереке күндері де күшейтілген режимде қызмет атқарып, демалыссыз жұмыс істейміз. Отбасымызға уақытты мерекеден кейін бөліп, сол кезде демалуға тырысамыз. Бұл – біздің кәсіби міндетіміз әрі қоғам алдындағы борышымыз.
Түнгі мезгілде құқық бұзушылықтардың алдын алу үшін біршама жұмыс атқарылады. Көбіне қоғамдық орындардағы тыныштықты бұзу, алкогольдік ішімдік ішкен азаматтардың мазасыздануы туралы хабарлама жиі түседі. Мұндай жағдайда біз оқиға орнына дер кезінде жетіп, халықтың тыныштығы үшін тиісті шараларды орындаймыз.
Осы сәтті пайдалана отыра, халықты түнгі уақытта тыныштықты сақтап, заң талаптарына бағынуға шақырамын. Бұл – өзіңіздің ғана емес, өзгелердің де тыныштығы мен амандығы үшін маңызды. Қоғамда тәртіп пен тыныштық – әр азаматтың ортақ жауапкершілігі, – дейді Қызылорда Полиция Басқармасының ЖПҚб-нің ППБ-ның қызмет инспекторы, полиция капитаны Олжас Орынбасарұлы.

Жанқиярлықты талап еткен мамандық
Иә, түн сақшыларының мойнына артылған жауапкершіліктің қаншалықты ауыр екенін сіз де, біз де білеміз. Тіршілік күн сәскеден сығалап немесе сәулесі көкжиекті сыза төмен түскенде де саябырсымайды. Түнгі уақытта тек полиция қызметкерлерінің ғана емес, сондай-ақ ақ халатты абзал жандардың да жұмысы екі еселене түседі. Бұл туралы келесі кейіпкеріміз Анар Қожахметова атап өтті.
– Әйел адам үшін түнгі ауысымда жұмыс істеу – оңай іс емес. Көңіл үйде, ой – бала-шағамен. Жұмыста жүргенде де, жүрек үнемі үйдегілермен бірге соғады: «балаларым тамақ ішті ме екен?», «сабағын орындады ма екен?», «үйде бәрі жақсы ма?» деген сауалдар көкейден кетпейді. Кейде сол бір үнсіз түнде, сәл тыныштық орнаған сәтте, балапандарыңды сағынып, жүрек шым ете қалады…
Бір үміт – бәріміз бір үйде боламыз деген ой ғана ішті жылытатындай. Бірақ ол үміттің өзі де көбіне орындала бермейді. Себебі бұл қызмет – уақытпен емес, халықтың амандығымен өлшенеді.
Мерекелерді де ұмытып кеттім десем, артық айтқандық емес. Өз басым мереке тойлауға, туған күн атап өтуге аса құмар емеспін. Себебі ауысыммен жұмыс істеу бұл мүмкіндікті жиі бере бермейді. Бірақ мен бұған ренжімеймін. Керісінше, халқымның жанында, елдің тыныштығын күзетіп жүргеніме шүкір деймін. Жүрегім «Елім!» деп соғады. Бұл – менің таңдаған жолым, тағдырыма айналған мамандығым.
«Жаңа жыл» секілді үлкен мерекелерде көпшілік отбасының жанында болғысы келеді. Ал мен, керісінше, дәл сол күндері жұмыста болғанды қалаймын. Неліктен екенін өзім де білмеймін – бірақ жүрек соны қалайды. Бұл қызметке, бұл жолға әбден бейімделіппін. Қазір кейде ойлаймын: «Таңертең барып, кешке қайтатын жұмысқа шыдай алмайтын шығармын» деп. Себебі мен осы қызметте 2013 жылдан бері, міне, 12 жыл бойы ауысыммен еңбек етіп келемін.
Отбасым да үйренді. Балаларым кейде: «Анашым, бүгін күндіз жұмысқа барасыз ба, әлде тәулікке ме?» деп өздері сұрап отырады. Бұл – менің отбасымның түсіністігі мен қолдауының көрінісі деп білемін. Олар менің бұл жолымды қабылдады, мені әрдайым қолдап келеді. Сол үшін де оларға алғысым шексіз.
Иә, түнгі жұмыс оңай емес. Бірақ халық үшін, ел үшін, «жаңа өмір» үшін қызмет ету – менің өмірлік миссиям, – дейді облыстық медициналық жедел жәрдем станциясы оперативті бөлім аға дәрігері Анар Ерәлиқызы.

Қара бояуға боялған ақ адал еңбек
Келесі кейіпкеріміз – баспа ісінің жанашыры, оқырман қолына тиіп отырған газетті жарыққа шығару жолында талай жыл тер төккен Бақыт Каимов. Бұл салаға сан жылын арнаған баспаханашының елеулі еңбегі көп жасқа үлгі болмақ. Оның жүрек түбінен шыққан шынайы лебізін әрлеп, әр сөзін әсемдеудің еш қажеті болмады. Себебі ақ адал ниетпен айтылған әрбір сөзі мағынаға толы болды.
– Мен бұл еңбекті жан-тәніммен сезініп, жүрек қалауыммен қабылдадым. Әскерден келген соң, 21-22 жасымда баспа саласына досымның қолдауымен қадам бастым. Алғаш келген кезімде мұнда көбіне өзге ұлт өкілдері жұмыс істейтін. Мен – бірінші қазақ қызметкер едім. Жалақысы мардымсыз болды ма, әлде жұмыстың ауырлығы ма, білмедім, көп адам бір-екі айда кетіп жұмыстан шығып кетуші еді. Қызығы сол, бұл жағдай әлі де өзгермеген: бүгінде де бар-жоғы екі-ақ адам жұмыс істейді.
Менің сол кездегі басшым да менің ұзақ тұрақтамайтынымды болжап еді. Бірақ бұл сөз менің ішкі намысымды оятып, керісінше, жігерімді жандыра түсті. «Көр де тұр!» деген ішкі тылсым сенім мені осы салада ұстап қалды. Сол сәттен бастап маңдай теріммен тапқан адал еңбек өмірлік жолыма айналды.
Түнгі ұйқының орнын ештеңе толтыра алмайтынын барлығымыз білеміз. Бірақ бұл жұмыс ұйқыға қарамайды. Талай рет түрегеп тұрып көз шырымын алған кездерім болды. Ал қолымыз қап-қара бояудан арылмайтын. Қоғамдық көлікке мінгенде көмір тасушы сияқты күй кешетінбіз. Алақаныңды қалтаға тығып, ұялатынсың. Бірақ өз ісіңе деген махаббат пен еңбекке деген құрмет бұл ұятты көлеңкелеп тастайтын.
Көпшілік үшін газет – жай ғана оқылатын ақпарат көзі шығар. Бірақ оның ар жағында қаншама адамның тынымсыз еңбегі, қыруар күші, түн ұйқысын төрт бөлген, майға малынған алақаны жатыр. Иә, мақаланы біреу жазар, оны басқа біреу таратары анық. Ал біз – сол газетті жарыққа шығаратын соңғы әрі ең маңызды буынбыз. Бояудың тепе-теңдігін, парақтың сапасын, қиылған жиегінің түзу болуы – бәрі біздің мойнымызда. Қате кетсе, бар еңбегің зая кетуі мүмкін. Бір тетікті дұрыс баспай қалсаң, 5-6 сағаттық қайта басу мен түзету сені күтіп тұрады. Уақытпен санаспайтын, шыдам мен жауапкершілікті талап ететін нағыз ауыр еңбек осы.
Бірақ мен ешқашан өкінбедім. Бұл мамандықты адаспай таңдадым деп нық айта аламын. Жылдар өте келе тәжірибе мен сезімталдық арта түсті. Газет шығаратын мәшиненің дыбысынан-ақ қай жерінде ақау барын аңғаратын дәрежеге жеттім. Уақыт пен еңбек өз жемісін берді: қарапайым жұмысшыдан басшылық қызметке дейін көтерілдім. Еңбектің өтеуі бар екен. Бүгінде баспа саласынан кетпей, әлі де жаныммен беріліп еңбек етіп келемін.
Баспаханашы болу – көзге көрінбейтін ауыр еңбек. Бірақ бұл – қоғам үшін, халық үшін, сөз бостандығы мен ақпарат таралымы үшін үлкен жауапкершілік. Мен әрбір шыққан газетке өзімнің жанымды, терімді, уақытымды қосқандай сезінемін, – дейді ASU баспа үйінің өндіріс меңгерушісі Бақыт Каимов.

Иә, жалғастыра берсек, түнгі «қаһармандардың» қатарын әлі де толықтыруға болар еді. Шаттыққа толы мәз мейрамда да, қараңғы басқан қатал түнде де, үскірік аяз бен аптаған ыстықта да еңбек ететін жандар саны аз емес. Мәселен, күзет қызметі, авиация саласы, төтенше жағдайлар қызметкерлері, наубайханашы да көлеңкеде жүріп, жарықтың шырағын жаққан жанкешті мамандықтардың бірі. Барлығының мақсаты – халыққа қызмет ету. Ал біздің міндетіміз – олардың еңбегін елеп, мерейін үстем ету екенін естен шығармаңыз!
Нұршат НЫШАНОВА
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!