Фото: inbusiness.kz
Аймақта тұрғын үйлер мен жаңа ғимараттардың құрылысы жыл басынан бері жоспарға сай жүргізіліп, халық игілігіне 763 пәтер берілді. Бүгінде қала аумағында 74 көпқабатты үй салынуда. Алдағы уақытта қала көлемінде 1685 баспана пайдалануға беріледі деп күтілуде. Аудандарда да бұл үрдіс жоспарға сай жүзеге асуда.
51 тұрғын үй апатты жағдайда Ұлттық статистика бюросының ұсынған мәліметтеріне сүйенсек, облыс көлемінде қаңтар-маусым айларында орындалған құрылыс көлемі өткен жылға қарағанда 135,6%-ға өскен. Республика көлемінде Қызылорда облысының құрылыс жұмыстарының өсу динамикасы 35,6%-ды құрады, яғни едәуір ілгерілеу байқалады. Ал тұрғын үймен қамтамасыз ету өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 103,7%-ды қамтиды.
Қызылордада кейінгі 2 жыл ішінде 17 мың тұрғынға 4 мың пәтер берілді. Жыл басында қала әкімі қаладағы апатты деп танылған үйлердің ахуалымен танысып, тиісті шара қабылдайтынын жеткізген болатын. Аймақта 51 көпқабатты тұрғын үйдің халі мүшкіл, ал соның 22-сі Тасбөгет кентінде орналасқан. Мамыр айында шаһар басшысы Нұрлыбек Нәлібаев Тасбөгет кентінде бой көтерген екі көпқабатты үйден 150 отбасыға пәтер кілтін табыстаған болатын. Облыс әкімі бюджет қаражаты есебінен 13,3 млрд теңгеге 1 269 пәтерлік 67 тұрғын үйдің құрылысы жүргізілетінін хабарлап, оның ішінде 950 баспана облыс орталығына тиесілі екендігін жеткізді. Бүгінде қала көлемінде 7 қабатты 850 пәтердің жоба-сметалық құжаттары әзірленіп, сараптамаға жөнелтілді.
Қала тұрғындары Титов елді мекеніндегі үйлердің жағдайына алаңдаулы. Айтуларынша, ол жақтағы тұрғын үйлерді паналау күннен күнге қиындап, тез көшіруді талап ететін апатты жағдайға жеткен. 2023 жылы қауіпсіздік стандарттарына сай емес деп танылған үй тұрғындарына баспана берілмегендігін жеткізуде. Сондай-ақ өңір орталығында орналасқан «Автовокзал» жанында да модернизацияны талап ететін үйлердің қарасы көп. Тіпті жаңадан қолданысқа берілген үйлердің сапасы да кейде сын көтермейді.
– Үй осыдан 4 жыл бұрын қолданысқа берілді. Өзім тұрмадым, таныс кісіге жалға бердім. Ол да вахталық қызмет атқаратын болған соң үйде аптасына 1 күннен артық болмайтын. Міне, ол кісі көшіп, енді үйге өзім тұрақтаймын ба дегенде, үй жөндеу жұмыстарын қажет етіп тұр. Бірақ аз ғана уақыт өтті ғой. Оның үстіне, айтып өткенімдей, азып-тозып та үлгермеді. Небәрі 4 жыл, десе де жуынатын ванна бөлмесіндегі кафельдің асты көтеріліп кеткен, бөлме қабырғаларына үлкен көлемде жарықшақ түскен. Үй қыс мезгілінде салынған екен, мұның өзі үй құрылысында кінараттың көп екендігін білдіреді, – дейді атын атамауды өтінген қала тұрғыны.
Аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаев құрылыс нысандарының сапасын жіті өз бақылауында ұстап отыр. Сала мамандарына тапсырма жүктеп, жоғарыда атап өткен кемшіліктердің болмауын басты назарда ұстауды талап етуде. Десе де кейінгі екі жылда қаланың көркейгенін байқаймыз. Бұл жаңалыққа тұрғындар да дән риза.
«Жайлы мектеп» ұлттық жобасы
Білім беру ұйымдарына ойыссақ. Аймақта білім беру сапасын арттыру мақсатында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы іске қосылған. Жалпы жоба аясында облыста 12 300 орынға арналған 21 білім ошағы салынады деп күтілуде. Биыл мектептің 10-ы, келесі жылы 11-і пайдалануға беріледі деп жоспарлануда. Бүгінде білім ошағы қажет деп танылған шағын аудандар анықталып, мердігер мекемелер берілуге тиіс 10 мектептің құрылыс-монтаж жұмыстарын толық аяқтады. Инфрақұрылым жүргізуге облыс бюджетінен 1,7 млрд теңге бөлінді. Аталған жоба аясында салынған мектептер оқушылардың еш кедергісіз сапалы білім алуына жағдай жасайды деп күтілуде.
Бірқатар аудан және шет елді мекендегі оқушылардың жайлы білім алуы үшін мектеп ғимараттарына орташа және күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жаңа оқу жылы басталғанға дейін қолданысқа беріледі.
Сондай-ақ «ҚазГерМұнай» компаниясының демеушілігімен заманауи 350 орындық Оқушылар сарайы салынуда.
«Ауыл – ел бесігі» жобасы
Аталған жоба ауылдық елді мекендегі тұрғындардың өмір сапасын жақсартуға, ауылдарды тұрақты дамытуға бағытталған. Жоба аясында облыстағы аудан-ауылдарда бірнеше құрылыс нысаны бой көтеріп келеді. Мәселен, Шиелі ауданы бойынша жаңа спорт кешенінің және 150 орындық клубтың құрылыс жұмысы басталды. Жалағаш ауданында құны 471,6 млн теңгені құрайтын денешынықтыру-сауықтыру құрылыс-монтаж жұмыстары аяқталып, кешен ел игілігіне беріледі. Ал Қармақшыда ауданына қарасты бағдарлама аясында көшелердің жөндеу жұмыстары басталып, орташа және күрделі жөндеулер жүргізілді.
Қала тұрғындарының арасында «қазіргі үйлер неге қызыл түсте?» деген сұрақ бар. Мұның жауабы да қарапайым. Қызыл кірпіш сенімді және ұзақ уақыт беріктігін жоғалтпайтын қасиетке ие. Оның арқасында баспанаңызды ғасыр бойы паналай аласыз, сондай-ақ өзінің көрікті келбетін сақтап тұрады. Көп жөндеуді де қажет етпейді. Қалада осындай сапасы мықты кірпіштен құралған баспаналар құрылысы жылдан жылға көбейіп, аймақ тұрғындарын қуантып келеді. Жоғарыда атап өткен апатты үй тұрғындарының да осындай көрікті, мықты баспанада тұруға құқығы бар. Сол себепті апатты баспананың мәселесі тез шешіліп, халық жағдайы жақсарса екен дейміз…
Н.НҰРЛЫБЕКҚЫЗЫ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!