Баспана мәселесі талай қазақтың бас ауруына айналғаны белгілі. Тіпті, бұл тақырыпты қаузау өнбейтін іс, бітпейтін дауға айналғандай. Мемлекет те бірнеше жыл шеңберінде аталған мәселені шешу үшін арнайы бағдарламаларды жүзеге асырып, түрлі санаттағы азаматтарға үйлі болуға жағдай жасауға көшкен. Оған қоса көпбалалы отбасыларға баспана кілтін табыстау ісі де алға жылжығаны бар. Содан болар, соңғы жылдары сәл де болса алаң сейіліп, әкімдікке сабылған жұрттың қатары сиреді.

Дегенмен, әлемдік саяси ахуал мен қырғи-қабақ қақтығыс Қазақстандағы баспана мәселесін қайтадан басты орынға шығарды. Олай дейтініміз, Ресейден келген қонақтардың көбеюі ірі қалалардағы жалдамалы пәтер бағасын аспандатып, қаншама қазақстандықтың үйсіз қалуына әкелді. Баспана егесінің қойған талабы тым күшейіп, бекіткен сомасы отбасының ғана емес, елдегі орташа айлық табыстан бірнеше есе асып түскенін көрдік. Осы мәселенің бәрі көптеген отбасының жаңа бағдарламаға жүгіну арқылы үй алуға ұмтылысын ұлғайтты.

«7-20-25»
аяқталуға таяу
Бүгінде көпшіліктің баспаналы болуына септескен «7-20-25» бағдарламасы бітуге таяды. Ресми мәліметке сенсек, осы кезге дейін бағдарлама бойынша 701,5 млрд теңге игерілген. Қомақты қаржының көлемінен-ақ атқарылған жұмыстың ауқымын бағамдауға болатындай. Жоба жүзеге асқалы барлық өңірде мыңдаған отбасы үйлі болып, ипотека арқылы арманын орындауға мүмкіндік алды. Өкініштісі, жыл соңында аталған бағдарлама жұмысын тоқтатпақ. Себебі, мерзімі біткен, меже еңсерілген.
Алайда алаңдауға негіз жоқ. Мемлекет «7-20-25»-ке балама болатын жаңа ипотекалық бағдарламаны нарыққа шығаруды жоспарлап отыр. Алғашқы нобайы да дайын. Жақында Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев ескі бағдарламаның орнын басатын жаңа бағдарламаны қолға алуға тырысып жатқанын хабарлады. Министрдің сөзінше, мемлекет алдымен халықтың әлеуметтік осал тобының баспанамен қамтылғанын қалайды. Сондай-ақ жұмыс істеп, отбасы құрып жатқан негізгі адамдар массасы туралы да ұмытуға болмайтынын тілге тиек етті. Ендігі меже – ипотека алуға ниеттілерді категорияға бөлмей, туындаған қиындыққа байланысты әр отбасына жеке мән беру. Яғни, әр отбасының цифрлық портреті құрылып, баспанаға қол жеткізу алгоритмі өзгермек.
Алдын ала мәліметке сүйенсек, несие беру мерзімі 20 жылды құрамақ. Алғашқы жарна алынатын тұрғын үй құнының 20 пайызынан кем болмайды. Үйді бірыңғай оператор кепілдік берген, салынып жатқан құрылыстан да, бастапқы нарықтан да алуға болады. Қарыздың ең жоғары сомасы өңірлерге байланысты әртүрлі. Мысалы, Астана мен Алматы қаласын­да – 35 млн теңгеге дейін; Ақтау, Атырау және Шымкент қаласында – 25 млн теңгеге дейін, Қарағанды қаласында – 20 млн теңгеге дейін, өзге аймақтарда – 15 млн теңгеге дейін. Министрліктің хабарлауынша, қазір тиісті органдармен және екінші деңгейлі банктермен бағдарлама шарттары талқыланып жатқан көрінеді. Сондықтан алдағы уақытта енгізілуі мүмкін.
«Заң аясында қарастырып жатырмыз. Ең бастысы, алғашқы жарнасы және қолжетімді болады. Қолжетімді ставка – 7 пайыз. Есте болса, «Баспана Хит» бойынша 12 пайыз болған еді. Қайталама нарық қатты сұранысқа ие болды. Адамдар жаппай сатып алды, бірақ біз 7 пайыздан асырмаймыз деп отырмыз», – деді министр.
Еске сала кетейік, «7-20-25» бағдарламасы 2018 жыл іске қосылып, әлеуметтік бағдарламаның арқасында мыңдаған қазақстандық баспаналы болды. Бағдарлама бойынша бастапқы нарықтан пәтерді жылдық 7 пайызбен, алғашқы жарнаны үй құнының 20 пайызы мөлшерінде төлей отыра 25 жыл мерзімге дейін рәсімдеуге болатын. Оның үстіне, кредит тек теңгемен ұсынылды. Сондықтан жоба жас отбасылардың қаржылық жағдайының жақсаруына, әлеуметтік мәселелердің шешілуіне сеп болғаны жасырын емес. Алайда, өткен жылы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова «7-20-25» бойынша қаржыландырудың тоқтайтынын мәлімдеген еді.
«Мемлекет нарық принциптеріне орын босатып, біртіндеп несиелеу бағдарламаларынан шығуы керек. Үкімет тікелей қаржыландырудан кәсіпкерлік субъектілерінің несиелік тәуекелдеріне кепілдік беруге көшу мүмкіндігін қарастырады. Осыған байланысты биыл жыл басында Үкімет, Ұлттық банк және Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі арасындағы 2021-2023 жылдарға арналған макроэкономикалық саясат шараларын үйлестіру туралы келісімге қол қойылды. Ол бойынша Ұлттық банк 2023 жылдан бастап мемлекеттік бағдарламаларды қаржыландырудан кете бастайды», – деген болатын М.Әбілқасымова.
Бүгінге дейін «7-20-25» аясында 54 022 несие берілген. Ұлттық банк таратқан дерек бойынша, бағдарлама аясындағы займдардың басым бөлігі Астана, Алматы және Шымкент қалаларына тиесілі екен. Бағдарлама қаржыландыру көлемі 1 трлн теңгеге жеткен кезде толық тоқтайды. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің болжауынша, қазіргі қарқынмен жоба жыл соңына дейін бітуі керек.

Баспана үшін ажырасуда
Жуырда әлеуметтік желіде жаға ұстатарлық жаңалықты көзім шалды. Тараған дерекке сенсек, қазақстандықтар жеңілдетілген ипотека алу үшін ажыраса бастауда. Анығында, үй алу үшін жалған, яғни құжат жүзінде ажырасуға көшкен. Әдепкіде қисынсыз әңгіме, жалған ақпарат көргеніміз рас. Алайда, «Отбасы банк» АҚ басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимованың өзі аталған мәселенің өршіп тұрғанын тілге тиек еткенде сенбеске амал қалмады. Сала маманының сөзінше, азаматтар «Толық емес отбасы» санаты бойынша жеңілдетілген ипотекалық несие алу үшін осындай айла-шарғыға көшкен екен. Мұны несие беру бойынша үш жылдық кезеңнің қорытындысына талдау жүргізу барысында анықтаған.
«Өкінішке қарай, Қазақстанда отбасы құндылықтарының дамып жатқанына қарамастан, 2017 жылы 54 626 ажырасу тіркелсе, 2018 жылы олардың саны 54 797-ге дейін өсті. 2019 жылы – бес мыңға артық және 59 796-ға жетті. Коронавирус таралған кезеңде, ажырасуға өтініш беру күрделене түскенде көрсеткіш 48 мыңға дейін азайды. 2021 жылы қайта өсіп, 48 239 (ажырасқан отбасы) болды. Біз жалған ажырасу себептерінің бірі адамдардың кезекке тұрғысы келуінде деп санаймыз (ипотекаға пәтер сатып алу үшін – еск.). «Толық емес отбасы» бағыты бойынша ажырасу туралы куәлік жеткілікті», – дейді Л.Ибрагимова.
Жалпы, соңғы төрт жылда «толық емес отбасы» санаты қарқынды өсуде. Тіпті, 23 қыркүйекте Үкімет толық емес отбасыларға «Шаңырақ – 5-10-20» бағдарламасы бойынша несие беруге шешім қабылдаған болатын. Мұның барлығы баспанаға мұқтаж отбасыларды балға үймелеген арадай қызықтырғаны анық. Расында аталған санатқа жататын ғана емес, кей толық отбасы да үй алудың мүмкіндігін пайдалануға тырысқан. Алайда, бұл жолы заңсыз әрекетке жүгініпті.
«Бүгінде «Толық емес отбасы» бағыты бойынша ажырасу туралы куәлік өткізгендер көп. 23 қыркүйекте Үкімет қаулысы аясында «толық емес отбасылар» санатын «Шаңырақ – 5-10-10» жобасына ауыстыру ұсынысы қолдау тапты. Мұндағы айырмашылық сыйақы мөлшерлемесіне қатысты. Әр отбасы деңгейінде айырмашылық шамамен 30 мың теңгедей болатын шығар. Мысалы, берешек 15 млн теңге болса, «Бақытты отбасы» бойынша несие алғандар алғашқы 8 жылда ай сайын 80623 теңгеден, 50% сома жиналғаннан кейін 63344 теңгеден төлейді. «Шаңырақ» бағдарламасы бойынша «толық емес отбасы» дәл сондай пәтерді сәл жоғары төлеммен сатып алады. Яғни, ол алғашқы 8 жылда ай сайын 116 500 теңгеден, кейін 73 983 теңгеден төлейді», – деді Ләззат Ибрагимова.

Жәрдемеқы әсері
Ипотека алуға талап мығым, бақылау күшейген. Әсіресе, жыл сайын өзгеріске орын алуда. Халық та әр жолы үреленіп, тараған жалған ақпаратың анығына жете алмай әбігерге түседі. Ипотекаға қатысты тараған жалған мәлімет қатарынада жәрдемақы да бар. Яғни, «Ипотека алу үшін жәрдемақы есептеледі» екен деген хабар көптің күдігін ұлғайтып, алаңын үдеткен еді.
Алайда, көп өтпей ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Роман Скляр Мәжіліс өкілдерінің депутаттық сауалына берген жауабында нақтылады. Тараған ақпараттың шындыққа жанаспайтынын айта келе, ипотека алушының төлем қабілетін тексерген кезде жәрдемақы неге есептелмей­тінін де жеткізді.
«Қазіргі таңда «Бақытты отбасы» ипотекалық бағдарлама­сына қатысу үшін отбасының әрбір мүшесіне шаққандағы табыс ең төменгі күнкөріс деңгейінің 3,1 еселенген шамасынан аспауға тиіс. Қарыз алу үшін негізгі талаптардың бірі еңбек немесе кәсіпкерлік қызметтен соңғы 6 айда кіріс түсіп тұрған боулы керек. Сонымен қатар, азаматтар ипотекалық қарыз алуға өтінім берген кезде қарыз алушының төлем қабілетін тексеру жүргізіледі. Оның аясында жәрдемақылар негізгі кіріс ретінде есепке алынбайды.
Бұл ретте, «Отбасы банк» АҚ-ның ішкі әдістемесі бойынша жәрдемақылар кандидаттың төлем қабілетін бағалау кезінде қосымша табыс ретінде қабылданады, бұл өз кезегінде қарыз бойынша шешім шығару кезінде оң әсер етеді. Сонымен қатар кезекте тұрғандардың осы санаты коммуналдық тұрғын үй қорынан жалға берілетін тұрғын үй алуға үміткер бола алады», – деді Премьер-Министрдің орынбасары.
Демек, азаматтарға жәрдемақысы тіршілік етіп, денсаулығын күту үшін қолдау үшін тағайындалады. Ол мөлшер қарызды өтеуге негізделмеген екен. Әрине, уәж жөн, талап қисынға жанасады. Сондықтан, жәрдемақы үйлі болуға кедергі деген қауесетке илану орынсыз.

Үй алу үшін не істеу керек?
Сөз соңында маман кеңесімен бөлісу жөн секілді. Себебі, көптеген жас отбасы үшін баспаналы болуға кедергі тек қаржы мәселесі емес, жүйелі жоспардың кемдігі, сараптың аздығы. Төменде айтылған кеңес қателікті қайталамауға жәрдемдесіп, үйлі болу мерзімін қысқартуға көмектеседі деп сенеміз.
Елдің бәрі білетін жай болғанымен, алғашқы кеңес қарапайым. Ақша жинау керек. Жай ғана жинау аздық етеді. Қаржы жоспарын құру, кездесетін кедергі мен шығынды шамалау абзал. Олай жаса­масаңыз, пәтер алу арман күйінде қалуы ықтимал. Сондық­тан жүйелі жоспарға маңыз беру тиімді. Мәселен, әр түскен жалақы­дан 30 000 теңге жинауға мүмкіндік болса, 6 жыл ішінде бастапқы жарнаны, яғни мем­лекеттік бағ­дарлама бойынша 20 пайыз ақшаны жинауға болады. Ал, жинай алатын ақшаңыз 50 000 теңгеге жетсе, онда жарнаның ақшасы 4 жылда толығады. 100 000 теңге мөлшерлемесін алып тастағанда, бұл мерзім 2,2 жылға дейін қысқарады. Ипотекаға алғыңыз келмесе, пәтерге қажет 15 миллионды кем дегенде сегіз жылда жинауға болады екен. Міне, қарапайым көрінгенімен ең тиімді жоспардың бірі.
Мамандардың маңызды кеңесінің бірі – асықпау. Баспана алу бойынша кеңес беріп жүрген Дәулет Төлеутайұлының пікіріне сүйенсек, асығыстық жарға жығады. Оның айтуынша, қазіргі уақытта ең ыңғайлысы – артық төлем аз шығуы үшін баспананың 50 пайызын жинау. Мәселен, «Отбасы банкте» үш жыл бойы бағалау көрсеткішін 16-дан асырса, артық төлем азаяды. Алайда үш жыл бойы жинайтындар аз екен.
«Біз барлығы тез болғанын қалаймыз. Қызбалықпен үй аламын деп бірден жарна салып, үй беремін деп жоқ болып кететін небір компанияларға жолығамыз. Кейде арты бір желі маркетингі немесе пирамида болып шығады. Алаяқтар адамның жанды жерін пайдаланады, “тезірек үйлі боласың” деп алдайды. Қаншама адам сан соғып қалды. Сондықтан үй аларда асықпай, барлығын саралап, нарықты зерттеп, жинаған ақшаңызға сай нұсқаларды қарастыру қажет», – дейді Д.Төлеутайұлы.
Бұған қоса үнемі қаржылық сауатты арттыру, қажетті лайфхактарды қолдана білу де баспанаға бастар жолдың бірі. Ізденген біліміңіз нәтижесін де риэлтор, нотариустан ақша үнемдеуге, комиссияларды қарауға мүмкіндік беретінін ұмытпаңыз.

P.S. Әрине, баспанаға қол жеткізу – көптің арманы. Бірі мемлекеттік бағдарламаға иек артса, енді бірі табысынан жиып-теріп үй алуға талпынуда. Қай жолдың үйлі болуға оңтайлы шешім екені әзірге беймәлім. Алайда қос амалды қолданып көрген артық етпейді. Себебі, «Үйі жоқтың күйі жоқ».

Берен ШАҒЫРОВ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!