Күйбең тірліктің күйгелек етіп, қарбалас қызметтің қуатты түгесіп қоятыны жасырын емес. Сондықтан, ми тынықтырып, ой сергіту артық етпейді. ҚАЖ департаментіне қарасты №68 мекемесінің жеке құраммен жұмыс жөніндегі тобының ұйымдастыруымен “Анаға тағзым” орталығында арт-терапиялық сабақ өтті.
Шалқар шабыт пен қиялдың қиылысатын тұсында мекеме қызметкерлері қарап қалмады. Алдымен “Анаға тағзым” орталығының “креативті индустрия” бөлімінің әдіскері Айгерім Ізбанова арнайы картинаны көрсетіп, оны салудың техникаларымен бөлісті. Ішкі үннің үзік сыры мен ғаламның ғажап сұлулығын қылқаламның ізіне сыйдыру – өнер. Мұны түсінген қызметкерлер гуашь бояуын қолға алып, бірден бейнелеуге кірісіп, ерекше ынта танытты.
– Күнделікті жұмыс жауапкершілікті талап етеді. Бұл – қызмет бабында бір сәт те босаңсуға болмайды деген сөз. Бірақ, қызметкерлердің психологиялық жағдайы мен көңілінің жайлы болуына аса мән береміз. Бүгінгі арт-терапияны алға тартып, сан түрлі бояумен жұмыс істеу арқылы назарын бұрып, санасын сергек етсек дедік. Мақсатымызға жеткен секілдіміз. Қызметкерлер суретті ойдағыдай салып, рухани тұрғыда демалып қалды. Оның үстіне, эмоциялық ширығуды бәсеңдетіп, ішкі тепе-теңдікті қалпына келтіруге ықпал еткені анық, – дейді мекеменің жеке құраммен жұмыс жөніндегі тобының аға инспекторы әділет капитаны Динара Шахи.
Иә, шығармашылық үдеріс – ішкі тыныштықтың қайнар көзі. Қылқалам ұстаған қызметкерлер бояу бетіндегі болмыстан осыны аңғарғаны сөзсіз.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!