tengrinews.kz

Атырау қаласында көпқабатты үйдің бір пәтерінен зейнеткердің мәйіті табылды, деп хабарлайды «Адырна» ұлттық порталы Информбюро бағдарламасына сілтеме жасап. 

Қайғылы жағдай тұрғындардың дабылынан кейін белгілі болған.

Көршілердің айтуынша, 60 жастағы жалғызбасты зейнеткер пәтерін тұрмыстық қалдықтарға толтырып, бірнеше жыл бойы сол жерде өмір сүрген. Жиналған қоқыстан шыққан сасық иіс бүкіл үйді жайлап, тұрғындар балалардың денсаулығына алаңдай бастаған. Ақыры пәтерден мәйіт иісі шыға бастағанда, полиция шақырылып, қарияның өлі денесі табылды.

«Иіс деген сұмдық, тіпті демалуға мүмкіндік жоқ. Балаларға инфекция жұға ма деп қорқамыз. Бұл жерде өмір сүру мүмкін емес, шаршадық. Бізге тек тазалық керек», — дейді тұрғын Болған Жидекбай.

Көршілерінің сөзінше, зейнеткердің неден және қашан қайтыс болғаны белгісіз. Пәтердегі қоқыстың жылдар бойы жиналғаны байқалады. Тұрғындар өз қаражаттарына тазалық жұмыстарын ұйымдастырып, бірнеше жүк көлігіне тұрмыстық қалдықтарды тиеп шығаруға мәжбүр болған.

«Иіс тарап жатыр. Біз өзіміз ақша жинап, тазалау жұмыстарын бастадық. Бірақ бұл жеткіліксіз. Үй толық залалсыздандырылуы керек», — дейді тағы бір тұрғын.

Қалалық әкімдік жағдайға араласып, арнайы тазалау бригадасын жіберген. Сонымен қатар, санитарлық-эпидемиологиялық қызметке ресми хат жолданған.

«Қазір арнаулы автобаза жұмысшылары тазалық жүргізіп жатыр. Дезинфекция мәселесі де қаралуда», — деді қалалық әкімдіктің баспасөз хатшысы Ғасырбек Төлеген.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!