Фото: Polisia.kz

Түркістан облысында екі күн бойы іздеуде болған 4 жасар баланың денесі көрші үй маңындағы құбырдан (септик) табылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Polisia.kz порталына сілтеме жасап хабарлайды. 

Жоғалған баланы іздеуге полиция департаментінің барлық күштері мен құралдары, сондай-ақ Ұлттық ұланның құтқарушылары мен әскери қызметшілері жұмылдырылған.

“Оның фотосуреті бар бағдарлар БАҚ пен әлеуметтік желілерде жарияланды. Баланы іздеуге еріктілер, жергілікті тұрғындар мен оқиғаға бей-жай қарай алмаған азаматтар көмек көрсетті. Іздеу барысында жақын маңдағы аумақтарды, тұрғын үйлерді аралау жүргізілді. Қараусыз қалған үйлер, арықтар және кішкентай бала бара алады-ау деген басқа да орындар тексерілген”, – делінген хабарламада.

Бүлдіршіннің денесі үздіксіз іздестіру жұмыстарының нәтижесінде желтоқсанның 3-і күні түстен кейін көрші үй маңындағы құбырдан (септик) табылды. Баланың денесіне сот-медициналық сараптамасы жүргізілді. Зорлық-зомбылық белгілері табылмады.

Қазіргі уақытта оқиға орнында жедел-тергеу тобының қызметкерлері, полиция департаменті мен прокуратура басшылығы жұмыс жасауда. Болған оқиғаның толық мән-жайы анықталуда.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!