Табан астынан сұлатып түсіретін ауру-сырқаудан аман болудың амалын қарастырған дұрыс. Мұны ескерген ҚАЖ департаментіне қарасты №68 мекемесінің қызметкерлері денсаулығына жауапкершілікпен қарап, тұмауға қарсы екпе алды.

Басты мақсат – ұжым мүшелерінің бойында тұмау және басқа да вирустық инфекцияларға қарсы иммундық төзімділікті арттыру және салауатты өмір салтын қалыптастыру. ҚАЖ департаменті емханасының аяжаны Айгүл Бакеева екпенің адам ағзасын маусымдық аурулардан қорғаудағы маңызын түсіндірді. Екпе жұмыстары жоспарлы түрде, жоғары санитарлық талаптарды сақтай отырып өткізілді.

– Қазір тұмау мен вирустық аурулар жиілейтін уақыт. Сол себепті, бүгін тұмауға қарсы екпе алдым. Мұны тек өз денсаулығымды емес айналамдағы әріптестер мен туыстарымның да қауіпсіздігін қорғаудың бір жолы деп білемін. Қызмет бабында жүргендіктен жиі ауырмай, керісінше оның алдын алу біз үшін маңызды, – дейді Режим және күзет бөлімінің бақылаушысы әділет кіші сержанты Әли Сәбит.

Саулыққа салғырт қарамай, мықты иммунитет қалыптастыру – өнімді еңбек ету мен өмір сапасының кепілі болмақ.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!