Желбіреген жеңіс жалауының астында бүгінде бақытты ғұмыр кешіп жатқанымыз – қанды майданды көрген батыр бабалардың ерен ерлігі мен төгілген терінің арқасы. Ұлы Отан соғысының отты жылдарында елінің амандығын ту етіп, жанын шүберекке түйіп, жауға қарсы аттанған миллиондаған жауынгердің бірі әрі бірегейі – аға лейтенант, соғыс ардагері, заңгер, әділет жаршысы болған – Өмірзақ Мұстафаев.

Ол – Қызылорда облысы, Қармақшы ауданының тумасы. Қарапайым отбасында туып-өскен Өмірзақ ақсақал бала жастан зерек, сөзге шешен, оқуға құмар болып өседі. Ес біле кітап оқып, білімге бас қойған ол – өмір бойы өзін-өзі тәрбиелеуден танбаған, ақыл-парасатты ту еткен тұлға. Ол соғысқа дейін Мәскеудегі заңгерлік мамандығы бойынша білім алып, Наманган әскери округінде НКВД-ның арнайы барлау мектебінде оқиды. Бұл – екінің біріне бұйырмайтын, аса жауапты және құпия ұйымдардың бірі болатын. Осы дайындықтан кейін Өмірзақ Мұстафаұлы Гомель қаласындағы ВПУ-да, 348-атқыштар дивизиясы, 3-армия, 3-Беларусь майданы құрамында СМЕРШ қатарында аға лейтенант болып қызмет етеді.

Сұрапыл соғыстың ең бір қиын да қауіпті тұстарында диверсанттармен күресіп, түрлі құпия тапсырмаларды орындаған ол тек найзаның ұшымен емес, ақылмен де шайқасқан сарбаз еді. Ел үшін етігімен су кешіп, шейіт болуды да елемеген ол – нағыз Отан үшін туған ер болатын. Жауынгерлік ерлігі мен асқан батылдығы үшін «Кенигсбергті алғаны үшін», «Берлинді алғаны үшін», одан бөлек, «Ұлы Отан соғысының батыры», маршал Георгий Жуковтың арнайы медальдарымен марапатталған. Бұл марапаттар көптің ішінен дара шыққан ердің маңдай терінің куәсі екені бәрімізге мәлім.

Соғыстан кейінгі бейбіт жылдары да ол ел игілігіне қалтқысыз қызмет етті. Ақтөбе қаласында сот болып қызмет етті. Заңды терең меңгерген, әр бапты жатқа білген білімді азамат ретінде ел арасында абыройға ие болды. Кейін Жаңақорғанда, туған жері Қармақшыда да сот болып жұмыс істеп, әділдіктің ақ туын биік ұстап, талай адамның тағдырын таразылады. Зейнетке шыққанша ел алдындағы адал қызметінен айныған жоқ.

Өмірзақ Мұстафаұлы – тек кәсіби маман ғана емес, жомарт жүректі, кең пейілді, ар мен адалдықты ту еткен асыл азамат еді. Аштық жылдары соғыстан алған азық-түлікті бүкіл туған-туысына бөліп беріп, оларды аштан аман алып қалғанын ел-жұрт ұмытқан емес. Үйсіз-күйсіз қалғандарға қол ұшын беріп, далада қалдырмай, шын мұқтажға сүйеу бола білді.

Кейіпкеріміз жақындарын үнемі оқуға үндейтін, балаларын да білім мен парасатқа баулыған. Көз жанарынан айырылған шағында да жаңалықтар тыңдап, әлем жаңалықтарын саяси шолушыдай саралап айтып отыратын. Құранды жатқа біліп, бабалар аманатына берік болған. Бата берсе, тыңдаған жанның жүрегін елжіретіп, көкірегіне иман ұялататын асыл тұлға еді.

– Үнемі таза, ұқыпты жүретін. Келісті киініп, аяқ киімін жылтыратып қоятын. Уақытымен жүруді өмір салтына айналдырған. Өзгеге де үлгі болды. Ешқашан дауыс көтермеген, бір айтқанын жеткізіп, ұрпақ тәрбиесінде сабыр мен парасатты серік еткен. Жас көрсе «Оқы, балам. Білім – адам баласының шырағы» деп, тура жолға бағыттап отырған, – дейді кейіпкердің қызы.

Міне, осындай тұлғалар – бүгінгі бейбіт өміріміздің іргетасын қалаған тірі шежіре, ел тарихының алтын парағы. Өмірзақ атамыз – сол қанды майданнан тірі оралғандардың бірі. Бірақ оның қасындағы қаншама қарулас майдан даласында мерт болды. Бүгінгі бейбіт аспан – сол боздақтардың соңғы демі мен төгілген қанының өтеуі.

Біз – бүгінгі ұрпақ, осындай аталарымыздың арқасында таңымыз тыныш, көгіміз ашық. Олар бар ауыртпалықты арқалап, бізге өмір сыйлады. Ендеше, Жеңіс күні – жай мейрам емес, елдің еңсесін көтерген, жанын қиған жандардың рухына тағзым күні.

Өмірзақ Мұстафаұлының өмір жолы – білім мен адалдықтың, ерлік пен әділеттіліктің нағыз үлгісі. Осындай тұлғалардың өнегесі өшпей, жас ұрпақтың жүрегінде мәңгі сақталуы тиіс.

Жеңіс – оңай келген жоқ, ал бейбіт күн – баға жетпес байлық. Тыныштықты ту еткен тарландардың жанкештілігін ұмытпайық!

Нұршат НЫШАНОВА

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!