Қазақ үшін той – тек қуаныш емес, ұлттың рухани болмысының бір бөлшегі. Ата-бабамыз тойды халықтың қазынасы деп білген. Алайда уақыт өзгерді, заман жаңарды. Бүгінде той тек дәстүрдің жалғасы емес, қаржылық жауапкершіліктің үлкен сынағына айналған. Бір күндік салтанат кейде жылдарға созылатын қарызға ұласып, жас жұбайлардың болашағына көлеңке түсіретін жағдайлар да кездеседі.

Қазіргі тойлардың шығыны орасан зор. Сәнді мейрамхана, безендіру, шоу-бағдарлама, танымал асаба, қымбат көйлек, кәсіби фото-видео түсірілім – бәрі қосылып, миллиондаған теңгені бір-ақ айналдырады. Көптеген отбасы «елден қалмау» үшін немесе «абырой» үшін несие алуға дейін барады. Бірақ кімге не дәлелдейсің? Жаңа түскен келіннің қалыңдық көйлегі, оның тойға арналған макияжы, қалыңдықтың қыз жолдасының көйлегі мен макияжын да күйеу бала төлейді. Ал біле білсеңіз, көйлек те, макияж да қымбатқа түсетін шығын. Одан бөлек қаншама алыс-беріс, майда-шүйдә дәстүрлер қалтаңды қағады.

Бірақ бір сәт ойланып көрейік. Сол қаржыны басқа арнаға бұруға болмас па еді? Мысалы, бір күндік тойдың орнына жас жұбайлар шетелге саяхат жасап, жаңа өмірін бірге әсерге толы естеліктермен бастаса ше? Париж көшелері, Ыстамбұлдың тарихи тынысы немесе теңіз жағасындағы жайлы кештер – бұлар да өмір бойы ұмытылмас сәттер сыйлап, жас жұбайдың арасындағы махаббат сезімін күшейте түсері анық.

Не болмаса сол қаражатты болашаққа негіз етуге жұмсау – үй алуға бастапқы жарна, көлікке ақша жинау, шағын бизнес бастауға инвестиция жасау. Бұл – тек материалдық пайда емес, отбасының тұрақтылығына салынған берік іргетас. Бұрын дәулеттің нышаны болса, бүгінде ол – қажеттілік. Үй де, көлік те жайлы өмір үшін, ал жинақ – ертеңгі күнге сенім.

Өкінішке қарай, той үшін алынған несиенің салдары көбіне қайғылы аяқталып жатады. Алғашқы айларда бәрі әдемі: қонақтар риза, суреттер сәнді, әлеуметтік желіде жүздеген лайктар жиналады. Бірақ уақыт өте бәрінің қызығы басылады, ал уақыт өте ай сайынғы төлем, пайыздық үстеме, қаржылық қысым жас отбасының шынайы өміріне енеді.

Қарыз – тек сандық міндеттеме емес, ол психологиялық салмақ. Жалақының едәуір бөлігі банкке кетіп жатқанда, тұрмыстық ұсақ-түйек те үлкен мәселеге айналуы мүмкін. «Неге осынша қымбат той жасадық?», «Оның керегі бар ма еді?» деген өкініш сөздер бірте-бірте ренішке, ал реніш салқындыққа ұласпауына кепіл жоқ.

Махаббат – нәзік сезім. Ол түсіністік пен қолдауды қажет етеді. Ал қаржылық қысым сол нәзіктікті қажытып, екі жастың арасына көзге көрінбес қабырға тұрғызуы мүмкін. Өткен жылдың нәтижесіне назар салсақ, 45,5 мың ажырасу фактісі тіркелген. Ажырасу бірнеше себептің нәтижесінде орын алады, статистика көрсеткендей, себептердің бірі – қаржылық қиындық. Демек бір күндік салтанаттың салдары кейде ұзақ жылдарға созылатын ауыртпалыққа айналуы ғажап емес.

Батыс елдерінде жас жұбайлар көбіне прагматикалық шешім қабылдайды. Үлкен тойдың орнына шағын рәсім өткізіп, қалған қаржыны саяхатқа немесе баспанаға жұмсау оларда қалыпты тәжірибе. Бұл жерде басты назар отбасының болашағына аударылады.

Әрине сәнді той ол жақта да бар. Бір артықшылығы, оны біздегідей міндеттемейді, таңдауға салады. Қоғамдық қысым аз болғандықтан, жастар өз мүмкіндігіне қарай шешім қабылдайды.

Қазақ қоғамында да мұндай көзқарас біртіндеп қалыптасып келеді. Кейінгі кезде кейбір жастар тойды шағын форматта өткізіп, жинаған қаражатын ипотекаға бастапқы жарна ретінде құйып жатыр. Дәстүрден толық бас тартпай-ақ, заман талабына сай етіп бейімдеуге жол ашуда. Мәселен, табиғат аясында өткізілген той есте қаларлық әсерімен ерекшеленсе, баяғы ретро стиль де әлі қалыс қалмады.

Тойдан мүлде бас тарту ұлттық құндылықты жоққа шығару болар еді. Бірақ тойды ақылмен, шамамен өткізу нағыз парасаттылықтың белгісі. Дәстүрдің мәні – даңғазада емес, ниетте. Қонақ санының көптігі емес, тілектің шынайылығы маңызды. Бәлкім, болашақта қазақ тойы жаңа сипатқа ие болар. Ысырапшылдық азайып, мазмұнға мән берілсе, той шын мәнінде қуаныштың мерекесіне айналар еді. Жас жұбайлар өмірін қарызбен емес, сеніммен бастаса – сол үлкен жетістік.

Ең маңыздысы – шешім саналы болуы тиіс. Егер той шынайы қуаныш әкелсе, ол да дұрыс. Бірақ ол жас отбасының ертеңін құрбан етсе, сірә, одан еш қайыр жоқ.

Нұршат НЫШАНОВА

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!