Фото: polisia.kz

Түркістан облысының бас полицейі мен департамент басшылығы 10 ерекше баланың арманын орындады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

“Барлық жақсылық балаларға!” ұранын алға тартқан ПД бастығы Мұрат Қабденов игі іс жасауға себеп болды. Яғни Түркістан қаласында құрылған “Армандар орындалады” жобасының 22-рет өткізілген мерекелік шарасында денсаулығына байланысты үй жағдайында оқитын 10 ерекше баланың тілегін орындады.

Аталған 10 баланың арманы жазылған тілек хаттарға облыстың бас полицейі мен департамент басшылығы қолдау білдіріп, орындалуына атсалысты. Балалардың қалауларын алып, оларға қуаныш сыйлауға асықты.

“Фараб” кітапханасында өткен жиында полиция департаментінің ресми өкілі Гүлнар Абдужаппарова жас достарға өздері армандаған сыйлықтарымен қоса полиция департаменті бастығының алғыс хатын табыстады. Одан әрі іс-шара концерттік бағдарламамен жалғасып, балаларға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.

Ұйымдастырушылар Түркістан қаласын алғаш рет көруге келген балаларға көрікті жерлерді электрокармен аралатып, қайықпен серуендетті. Бұл күн Бәйдібек, Ордабасы, Кентау, Түркістан қалаларынан келген кішкентай қонақтар үшін естен кетпес сәт болды.

Сонымен қатар өскенде полиция болғысы келетінін жеткізген қиялы ұшқыр балалар жедел басқару орталығына барды. Олар үшін полицей аға-әпкелерінің бейнебақылау камераларымен жұмыс жасағанын көру, барлық қаланы көрсететін үлкен экранды тамашалау ерекше әсер қалдырды.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!