Алматылық жас түлек Ерасыл Уәлиев өзінің TikTok парақшасында ҰБТ нәтижелері бойынша «антирекордтық» бір балл жинағанын хабарлады. Дәлел ретінде талапкер әлеуметтік желіге ҰБТ нәтижесі жазылған бланканің суретін жариялаған.

Желіге жүктелген видео көп қаралым мен пікір жинаған. Кейбір желі қолданушылары әзіл-қалжыңмен бір ұпай жинау 140 максималды ұпайдан гөрі қиынырақ екенін жазса, екіншілері «не деген ақымақ бала» деуден тайынбады, ал үшіншілері әдейі біреуін ғана белгілеп шыққанына сенімді.

Оқиғаның ізін ала Ұлттық тестілеу орталығының қызметкерлері Ұлттық бірыңғай тестілеу нәтижесі бойынша 1 балл жинаған түлекке қатысты пікір білдірді. Олар Ерасыл Уәлиевтің екі рет тест тапсырғанын – 12 және 30 маусымда Алматыда тестілеуден өткенін айтты.

– 12 маусымда бұл тест тапсырушы 93 балл жинаса, 30 маусымда ол 1 балл жинады, бірақ ол тестті бар болғаны 4 минутта тапсырғанын атап өткен жөн, – деп түсіндірді тестілеу орталығының қызметкерлері.

Кейінірек түлек тестілеуді неге осылай тапсыруға шешім қабылдағанын түсіндірді. Жігіттің айтуынша, ол өз ісімен құрдастарына ҰБТ тапсырғаннан кейін өмір аяқталмайтынын көрсеткісі келген.

– Мен ҰБТ-дан неге 1 балл алдым? Шындығында әдейі жасадым. ҰБТ-мен өмір тоқтап қалмайды. Мектепті үздік бағаға аяқтамай-ақ үлкен жетістіктерге жетуге болады. Мысалы, АҚШ президенті Дональд Трамп… Сондай ақ бұл қатарда әлемге әйгілі Билл Гейтс пен Стив Джобс та бар. Бұл адамдарда өмірлік анық мақсат болған. Өзінің не істейтінін білген адамдар. Өмірге жетістікке жету үшін ҰБТ-ның балы ешқандай рөл ойнамайтынын дәлелдегім келді.

Мектептегі, университеттегі бағдарламамен шектеліп қалмай, қосымша білім алуымыз керек. Себебі ол жақтағы үйрететін пәндердің шын мәнінде пайдасы көп емес. Егер сен биолог не химик болмасаң саған химияның керегі жоқ. Бұл сөзіме қарап түк оқымаған, алған бағасы үшін ақталып отырған адам деп ойлауларыңыз мүмкін. Бірақ мүлде олай емес, мен тоғызыншы сыныпқа дейін барлық пәнді беске оқыған қызыл аттестат иегерімін. Оныншы сыныптан бастап тек өзіме керек дүниені оқып, өзім таңдаған бағытта ғана дами бастадым. «ҰБТ- дан жоғары балл алып, жоғары оқу орнына түсу – жетістікке жетудің жалғыз жолы» деген ұғымды жоққа шығарғым келді.

Қосымша білім алу өте маңызды. Алдағы уақытта ҰБТ ұпайының арқасында емес, тұрақтылық пен дисциплина арқылы биік-биік белестерге қалай жететінімді көрсетпекшімін. Парақшама тіркеліп, менімен бірге болыңыздар!, – деді Ерасыл әлеуметтік желідегі парақшасында.

Аружан МАРАТҚЫЗЫ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!