Қызылорда облысында сауда қызметін реттеу және тұтынушылардың құқықтарын қорғау бағытында жүргізіліп жатқан кешенді шаралар аймақтағы нарық мәдениетін жетілдіруге және азаматтардың тұтынушылық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған. Биылғы 10 ай ішінде атқарылған жұмыстар осы саладағы бақылаудың күшейгенін, тұрғындар тарапынан өз құқықтарын қорғауға деген белсенділіктің артқанын көрсетіп отыр. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитеті облыс бойынша департаментінің басшысы Ерқасым Сүлейменов баяндады.
Департамент мамандары Қазақстан Республикасының «Сауда қызметін реттеу туралы» және «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» заңдарының талаптарына сәйкес өз өкілеттігі шеңберінде бірқатар жоспарлы және жоспардан тыс тексерулер жүргізді. Есепті кезең ішінде аймақтағы 176 кәсіпкерлік субъекті қамтылып, олардың 120-ға жуығынан заңнама талаптарының бұзылуы анықталған. Сауда саласында заң нормаларын бұзу фактілері бойынша 29 кәсіпкерге ескерту беріліп, 22 нұсқама рәсімделген. Сонымен бірге, әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы Кодекс негізінде 69 кәсіпкерге жалпы сомасы 1,3 миллион теңге көлемінде айыппұл салынды. Бұл көрсеткіш өңірдегі кәсіпкерлік субъектілерінің заңнаманы сақтау деңгейін арттыру қажет екенін айғақтайды.
– Тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласы бойынша есепті кезеңде азаматтардан олардың құқықтарының бұзылуына қатысты 770 өтініш түсті. Бұл өткен жылдың осы кезеңіндегі көрсеткішпен салыстырғанда 2,1 есе жоғары (366 өтініш).
Жүргізілген салааралық талдау өтініштің 64,5%-ы бөлшек сауда саласына тиесілі екенін көрсетті. Мұндай шағымдардың негізгі себептері: сапасыз тауарды қайтарудан немесе айырбастаудан бас тарту, 14 күн ішінде тауарды айырбастау тәртібінің орындалмауы, тұтынушыларды жаңылыстыру және сапасыз тауар ұсыну.
Электрондық сауда саласы бойынша 54 өтініш (7%) тіркеліп, олар негізінен онлайн тапсырыс кезінде тұтынушыларды алдау, сапасыз тауар жеткізу немесе тауарды қайтарудан бас тарту мәселелеріне байланысты болды. Қоғамдық тамақтану орындарына қатысты 35 өтініш (4,5%) түсіп, олардың ішінде сапасыз тағам өнімдері, жарамдылық және сақтау мерзімдерінің сақталмауы секілді шағымдар басым. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласы бойынша 15 өтініш (1,9%) тіркеліп, негізсіз төлем есептеу және қызмет көрсетудің тиісті деңгейде болмауы секілді проблемалар көтерілген.
Түскен өтініштер заңнама талаптарына сәйкес қаралып, олардың 392-сі тұтынушылардың пайдасына шешілді. Сонымен бірге 48 өтініш бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілді, 258 өтініш мазмұнына қарай басқа уәкілетті мемлекеттік органдарға жолданды. Ал 67 өтініш өтініш иелері тарапынан өз еркімен қайтарып алынды.
Жүргізілген шаралар нәтижесінде тұтынушыларға жалпы сомасы 21 миллион теңге болатын қаражат қайтарылды, – дейді департамент басшысы Ерқасым Жайбергенұлы.
Сонымен қатар нарық субъектілерінің қызметін бақылау мақсатында қосымша 54 тексеру жүргізіліп, 0,5 миллион теңге көлемінде айыппұл салынған.
Алдағы кезеңде департаменттің жұмыс бағыты тұтынушылардың құқықтарын қорғау жүйесін жетілдіруге, профилактикалық шараларды күшейтуге, кәсіпкерлер арасында құқықтық мәдениетті арттыруға бағытталмақ.
Қазіргі уақытта Мәжілісте қаралып жатқан «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» жаңа заң жобасында Омбудсмен институтын енгізу ұсынылған. Бұл институт тұтынушылар құқығын қорғау саласындағы жүйелі проблемаларды шешуді жаңа деңгейге көтеріп, азаматтардың құқықтарын сотқа дейін тиімді қорғауға жол ашпақ. Екі сатылы шағымдану жүйесіне көшу де – уақыт талабы.
Департамент алдағы кезеңде де тұтынушылардың құқықтарын қорғау бағытындағы жұмыстарды жандандырып, өңірдегі нарықтың ашық әрі әділ қызмет етуіне ықпал етуді жалғастыра бермек.
Нұршат НЫШАНОВА
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!