Фото: ©️ depositphotos.com
Түркістан облысында тұрғындар 650 миллион теңгесін қаржы пирамидасына салған, – деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі otyrar.kz-ке сілтеме жасап.
Басылым мәліметінше, Түркістан облысында қылмыс саны 9 пайызға төмендегенімен, ғаламтор арқылы жасалатын алаяқтық деректері азаймай тұр. Тіпті өңір тұрғындары арасында пирамидаға сеніп, қыруар қаражатынан айырылғандар да бар.
Қаражатын көбейтіп аламыз деп алданып қалғандар саны 2000-нан асады. Қазір осы жайтқа қатысты 2 қылмыстық іс қаралып жатыр.
«Түлкібас және Төлеби, Жетісай, Мақтаарал аудандарының тұрғындары екені анықталған. Бұл істер бойынша тергеу сотының қаулысымен 2 әйелге қатысты 2 айға күзетпен ұстау бұлтартпау шарасы қолданылып, жалпы 15 күдіктіге қатысты бұлтартпау шарасы қолданылды», – дейді Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің аға жедел уәкілі Гүлзия Қарсыбай.
Өңірде жасалған қылмыстар саны 9 пайызға азайған. Оның ішінде көш басында тұрғаны – қарақшылық. Бұл жайт бойынша құқықбұзушық 50 пайызға төмендеген. Алайда кейбір аудандарда қылмыстық істер айтарлықтар жоғары. Ордабасы ауданында 12,4, Сарыағашта 10, Төлебиде 8 пайызға артқан.
«Жалпы қылмыс саны 9 пайызға төмендеді. Оның ішінде аса ауыр және ауыр қылмыстар 20 пайызға, қарақшылық 50 пайызға, ұрлық 34,3 пайызға, бұзақылық 22,5 пайызға азайды. Дегенмен аудандарда қылмыстар саны керісінше өскені байқалады. Оның ішінде Ордабасы, Сарыағаш, Төлеби, Түлкібас аудандары бар», – дейді ҚР Бас прокуратурасы құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің ТО бойынша департаменті бастығы Асқар Сапарғалиев.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!