Ақшадан тарыққан қызылордалық келіншек бойдақ жігітті алдап соқты, деп хабарлайды Экспресс К.
Бұл туралы журналист Гүлмира Әбіқай өзінің Instagram-дағы парақшасында жазды. Журналист «өтірік күйеуге тиіп, артынан қалың мал әкелген соң түрлі сылтаумен «ғайып болатын» келіндер жайлы» көп естігенін жазады.
Түркістан мен Қызылорда облысында мұндай келін, қашыратын жеңге, қуып келетін нағашы әпке үштігінен құрылған алаяқтық топ бары да жасырын емес,
— дейді Гүлмира Әбіқай.
Гүлмира Әбіқайдың жазуынша, қызылордалық Ақерке есімді келіншек бір отбасын алдап соғыпты. «Қалың малын алып Аралдан Қазалыға аттанған құдалар қыз айтқан мекен-жайды таба алмайды. Сөйтсе, жаңа түскен келін 3 баласы, күйеуі бар кәдімгі бір отбасын шыр үйіріп отырған әйел екен. Ақшадан қатты қысылған соң абысыны екеуі ойлап тапқан амалы күйеуге қайта тию болыпты. Ауылда малы көп ынжық жігіттер жетеді» деп жазады журналист. Сондай-ақ журналист алданып қалған жігіттің туысының хатын да парақшасына жүктеген. Онда келіншектің 1999 жылғы екені жазылыпты,
Әлеуметтік желі қолданушылары бұл жазбаға түрлі пікір білдірген. Бірі «Өкініштісі осындай аналар бала тәрбиелеп жатыр», «Соттау керек мұндайдайларды», «Осылар күйеу тапқыш екен» десе, енді бірі «Естімеген елде көп. Бұндай қадамға бару үшін жүрек жұтқан болу керек шығар» деп жағасын ұстаған.
Ал біреулері қалың малды құдаларға беретінін, кешірімге барғандар құдаларды таппаса қалың малдан қалай айрылып отырғанын түсінбеген. Бұған журналист «бұндай жағдайда қыздың ешкімі жоқ жетім болып шығады. Сосын өзіне немесе жалғыз нағашы әпкесіне береді» деп жауап беріпті.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!