Тұрғын үй қатынастары – азаматтардың конституциялық құқықтарымен тікелей байланысты, әлеуметтік маңызы жоғары сала. Осыған орай тұрғын үйге қатысты даулардың әкімшілік сот ісін жүргізу тәртібімен қаралуы соттан ерекше мұқияттылықты, заң нормаларын кешенді түрде қолдануды және тараптардың құқықтары мен заңды мүдделерінің теңгерімін сақтауды талап етеді.
Әкімшілік соттарда тұрғын үй даулары, әдетте, азаматтар мен мемлекеттік органдар, жергілікті атқарушы органдар немесе лауазымды тұлғалар арасындағы жария-құқықтық қатынастардан туындайды. Мұндай істердің қатарына тұрғын үйге мұқтаж деп тану, тұрғын үй кезегіне қою немесе кезектен шығару, қызметтік тұрғын үй беру, жалдау шартын ұзарту не бұзу, тұрғын үйді жекешелендіруден бас тарту туралы шешімдерге дау айту жатады.
Тұрғын үй дауларының әкімшілік істер ретінде қаралуының басты ерекшелігі – дау нысанасының мемлекеттік органның немесе лауазымды тұлғаның әкімшілік актісі, әрекеті (әрекетсіздігі) болып табылуында. Бұл ретте соттың негізгі міндеті – аталған актінің заңдылығы мен негізділігін, сондай-ақ оның азаматтың құқықтары мен бостандықтарын бұзу-бұзбауын бағалау.
Әкімшілік сот ісін жүргізудің маңызды қағидаттарының бірі – соттың белсенді рөлі. Судья дәлелдемелерді жинауда формалды шектеулермен шектелмей, істің мән-жайын толық әрі объективті анықтау үшін қажетті шараларды қабылдайды. Бұл тұрғын үй даулары бойынша ерекше маңызға ие, себебі азаматтар көп жағдайда құқықтық білімінің жеткіліксіздігіне немесе әлеуметтік жағдайына байланысты өз талаптарын толық дәлелдей алмауы мүмкін.
Әкімшілік істерде дәлелдеу жүктемесінің едәуір бөлігі жауапкер – мемлекеттік орган немесе лауазымды тұлғаға жүктеледі. Яғни, тұрғын үй мәселесіне қатысты қабылданған шешімнің заңға сәйкестігін, оның уәжді әрі негізді екенін дәлелдеуге мемлекеттік орган міндетті. Бұл қағидат азаматтардың құқықтарын тиімді қорғауға бағытталған және сот тәжірибесінде кеңінен қолданылады.
Тұрғын үй дауларының тағы бір ерекшелігі – олардың әлеуметтік сипаты. Мұндай істерде көпбалалы отбасылар, мүмкіндігі шектеулі адамдар, жетім балалар немесе әлеуметтік осал топтар өкілдері тарап ретінде жиі қатысады. Судья істі қарау барысында тек формалды құқықтық нормалармен шектелмей, даудың әлеуметтік салдарын да ескеруге тиіс. Алайда бұл заң талаптарынан ауытқу дегенді білдірмейді, керісінше заңды әділ әрі мақсатқа сай қолдануды көздейді.
Тұрғын үй даулары бойынша шығарылатын сот шешімдері азаматтардың өмір сүру сапасына тікелей әсер етеді. Осыған байланысты сот актісі заңды, негізді және түсінікті болуы, орындалуға нақты бағытталуы қажет. Сот шешімінде әкімшілік органға қандай әрекеттерді орындау міндеттелетіні немесе қандай шешімнің күші жойылатыны анық көрсетілуі тиіс.
Қорытындылай келе, тұрғын үй даулары санатындағы әкімшілік істерді қарау – судьядан жоғары кәсібилікті, заңнаманы терең білуді және әлеуметтік жауапкершілікті талап ететін күрделі процесс. Бұл істер бойынша соттың басты мақсаты – мемлекеттік билік пен азамат арасындағы құқықтық тепе-теңдікті қамтамасыз ету, азаматтардың тұрғын үйге байланысты бұзылған құқықтарын тиімді әрі уақтылы қалпына келтіру.
Сот төрелігі тек заңды қолдану ғана емес, сонымен бірге қоғамдағы әділдік пен сенімді нығайту құралы екенін ескере отырып, тұрғын үй даулары бойынша әрбір іс ерекше жауапкершілікпен қаралуы тиіс.
З.Т.Жарылқасынова,
Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының судьясы
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!
