Еліміздің білім беру жүйесінде Ұлттық бірыңғай тестілеу (ҰБТ) оқушының білім деңгейін бағалау мен жоғары оқу орындарына түсуінің негізгі құралы ретінде қолданылады. 2004 жылдан бастап енгізілген бұл жүйе жыл сайын мыңдаған түлек үшін тағдыр шешер сынаққа айналып отыр. ҰБТ – форматы жағынан әлемдік стандарттарға сай келетін, орталықтандырылған, бірізді және ашық емтихан. Дегенмен, бұл жүйенің тиімділігі мен салдарына байланысты пікірталас әлі де жалғасуда.

2023 жылғы ресми деректерге сүйенсек, елімізде 290 мыңнан астам түлек ҰБТ-ға қатысқан. Оның 111 мыңы мемлекеттік білім грантына үміткер болды. Бұл – ҰБТ-ның жоғары білімге қол жеткізудің басты құралы екенін дәлелдейтін көрсеткіш. Сонымен қатар соңғы жылдары цифрлық форматқа көшу, сұрақтардың жаңартылуы және екі рет тапсыру мүмкіндігінің берілуі жүйенің ашықтығын арттырып, оқушыларға әділеттірек мүмкіндік беріп отыр.

ҰБТ-ның басты артықшылығы – барлық оқушыны бірдей талаппен бағалау арқылы білім беру жүйесіндегі теңсіздікті азайту. Емтихан нәтижелері автоматты түрде өңделеді, бұл жемқорлық тәуекелдерін жояды. Сонымен қатар, тестілеу баланың оқу жетістігін нақты көрсететін статистикалық құрал ретінде де қолданылады. Облыстар, мектептер, тіпті пәндер бойынша жалпы білім сапасын талдауға мүмкіндік береді.

Алайда, бұл жетістіктердің көлеңкесінде ескерусіз қалған маңызды мәселе – психологиялық қысым. ҰБТ көбіне оқушы үшін білім сынағы емес, өмірлік мүмкіндік секілді қабылданады. Бұл – оқушының күйзеліске ұшырап, шынайы әлеуетін көрсете алмауына әкелетін факторлардың бірі. Республикалық психология орталығының мәліметінше, ҰБТ тапсыратын оқушылардың 67%-ы емтихан алдында мазасыздық пен күйзеліс белгілерін бастан кешіреді. Бұл көрсеткіш сынақтың тек білім емес, менталды саулыққа да тікелей әсері барын білдіреді.

Көп жағдайда оқушылардың ҰБТ-ға дайындығы пәнді терең түсінуге емес, форматты жаттап алуға бағытталады. Бұл білім сапасының сапалық емес, сандық тұрғыда бағалануына алып келеді. Сыни ойлау, шығармашылық қабілет, практикалық білім – бұл жүйеде толықтай ескерілмейтін өлшемдер. Демек, оқушыны көп қырлы тұлға ретінде емес, тек тест нәтижесімен өлшеу – өзекті проблема.

ҰБТ қазіргі білім жүйесіндегі ең ықпалды іріктеу тетігі екені даусыз. Ол тәртіп, әділеттілік, ашықтық сынды ұстанымдарға негізделгенімен оқушыға түсетін қысым, эмоционалды жүктеме және білімнің мазмұндық емес, формалық бағалануы – шешімін табуға тиіс күрделі мәселелер. Сондықтан бұл жүйені жетілдіру тек техникалық емес, мазмұндық, психологиялық тұрғыдан да жалғасуы қажет.

ҰБТ білім сапасын бақылаудың бірден-бір ұлттық стандарты болып қала береді. Бірақ оның тиімділігі тек нақты өлшеу көрсеткіштеріне ғана емес, жастардың өмірлік таңдауына, эмоцианалды жағдайына қалай әсер ететініне де тікелей байланысты. Болашақ білім саясаты осы екіжақты тепе-теңдікті сақтауға бағытталуы тиіс.

Анеля ЖҰМАБЕК,
№125 High School YBYRAI ULTTYQ MEKTEBI,
11-сынып оқушысы

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!