Көп қабатты тұрғын үй. Көрнекі сурет.Бөлісу

7 ақпан күні кешке Түркістан қаласындағы жалдамалы пәтерлердің бірінен 3 және 5 жасар баланың денесі табылды. Полиция балалардың өліміне күдікті ретінде 31 жастағы анасын Шымкенттегі қонақүйден ұстады.

Түркістан облыстық полиция департаментінің мәліметінше, өлім себебін анықтау мақсатында балалардың денесіне сараптама тағайындалған. Қылмыстық кодекстің “Адам өлтіру” бабымен қылмыстық іс қозғалған. Күдікті ретінде марқұмдардың анасы, Қызылорда облысы Шиелі ауданының 31 жастағы тұрғыны Шымкентте ұсталған. Күдікті денсаулығына байланысты еш жерде тіркеуде тұрмаған.

Кей мәліметке қарағанда, әйел 3 жасар қызы мен 5 жасар ұлын тұншықтырып өлтірген болуы ықтимал.

Түркістан облысы әкімдігі күдікті отбасындағы жанжалдан соң қаладағы пәтерді екі күнге жалға алғанын мәлімдеді. Ол балаларының өлімі мен жалдамалы пәтердің мекенжайын құрбысына хабарлаған.

Жергілікті otyrar.kz сайтына Қызылорда облысы Шиелі аудандық білім бөлімі күдіктінің 46 мектеп-лицейде мектепалды дайындық тобында жұмыс істегенін растаған.

Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева күдікті балаларын өлтіретіні жөнінде туыстарына хабарлағанын мәлімдеді.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!