Наурыз айы басталғаннан Қызылорда қаласындағы «Нұрсәт» теннис орталығында жасөспірімдер арасында үстел теннисіннен республикалық турнир бастау алды. 14 және одан кіші өскіндер өнер көрсететін додаға еліміздің 9 өңірінен 40-тан аса спортшы сынға түскен болатын.
Нәтижесінде І орын Петропавл қаласынан келген Сұлтанәли Қанат еншілесе, ІІ орын қызылордалық Абдурахман Орынбекке бұйырды. Ал Қостанай қаласынан келген Әділхан Ералин ІІІ орынды қанағат қылды. Сондай-ақ «Жарысқа деген ынтасы үшін» бағамын Мәди Насыр иеленді.
Үстел үстінде шар сырғытқан спортшылардың жарысы мұнымен біткен жоқ. 8-9 наурыз күндері «Нұрсәт» теннис орталығында қыздар арасындағы республикалық турнир жалғасын тапты. 7 өңірден ат басын бұрған 30-ға жуық спортшы өзара тартысқа түсіп, үздіктерді анықтап үлгерді.

Екі күннің нәтижесі бойынша қызылордалық Сәлима Ижан қарсылас шақ келтірмей І орынды иеленді. Сонымен қатар ІІ орын жергілікті спортшы Дария Шахарманға және ІІІ орын ақтөбелік Анар Исағалиға бұйырды. Турнирге деген ынтасы бар спортшыларға арнайы номинация тағайындалып, Мария Барычева марапатталды.
Бұл күні турнирдің көркін ерлер арасындағы тартысқа толы кездесулер қыздырып жатқан-ды. Бұған дейінгі 10 және одан кіші жасөспірімдер арасындағы өткен турнирде күміс жүлде қанжығалаған Абдурахман Орынбектің бұл жолы тыңғылықты дайындығы көрінді. Өйткені жарыстың алғашқы күнінен өзінің басымдылығын көрсеткен ол сәтті өнер көрсете білді. Осылайша республикалық турнирдің жеңімпазы атанды.

Бұған дейін Сыр өңірінің үстел теннисінен жарыстарда атой салып жүргенін жақсы білеміз. Ал өткен жылы ел игілігіне берілген «Нұрсәт» теннис орталығы жастардың бұл спорт түріне деген қызығушылығын арттыруға одан әрі сеп болды. Ендеше, әлі талай өңір атын шығаратын өскіндер сол орталықта жаттығатынына сенімдіміз.
Айдос МЫРЗАЛЫ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!