Қай мемлекетте де қоғамның ілгері басуынның алғышарты  – жасы мен жынысына, қызметі мен мамандығына қарай бөлінбеу, көпке ортақ тәртіпке бағыну, еркіндіктен деп елдің қамы үшін бекітілген ережеден аттамау. «Тәртіпке бағынған құл болмас» дейді Бауыржан Момышұлы бабамыз. Әңгіме көпке дейін еленбей келген, қала тұрғындарының түнгі тыныштығын бұзған кәсіпкерлік нысандар жайында болмақ. Иә, соңғы жылдары кешкі серуен үшін қолайлы аумаққа айналған қаланың көркі – орталық алаңда бірі велосипед, бірі ескі стильдегі күйме, бірі электронды самокатымен балалардың көзін де, көңілін де өзіне аударатын кәсіпкерлер аз емес. Дегенмен түнгі тыныштықты бұзатын да – ойын-сауық нысандары.

Жақында велосипед мінген қос жеткіншектің бір-біріне соқтығысып, дене жарақатын алуы мәселенің маңызын арттыра түскендей. Осы орайда орталық алаң маңында қоныстанған тұрғынның мәселеге қатысты пікірін білген едік.

– Орталық алаңның маңында тұрамыз. Шыны керек, осы уақытқа дейін велосипед үшін ғана емес, кеш батса, шулаған дауыс ұйқы бермейтін. Күн жылынып, жаз басталса, жылдағы жағдай осы. 3-4 жылдан бері тұрғындар жұрттың түнгі тыныштықты бұзып жүргеніне арызданып  еді. Кешкі уақытта көше кезген көлік те көп, оған ойын-сауық орталығына айналған алаңды қосыңыз.

Оқыс оқиғаға байланысты алаңдағы велосипед, ойын-сауық құрылғыларының орталық алаңнан көшірілуі тұрғындар үшін қуанышты жаңалық десем, артық емес. Қаланың сәні жастар мен өскелең ұрпақ болса да, жұмыстан шаршап келіп, демалатын уақытта көшеде шудың артуы мәселе. Осы орайда аталған келеңсіздікті назарға алған басқармаға ризашылығымды білдіремін, – дейді қала тұрғыны Ақжарқын Сейтқұлова.

Жоғарыда атап өткендей, түн тыныштығын бұзу заңнама жүзінде де бекітілген. Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 437-бабы бойынша адамдардың демалысы мен тыныштығына түнгі сағат 23:00-ден таңғы 6-ға дейiн кедергі келтіргендерге жаза ретінде 5 АЕК көлемінде айыппұл салуға негіз бар. Тіпті, бір жылдың ішінде тәртіптің бұзылуы қайталанса, 10 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл төлеуге тура келеді. Жаза қылмысты азайтпайтыны бұрыннан белгілі. Ал қалалық әкімдік пен кәсіпкерлік нысандарға жауапты басқарма бұл мәселеге қатысты қандай шара қолданды? Бұл сұраққа да жауап алдық.

«Осыған дейін орталық алаңда орналасқан спорттық қызмет түрлері, соның ішінде велосипед және электронды самокат құрылғыларының жылдамдық асырғаны байқалды. Тіпті бір-біріне және алаңда серуендеп жүрген адамдарға соғу салдарынан түрлі дене жарақатын алу деректері көп орын алды. Сонымен қатар жергілікті тұрғындар тарапынан аталған қызмет түрлеріне қатысты тыныштығын бұзу бойынша шағым түсіп, әлеуметтік желіде түрлі  ескертпе жасалды.

Осыған байланысты «Қызылорда қалалық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм» бөлімі жергілікті полиция қызметі, төтенше жағдайлар басқармасы, мемлекеттік кірістер басқармасы, санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы қызметкерлерінің қатысуымен орталық алаң аумағындағы кәсіп иелеріне түсіндірме жұмысын жүргізді. Мұнымен қоса осы жылдың 27 мамырында қала әкімінің орынбасары Ж.Сейіловтың төрағалығымен құзырлы орган өкілдері және орталық алаңдағы кәсіп иелерімен жиын өткізілді. Нәтижесінде әр кәсіп иесінің қызметіне байланысты қалалық мәдени және демалыс паркі, президент паркі аумағынан орын ұсынылған. Осылайша екі тарап та ортақ келісімге келді», – деп пікір білдірді қалалық әкімдік.

Түн тыныштығы кез келген қаланың тұрғыны үшін ойын-сауық құрылғыларынан, жастар жиі жиналатын орталық алаңдағы шулы қозғалыстан жоғары тұруы тиіс. Мұны заң да, адамдық көзқарас та қуаттайды. Әрине, кәсіп қылған адамға халық көп жиналатын аумақ өтімді. Тек өзіміз пайда табамыз деп өзгелерге зиянымыз тимесе болғаны…

Дина БӨКЕБАЙ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!