Қызылордада көпқабатты үйдің тұрғындары үреймен күн кешіп келеді. Баспананың төбесіндегі бетон жабындылары опырылып, құлауға жақын тұр. Жаңбыр жауса кіреберістегі электр желілерінен су бойлап ағады екен, – деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі qazaqstan.tv телеарнасына сілтеме жасап.
Телеарна мәліметінше, қалада 51 тұрғын үй апат жағдайында деп танылған. Бірақ Жаңқожа батыр көшесіндегі баспана тізімге енбеген.
«Жоғарыдағы кесектері мүжіліп, сол бетон тұр ғой үстінде. Сол бетондар үстімізге құлайын деп тұр қазіргі уақытта. Былай айтқанда, үреймен өмір сүріп жатырмыз. Мен әкімдікке барғанда, «иә барамыз, өлшейміз, айтамыз» деген. Енді оны кейіннен хабарлап айтып тұр. 6 миллион теңге дейді», – дейді тұрғын Айкүміс Мұсаева.
Ал әкімдіктегілер тұрғындарға үйді қайта жаңғыртудан өткізуді ұсынған. Бірақ одан көпшілігі бас тартқанын айтады. Себебі тұрғын үй заңнамасына сәйкес үйдің шатырын жөндеуге мемлекеттен қаржы қаралмайды. Сондықтан жөндеу жұмыстарына кететін шығынды тұрғындар өз қалтасынан төлеуі тиіс екен.
«6 миллион теңгенің көлемінде есептеп шығарып бердік. Қазір тұрғындар өздері ақылдасып жатыр. Ақшалай немесе заттай алып беруге. Сол шешім шыққаннан кейін жөндеу жұмыстарын жүргізіп береміз», – дейді қалалық тұрғын үй инспекциясының басшысы Абзал Абдулла.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!