«Патша қанша жерден ақымақ болса да баласының ұстазының алдын кеспейді» дейді ежелгі грек ғұламалары. Ал қазақта мұны «алты Алаштың игі жақсысы бас қосса, төрдегі орын ұстаздікі» деген Мағжаннан асырып айтпаспыз…

Ұстазын ұлықтаған халық үшін мұғалім – қоғамның айнасы іспеттес. Бесіктен шығып, есіктен аттаған әрбір баланың үлкен ортаға аяқ басуына себепші болатын да осы жандар. Мәртебелі мамандық иелері қай кезде де бірінші орынға атақ, мансапты емес, шәкірт тәрбиесін қояры хақ. Баласы бәйгеге қосылса тақымын қысатын үйдегі ата-ана болса, шәкірті шыңға шықса шаттанатын жан ол – ұстаз.

Мұны неге айтып отырмын. Өйткені Қазалы ауданындағы еңселі білім ордасының бірі – Мұстафа Матаев атындағы №170 орта мектепте білікті де білімді ұстаздар бар. Қасиетті шаңырақтан талай оқушы түлеп ұшып, қазірде түрлі салада еселі еңбек етіп келеді. Ал мұның барлығы мұғалімінің еңбегі, төккен тері.

Қоғам үшін алаңдайтын алып балалардытәрбиелеген мектепте білімді оқушылар өсіп, жетілуде. Соның бірі – 4 сынып оқушысы Нұрасыл Таңатар. Елгезек, ізденімпаз жас осы күнге дейін талай математика пәні бойынша облыстық, республикалық турнирлерге қатысып, топ жарып жүр. 20 жыл осы саланың қиындығы мен қызығына қанық болып келе жатқан тәжірибелі маман ретінде Нұрасылды әрбір жарысқа дайындаған еңбектің нәтижесінде талай бағындырған белестердің куәсі болып жүрмін.

Үлгілі оқушы бұған дейін аудандық олимпиадаларда жүлделі орындардан көрініп қана қоймай, облыстық сайыстарда ерекше көзге түсті. Одан соң республикалық «Бастау» турнирінде топ жарып І орын иегері атанды. Сондай-ақ «Ақбота» зияткерлік олимпиадасыныңда қатысушысы болып, жеңімпаз атанып үлгерген. Мұнан бөлек, республикалық «Алтын сақа» математикалық олипиадасының аудандық кезеңінен 3-4 сыныптар арасында жеңіске жетті. Халықаралық сайыстарда да үздіктер қатарынан көрініп, республикалық «Зерде» ғылыми жобалар конкурсында ІІІ орынды иеленді.

«Жігітке жеті өнер де аз» демекші, Нұрасыл тек математикалық олимпиадалардан бөлек, республикалық «Мың бала» зияткерлік орталығының ұйымдастыруымен өткен «Мақатаев оқулары», «Абай оқулары» конкурсына қатысып, І орын иегері атанған. Оның үстіне республикалық «Көркем жазу» байқауында көзге түскенінің өзі оның өзгелерден дара екенін айқындап тұрғандай.

Қатарының алды болған оқушының анасы Айман Қалымбетова ұлы білім алатын мектепте информатика пәнінің мұғалімі болып еңбек етеді. Ал асқар тау әкесі Мұрат Қала вахталық жұмыс істейді. Нұрасылдың талантты болып ер жетіп келе жатқаны баласының тәрбиесіне терең бойлап, тәртібіне ерекше ден қоятын ата-ананың арқасы.

Білім алушының талантын байқап, бағыттын айқындаған ұстаз еңбегін еселеп қайтарған Нұрасыл шәкіртіммен мақтанамын. Бүгінгі математик Нұрасыл келешек ел тізгінін ұстайтын азамат.

Гүлнұр ЖАЛМАҒАМБЕТ,
М.Матаев атындағы №170 орта
мектептің бастауыш мұғалімі

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!