«Тұлға» деген сөзді қалай түсінесіз? Әрине, мұндайда ең бірінші көз алдыңызға өмірге деген көзқарасы жоғары, барлық жұрт танитын салмақты да салиқалы адам елестеуі мүмкін.
Мәселен, Абай Құнанбайұлы, Міржақып Дулатұлы, Мұхтар Әуезов сынды ақын жазушылардың бұл өмірде қалған орындары ерекше. Бірақ өкініштісі – қазіргі қоғамнан осы ұлы тұлғалар секілді білікті болуға ынталанып тұрған адамдарды табу қиынның қиыны. Тұлға деп кішкентай баланы немесе жаңа туылған сәбиді айту миға қонымсыз. Себебі тұлға болу үшін бала әуелден оңы мен солын ажыратып, өмірдің ағы мен қарасынан өтіп, есейіп ер жетіп, өзінің мақсат-мұратына, діттеген армандарына жете білуі тиіс. Сонда ғана кішкентай ғана үлкен тұлғаға айналмақ. Оған жетер жолдағы қиындықтардан бірі ойдағыдай өтсе, бірі өте ауыр келеді.
Байлар мен танымал адамдар өздерін дәлелдеген тұлғалар ғой деп «Біз оларды қызғанып емес керісінше қызығып үйренуіміз керек, олардың бақыт пен сәттілік, жетістік пен жеңіс жолын білуіміз қажет» деп қарсылық білдірерсіз. Алайда олар осыншама бақ-нығметке, бақытқа қалай қол жеткізгендерін көбісі өздері де білмейді, себебі бұл тағдыр мәселесі. Өмір болған соң неше түрлі жағдайлар кездеседі. Біреумен ұрысу яки болмаса теріс қадам жасау, жарты жолдан сүрініп кету сынды жағдайлар орын алуы мүмкін. Дегенмен «ит мені қапты екен деп, мен оны қапсам, адамдық аузымда не қасиет қалады» деген Мухтар Әуезов атамыздың осы сөзін ойға алсақ деймін. Біреумен ұрысып уақытымыз бен күшімізді құртқанша, болашаққа деген талпынысты күшейтіп, «Тұлға» боларлық іске ұмтылғанымыз жөн болатын секілді.
Мен, сен және біз. Біз бұл өмірдегі үлкен орны бар болашақ тұлғамыз.
Мерей ҚАЛАБАЙ
қосымша білім беру
әдістемелік орталығы
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!