Облыстық прокуратураның мәліметінше, биыл балалардың қатысуымен болған жазатайым оқиғалар көбейген.

Түркістан облысында жыл басынан бері 54 бала жазатайым оқиғаға тап болған. Олардың 36-сы қайтыс болған. 

Түркістан облысы Арыс қаласы Ақдала ауылының тұрғыны Жадыра Кенжеханованың кенжесі 10 жастағы Шапағат жазда суға батып, бір өлімнен қалған. Шапағат отбасында бес баланың кішісі. Биыл 4-сыныпта оқып жүр. Жадыра сол күнді еске алса әлі денесі түршігіп, көзіне жас келеді. 

 – Үйде той болған. Балам дүкенге барып келейінші деп сұранды. Қанша уақыт өткенін білмеймін «балаң суға ағып кетіпті» дегенде жан дауысым шығып, үйден далаға жүгірдім. Қарасам балам жерде сұлқ түсіп жатыр. Денесі көгеріп кеткен, жан жоқ. Тыныс ала алмайды. Көтеріп алдым да қолымды аузына тықтым. Бар ойым ішіндегі суды сыртқа шығару болды. Бірнеше минуттан соң құсты. Дауысы шыққандай болды да, қайта талып қалды. Тағы бірер минуттан кейін есін жинады да аузында тұрған қолымды шайнады. Жағын аша алмаймын, тілі кетіп бара жатты… Бір кезде қайта есін жиғанда шыңғырып жылады. Әлдене айтқысы келгенімен сөйлей алмады, – дейді Жадыра дауысы дірілдеп.   

Шапағат анасынан дүкенге барып келуге сұранғанымен балалармен бірге ауыл маңындағы каналға шомылуға кеткен. Суға түскеннен қайтып шықпаған. Оны жанындағы достары бірден байқағанымен өз беттерінше сыртқа алып шыға алмаған. Үлкендерді көмекке шақырып, олар баланы есін жоғалтып, іші судан ісіп кеткенде сыртқа әрең шығарған. Алғашқы көмекті көрсетіп, есі кіресілі-шығасылы болғанда үйіне әкелген. 

Жадыраның айтуынша, бала есін жиғанда жедел жәрдем келген. Жедел-жәрдем  дені сау деп ауруханаға алып кетуден бас тартқан. Алайда Жадыраның жаны тыныш таппай жеке көлікпен есін қайта жоғалтқан баласын қалалық ауруханаға жеткізген. 

 – Ауруханаға кіріп, дәрігерлер тексере бастағаны сол еді баламның аузынан ақ көбік ақты. Дәрігерлер бірден  жан сақтау бөліміне алып кетті. «Әкелмей бір сәт  кешікккенде, баланы құтқара алмай қалатын едік» деді дәрігерлер. Періштесі қақты дедік. Аман қалды, – дейді ол. 

Шапағат бір апта ауруханада ем алып, үйіне қайтқан. Қазір тілі шығып, қалыпты өмір сүріп жатыр.

 – Баламда қорқу, шошыну, шошып ояну болған жоқ. Үнемі «шомылуға бармаңдар» деп аңдып ұстап, жібермей отыратын едім. Бұл да сынақ шығар. Балам: «Мама, аман қалдым. Суға тұншығып бара жатқанда енді сіздерді көрмеймін деп ойладым» дейді. Құлыным, қайта туылғандай болды ғой, –  дейді Жадыра күрсініп.  

Түркістан облысында жыл басынан бері суға түсіп аман қалғандардан бөлек 14 бала қайтыс болған. Облыстық прокуратураның мәліметінше, биыл балалардың қатысуымен болған жазатайым оқиғалар көбейген. Мысалы, Мақтаарал ауданы Абай ауылындағы каналға түсіп, жүзе алмаған 16 жастағы бала қайтыс болған. Қазығұрт ауданындағы Қызылту ауылында 2 жасар бала ауладағы арнайы су жинауға арналған шұңқырға түсіп, тұншығып қайтыс болған. Бәйдібек ауданындағы Бәйдібек ата ауылында 11 жастағы бала аңшы мылтығымен ойнап жүріп байқаусызда шүріппесін басып, мерт болған. Арыс ауданында 10 жастағы баланы ит қауып, қайтыс болған. 

Облыстық прокуратураның басқарма прокуроры Дулат Әшірбековтың айтуынша, аймақта жыл басынан бері балалардың қатысуымен 54 жазатайым оқиға тіркелген. Салдарынан 36 бала қайтыс болған. 92 ата-ана әкімшілік жауапқа тартылған. 

– Жол көлік оқиғаларын қоспағанда, 14  бала суға кеткен. Үй ауласындағы кәріз суына құлағандар – бесеу. 15 баланы күйік шалған. Өрт шығу салдарынан 3 бала, мылтықпен ойнап 1 бала қайтыс болған. Екі баланы ит қапқан. Электр тоғына түсіп 1 бала мерт болған. Биік ғимараттан құлап, 4 бала түрлі дене жарақатын алған, бір бала мерт болған. Бұл қайғылы оқиғалардың негізгі себебі ата-аналардың балаларының жүріс-тұрысын бақылауға алмауынан, – дейді прокурор.

Жадыра Кенжеханова баласы көз алдында жүрсе де әлі күнге ұлының тыныс ала алмай, есінен танып жатқан сәтін ойлайды да, жүрегі ауырады. 

 – Балам аман-есен, күліп-ойнап жүргенімен осы оқиғадан соң есімді жинауым қиын болды. Қиналдым. Жан-жағыма жалтақ-жалтақ қарап баламды іздей беретінді шығардым. Әлі күнге қолымда баламның көгеріп, көзі алайып, тынысы тарылып қиналғаны есіме түссе зәре-құтым қашады, – дейді Жадыра Кенжеханова.

Дереккөз: orda.kz

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!