ҚР Әділет министрі Қанат Мусин Үкімет 2023 жылы қандай заң жобаларыy әзірлейтінін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«2023 жылға арналған жоспар жобасында 34 заң жобасын әзірлеу көзделген, оның ішінде бірінші жартыжылдықта Парламентке – 15 заң жобасын және екінші жартыжылдықта – 19 заң жобасын енгізу қажет.

Жалпы, жоспар жобасы Президент пен мемлекеттің стратегиялық құжаттарында айқындалған міндеттер негізінде қалыптастырылды.

Мәселен, Қала құрылысы кодексі және Бюджет кодексі, жер қойнауын пайдалану, мемлекеттік жекешелік әріптестік, көші-қон, мемлекеттік сатып алу, салық салу, сондай-ақ әкімшілік әділет, қылмыстық қылмыстық-процестік және әкімшілік заңнамаларды жетілдіру бойынша заң жобаларын әзірлеу Мемлекет басшысының 2022 жылғы 1 қыркүйектегі «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» Жолдауын іске асыру жөніндегі Жалпыұлттық іс-шаралар жоспарынан туындайды», – деді Қанат Мусин.

Сондай-ақ, ол аталған жоспардың бәрін Мемлекет басшысы мақұлдауы керектігін еске салды.

«Бұдан басқа, Су кодексін, сондай-ақ тұтынушылардың құқықтарын қорғау, масс-медиа және акваөсіру бөлігінде жаңа редакциядағы заң жобаларын әзірлеу жоспарлануда.

Сонымен қатар, бюрократиядан арылту жөніндегі Жарлықтың 13-тармағын және Мемлекет басшысының ағымдағы жылғы 11 қазандағы тапсырмасын іске асыру аясында Әділет министрлігі заңдарда артық (шамадан тыс) заңнамалық нормаларды регламенттемей алып тастау бойынша тәсілдер әзірленгенін атап өтемін.

Осы тәсілге сәйкес заңдарда мемлекеттік басқару органдарының негізгі мақсаттарын, міндеттерін, реттеу қағидаттарын және базалық өкілеттіктерін ғана белгілейтін нормалар, ал заңға тәуелді актілерде оларды одан әрі регламенттеу бекітілетін болады», – деді Әділет министрі.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!