Өткен күзде сұлутөбеліктер Софияны жоғалтып алды. София Әбітаева білімді, өмірге құштар қыз болатын. Кейін ауылға тұрмысқа шықты. Үш перзент сүйді. Асыл жар, аяулы ана болып отырған сұлуымыз Софияның кенеттен жоғалып кеткені туралы хабар төбемізден жай түскендей болды. Ағайын-туыс, дос-жаран, белсенді еріктілер бәрі іздеуге атсалысты. Үйінен белгісіз бағытта шығып кеткен София қайта оралмады. Отбасына аман-есен оралар деп үмітімізді үзбедік. Үш баласымен жарының, ата-ана бауырларының көңілі әрбір хабарға елеңдеп отырды. Арадан алты айдан аса уақыт өткен соң, «қала шетінен табылған мәйіт 99,9 пайыз Софияның мәйіті екен» деген хабар келді. Жалындап тұрған, асқақ арманы бар құрбымыздан осылай айырылу бәріміздің қабырғамызды қайсытты. Қызылордада қыз жоғалыпты десе, зәреміз қалмайды. Аман-есен отбасына оралса екен деп тілеулес болып отырамыз. Полиция департаменті көбіне жасөспірім қыздарға іздеу салады.
Қызылорда облыстық полиция департаментіне жыл басынан бері 60 жасөспірім жоғалғаны туралы хабарлама келіп түскен. Оның 50-і бір тәулікте анықталып, қалған 10-ына іздестіру ісі ашылған. «Жасөспірімдердің хабар-ошарсыз кету дерегі бойынша жедел-тергеу тобы жұмыс істейді. Іздеу ісі департаментінің қатаң бақылауында болады. Іздестіру жұмыстарының нәтижесінде екі жасөспірімнің мәйіті табылды», − дейді криминалдық полиция басқармасының бастығы Сәбит Арынов.
«Ананың көңілі балада, баланың көңілі далада»
Баласын «қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмайын» деп ата-ана күндіз-түні тынымсыз жұмыста. Үлкендері кішкентайларға бас көз болып, бір-біріне қарайлап, балалар өсіп жатыр. Тіпті кейбір отбасында баланы бірыңғай ата-әже тәрбиесіне берген. Ал ата-ананың қамқорлығынсыз қалған баланың жағдайы тіпті қиын. Біз дидарласқан ата-аналардың көпшілігі балалардың әлеуметтік желіде қандай бағдарлама, видео көретіндерінен бейхабар. Заман ағымына сай әлеуметтік желіні қолдануларына қарсы еместігін айтты. Төрт қыз, бір ұл өсіріп отырған ана Айгүл балаларға жететін әрбір ақпарат дұрыс әрі тәрбиеге қайшы болмауы керек деген пікір білдірді.
«Аталатсаң да, боталатпа» деген. Ата-ананы баламен сынамаса екен. Әлеуметтік желіде бір қыз жоғалды десе уайымдап қаламыз. Дін аман табылса екен деп алаңдаймыз. Әрбір жоғалған бала туралы ақпарат естісек, жанымызды шүберекке түйіп жүреміз. «Balapan» арнасында ролик көрсетеді ғой бөтен адам шақырса барма деген мазмұнда. Телеарналар мен сайттардағы ақпараттарды тазалау керек. Біреу анда өйтіп кетті, мында бүйтіпті деген айтуға ауыз бармайтын жайттарды ашық жариялайды. Мұны біздің балаларымыз көреді. Таңнан қара кешке дейін соларға тамақ болсын, киім болсын деп тынбай еңбек етеміз. Жұмыс істемесек, жәрдемақы неге жетеді? Қосымша үйірмелерге де барады. Біз де бала болып мектепте оқыдық. Көрші балалармен бірге қайтатын едік. Жолай біртіндеп қала береді. Үйге солай жететінбіз. Осылай дос таптық, сене білдік. Қазіргі балаларды мектепке көлікпен апарамыз немесе жетектеп алып қайтамыз. Жолдағы қәуіпсіздігіне алаңдаймыз. Қолдарынан телефон түспейді. Иә, оның ішінде олар не көріп жүр, бәрін бірдей біле бермейтініміз рас», − дейді қала тұрғыны Айгүл Жүсіпова.
Ал жеті перзент сүйіп, тәрбиелеп отырған аяулы ана Қуаныш та бізге пікір білдірді. «Ұлтыңды түзегің келсе қызыңды тәрбиеле» деген сондықтан қыздарыма ерекше назар аударамын» − дейді Батыр ана.
− «Қызы бар үйді қырық періште аралайды» деген. Бос уақытында мәдениет үйіндегі үйірмелерге апарамын. Мүмкіндігі болса әрбір қылығын көзден таса қылмауға тырысамын. Көңіл-күйлеріне мән беремін. Өзіміз жұмыста болған уақытта видео қоңырау шалып, жағдайларын сұрап тұрамын. Әкем ауыл әкімі болды, анам ұстаз болды. Кеш батпай жатып, бізді ауладан әрі шығармайтын. Тіпті шалбар, шорти, трико кигізбейтін. Осылайша ата-анам мені қатал тәрбиеледі. Сондықтан қыздарыма қатал болғым келмейді. Заманына сай еркін өскенін қалаймын. Ойларын ашық айтса, сыр бүкпесе екен деймін. Әлеуметтік желіні қолдануын бақылаймын. Бәрі де ағылшын тіліне қосымша дайындалады. Курсқа қатысады. Кішкентайлары «Tik-tok» деген желіге кіріп, түрлі қылықтар жасайды. Мұнан еш әбестік көрмеймін. Шектеу қоймаймын. Кімдермен сөйлесіп араласады, бәріне назар аударуға тырысамын», − дейді Қуаныш Ахметқызы.
Қаламыздағы жасөспірім қыздар білім алатын оқу орындарының бірі − М.Мәметова атындағы Қызылорда педогогикалық жоғары колледжі. Оқу орны білім мен қатар жасөспірімдердің тәрбиесіне де көңіл бөледі. Аталмыш білім ордасы директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Гүлдана Исаева:
− Балаға бірыңғай қатал болудың қажеті жоқ. Қатал болатын жерінде батылдау айтып, еркін дидарласар сәтте әңгімеге тарту керек. Қыздардың тәрбиесіне бірінші ата-ана, екінші біз − білім ошағы жауапты боламыз. Жасөспірім қыздар арасында қандай да бір шалыс басу оқиғалары болып жатады. Өздерімен жақын танысып, отбасылық жағдайын зерттейміз. Ата-анасымен байланысамыз. Қыздар арасында ерте жүктілікті болдырмау, басқа діни ағымдардың алдын алу секілді тәрбиелік мәні бар іс-шаралар үнемі ұйымдастырамыз. Себебі жасөспірімдер ақпараттың шынайылығын зерттемей, сенгіш келеді. Жыл бойы сабақ онлайн өтті. Тәрбие шаралары да. Жастардың кейбірі салт-дәстүрімізге жат қылықтарға бейімделіп барады. Әрекеттеріне қарасақ, ұлттық психологиядан ауытқып бара жатқаны байқалады. Оларға ар сақтау, ұятты білу, үлкенді ардақтау, кішіні құрметтеу, адамды сыйлау тақырыбында әңгіме айтып, ұқтыру қиынға соғады. Сондықтан басты жауапкершілік ата-анаға жүктеледі. Қандай жағдай болсын бірінші кезекте баланың өзін тыңдау керек. Жасөспірімдердің жүрегі нәзік, көңілі пәк, еркіндікке, жаңашылдыққа жаны құмар келеді. Оны еркін әңгімеге тартып, ішкі сырын білуіміз абзал. Не себепті ол қадамға барғанын білмей, жазықсыз немесе болмашы нәрсе үшін жазалаудан аулақ болуымыз керек.
«Тәртіп тәрбие бастауы»
Назар аударсаңыз, жыл басынан бері жоғалған 60 жасөспірімнің 50-і сол тәулікте табылған. Яғни жеті, сегіз сағат анасына айтпай із-түссіз кеткен. Жасөспірім қайда кетеді? Кімдермен болады? Не істейді? деген сауалға тергеушілердің өзіне жауап табу кейде қиынға соғады екен. Себебі жасөспірімдер өз әлемін жасап алады. Ол әлемнің басшысы өзі, ережелері, қалауы, арманы бәрі соның ішінде. Оған тек өзіне ұнайтын, өзі сенетін адамды ғана кіргізеді. Онда тіпті ата-анасы жоқ. Ұяңданып, өзімен-өзі тұйықталып қалған. Сондықтан бізге істі зерттеу, баланың ойын білу қиынға соғады дейді полиция қызметкерлері.
Сәбит Жандарбекұлы Қызылорда облыстық полиция департаментінің криминалдық полиция басқармасының бастығы, подполковник. :
− Хабарсыз кеткен, жасөспірімдердің жоғалуы бастапқы бір себебі, үйіндегі ата-анасымен ұрысып қалып ренжіп кетіп қалуы, бірнеше күн үйіне бармай қалуы немесе үйдегі ата-ананың арасындағы күнделікті болып жатқан ұрыс-керістің салдарынан олармен бірге тұрғысы келмей, өздігінше бөлектеніп өмір сүргісі келеді. Кейде жақындарына айтпай, өз бетінше жұмыс іздеп кетуі, бір нәрсені бүлдіріп алса, ата-анасының жазалауынан қорқып үйінен қашып кетеді. Алаңдаған ата-ана полицияға арызданады.
Айтгүл Амангелді, Қызылорда қалалық Полиция басқармасының тергеу бөлімінің тергеушісі, полиция лейтенанты:
− Отбасы жағдайы қыз баланың мінезіне қатты әсер етеді. Үйінде ата-ана жылуы ғана емес материалдық қажеттіліктер толық болмағаннан яғни қымбат сыйлыққа қызығып, сырттан қолдау іздеп, бөтен адамнан сый күтеді. Өкінішке қарай, қызының қашан жігітпен танысып, қай уақытта жақындасып жүргенін білмейтін де ата-аналар бар екен. Іздеу жарияланып, бірнеше күннен кейін табылғанда өкініп жатады қызына уақыт бөлмегеніне. Үйде балаға көңіл бөлінбегендіктен әлеуметтік желі арқылы танысқан бейтаныс жанға сенім білдіріп, орайы келсе кездесіп, қыдырып, сыйлығын алғанды қалап тұрады. «Tik-Tok», «Anime» секілді қосымшалар балаға түрлі тапсырма береді. Соны орындау үшін тура емтиханға дайындалғандай мұқият болады. Бұл желілердің де бала психологиясына кері әсері бар. Себебі табылған уақытта ата-анасына қарсы сөйлеу, тіл алмау, өз дегенін ғана болдыру әрекеттерін аңғарамыз.
«Қызым үйде, қылығы түзде»
Мағжан Жұмабаев, «Қарағым, оқу оқы, босқа жүрме! Оқымай ойын қуған балаларға жолама, шақырса да қасына ерме! Кiдiрме, аяңдама, алға ұмтыл, Жасынан оқу оқып, өнер қуған. Жан жетпес көңiлi жүйрiк кемеңгерге. Бiлiмсiз, құр қалтақтап жүргенменен, Ерте өлген, көмiлулi қара жерге» деп өсиет айтыпты. Бүгінгі жас буынға ақыл айтпақ түгілі олармен еркін әңгімелесу қиын. Біз қалай талдасақ та, жасөспірімдердің айтар өз ойы бар. «Instagram» желісі арқылы бірнеше жаспен әңгімелестік. «Тосын сыйларды жақсы көремін», «әкемнен сыйлық алып көрмеппін». «Анамыз көп ұрсады», «Бір өзім айдалада адамдар жоқ жерде өмір сүргім келеді» дейді олар.
Нұрару 13 жаста:
− Мамам сабырсыз, сәл бірдеңе болса айғайлап шығады. Ұрыспаса екен деп, бәрін дұрыс істеуге тырысамыз. Әйтсе де «интернетің неге тез таусылады, ақшаны көп жаратасың, сабақ неге оқымайсың, неге бүлдірдің тыныш жүрмейсің бе, оңбаған жұрттың қызын көрмейсің бе?» ес білгелі осы сөздерді естіп келе жатырмын. Жалығып кетемін. Сосын жұрттың қызын көрейін деп әлеуметтік желіге кіремін. Маған тосын сыйлар ұнайды. Әкемнен ерекше сыйлық алғым келеді. Кейде мамам демалысқа шықса, бәріміз бір жаққа тыныш жерге кетіп қалсақ, ұрыспай, жақсы демалып өмір сүрсек екен деп армандаймын.
Сағыныш 14 жаста:
− Мен әжеммен тұрамын. Тәтем соткамды үйге әр келген сайын тексереді. «WhatSapp» арқылы кіммен не туралы сөйлескенімді қарайды. «Tik-tok» тағы билерімді көреді. «Tik-tok» көңіл күйіңе байланысты ән тауып, сол әнге түрі ырғақ жасап түсіріп саласың. Біресе күліп, біресе жылап жүремін. Видео көп қаралым жинаса қуанып қаламын. Біздің сыныптағы қыздардың бәрінде «Instagram», «laik», «Vkontakte», «telegram» каналында парақшалары бар. «Мамам сөйлеп жатыр, мен шығам енді кірмеймін» деген біреуі жоқ. Ата-аналары рұқсат етеді. Ал мен тәтемнен бірнәрсе жасыруға қорқам. Ол кісі өте білімді, парақшаларымды қандай бір жолын тауып құпияларымды біліп оқыса, мен құрыдым. Әжем үнемі айтып отырады, «телефонды таста, тірлігіңді істе, сабағыңды оқы» деп. Барынша тырысып жүрмін енді.
Айдана, 15 жаста:
− Ата-анам жұмыстан шаршап келеді. Тамақ шайларын ішіп алады да демалады. Біздің әрқайсымыздың жағдайымызды сұрауға шамалары болмайды. «Амансыңдарма, жақсымыз» болды. Екеуара жиі ұрысып қалады. Осылардың айқайынан шаршаймын. Бөлмеме кіріп «tabor» деген бағдарлама бар соны жүктеп аламын. Онда бәрі өз парақшасын ашып, анкетасын толтырып қояды. Соған қарап дос табуға болады. Жігіттермен танысамын. Бір-бірімізге сұрақ қойып, тапсырма беріп, уақытты қызықты өткіземіз. Ата-анамыз жұмыстан келген соң тексергенімен ештеңе таппайды. Мысалы, You tube-тан бір видео көрсем, «история» деген жерге кіріп бәрін өшіріп тастауыма болады. Яғни оларға ұнамайды-ау, ұрсады-ау деген дүниенің бәрін құртамын.
Еуропа психиатрлар қауымдастығы карантиннен кейін психикалық бұзылыстар мен суицид көбейді деп болжам айтуда. Бұл жағдайға жасөспірімдерді жеткізбес үшін ата-ана мен бала арасында қарым қатынас тығыз болуы қажет дейді психолог Сымбат Нұртазақызы.
Сымбат Әбдірахманова, психолог:
− Ата аналардың көбі жұмысбасты. Зерттеулерге сүйенсек, әрбір үшінші отбасы өз балаларына 24 сағаттың 30 минутын да бөлмейді. Жеке тәжірибеме келетін болсақ: қыз балалар мен аналардың қарым қатынасында кемшін тұстары байқалады. Жасөспірімдік шақтың өзіндік ерекшеліктері бар. Алдымен олардың әлемді қабылдауы бұрынғымен салыстыруға да келмейді. Осыны қабылдау ата ана тарапынан өте қиын. Осы тұста әр буын өкілдерінің қарама қайшылығы байқалады. Қазіргі таңдағы жасөспірімдер қызығушылығын мысалы, япониялық мультификация аниме, tik-tok желісіндегі қылықтарын, ойындарын, әлеуметтік желідегі топтарын түсінгісі келмейді. Әрине, кей жағдайда ата-ананың қобалжуы дұрыс болуы мүмкін. Осындай жағдайда ата-ана мен қыздардың арасында сенімді қатынас болуы тиіс. Қандай жағдай орын алмасын, бала қорықпай өз ата-анасына айта алғаны жөн. Тағы бір айта кететін жайт, балаға үйде жеткілікті көңіл бөлінбеген жағдайда бала оны сырттан іздейді. Әр нәрсенің өз өлшемі болғаны жөн. Шектен шыққан кезде, бұзылыс орын алады. Мысалы, шектен тыс қамқорлық немесе шектен тыс немқұрайлық. Бұлар балаға кері әсерін тигізеді. Мысалы, шектен тыс қамқорлық болған кезде, өзі шешім қабылдай алмайтын жағдайға жетеді. Қорғаныш сезімі болмайды. Желі арқылы бейтаныс жігітпен сөйлесуі, сенім білдіріп, кездесуге шығуы т.б. Мұндай жағдайда ата-ана жақындары қайтпек керек? Үнемі ата-анамен жасөспірім арасында сенімді байланыс кажет. Баласына көңіл бөліп,әңгімеге тартып жағдайын сұрап отыру керек. Анасы жігітің бар ма, сезім болуы калыпты жағдай деп сырласа білуі қажет және біз өкінішке қарайрай, тыңдаймыз, бірақ естімейтін кездер де болады. Баламыздың айтқан дүниесіне маңызды көңіл бөлмеуіміз мүмкін.
P\S:
Ақын Абай Құнанбаев өз замананында «Жас өспірім замандас қапа қылды, Сабыр, ар жоқ, аял жоқ, ілді-жұлды, Тұрлау қылып еш нәрсе басқара алмай, Сенімі жоқ серменде өңкей жынды» деп жырға қосыпты. Арада бір ғасыр өтсе де, бүгінгі өскелең ұрпаққа қарап бізде ойға қалдық. Қолынан телефоны түспейтін, бір қарасаң жылап, бір қарасаң қарқылдап күліп отыратын жас буын өсіп келе жатыр. Дені сау емес, жынды дейін десең түрі әп-әдемі қыз бала. Жамандық, жақсылықты айыра алмай желідегі жүгермек іздегені. Жалқаулығын шаршадым деп жеңдіреді, сендіре алмай, сене алмай, сенделеді. Тұрлаусыздығы тағы бар. Балаларым үшін нан табайын деп еңбек етіп жүрген ата-ана балам жаман болсын демесі анық. Әйтседе отбасының жылулығы, ата-ана мейірімі балаға зор сенім ұялатады. Абай: «Адамды нағыз адам қылатыны − сезім, ой, рух, білім, өнер, адамгершілік, сана, әрекет», − дейді. Осылардың бәрі болса, адам баласының шығар биігі зор, айтар ойы тұшымды, әр қимылы саналы болмақ. Оң солын білгенімен жақсы жаманды әзер айыратын жеткіншектерге бұл айтылған қасиеттер кімнен келеді. Ата-анасынан ба? Білім ордасынан ба? Мүмкін достарынан шығар? Ең қорқыныштысы, әлеуметтік желідегі бөтен жаннан жылу іздемесе екен. Сіз не дейсіз, оқырман?
Гүлбану МАҚАЖАН
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!