Түркістан облысының Кентау қаласында ер адам аулада жүрген кішкентай қызға шабуыл жасап, оны ұрып-соғып, азғындамақ болған деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

Оқиға 26 сәуірде болған. Кішкентай қыз ауладағы дүкенге шыққан кезде, ер адам артынан ерген. 

“Оны құшақтап, аты-жөнін, жасын сұрап, қырындаған. “Анам күтіп отыр” дегенінде, “күтсін” деп тап берген. Тұншықтырып, таспен бетінен ұрған. Көршілері көріп қалғандықтан, қаскөй қорқып қашып кетті”, – деп жазды қоғам белсендісі Дина Таңсәрі.

Түркістан облысының полициясы қаскөйдің ұсталғанын хабарлады.

«Тексеру барысында сағат 20:30 шамасында аулада ойнап жүрген қызды белгісіз адам себепсіз ұрғаны анықталды. Жүргізілген жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде оқиғаның бейнежазбасы бойынша ер адам табылды. Ол полиция бөліміне жеткізілді. Ер адам бұрын сотталған жергілікті тұрғын болып шықты. Кентау қаласының полиция бөлімшесінде бұл факт ҚК 293-бабының 1-бөлігі «Бұзақылық» бойынша тіркелген”, – деп мәлімдеді Түркістан облысы ПД баспасөз қызметі.

Осыншама зәбір көрсеткен ер адамның бұзақылық бойынша ғана тергеліп, қамауға алынбағанына халық наразылық білдірді.

Қазіргі уақытта қылмыстық құқық бұзушылық ҚК 24-бабының 3-бөлігі, 120-бабының 4-бөлігі “Баланы зорлауға оқталу” бойынша қайта біліктілендірілді. Күдікті қамауға алынды. Барлық жағдайлар анықталуда. Жәбірленушінің жағдайы қанағаттанарлық. Барлық қажетті сараптамалар тағайындалды.

Іс Түркістан облысы ПД басшылығының бақылауында.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!