Үй аламыз деп екіұдай сезімде жүргендер бар. Еңбекақы пәтерақы мен азық-түліктен артылмайды. Жылдар өтсе де, жинаған ақшасы үй алуға жетпейді. Бұл «Nazar audar production»-ның комедиясы «Ұялам, но үй алам»-дағы Сырым мен Айжанның басты мәселесі. Кейіпкерлердің іс-әрекетіне күлесің де, көп ой түйесің. Өйткені мәселе тек баспанада ғана емес.

Айжан секілді кейіпкерлер арамызда көп. Төрт баламен анда-мында көшіп, әр үйдің сынығын жөндеп, кілемін жуып, үй иесіне жалтақтап, қоныстойға барған сайын «Біз қашан үй аламыз?» дегендер түсінеді мұны. Өйткені өз үйің – тыныштығың, қорғаның, сырттан шаршап келгенде қайта күш жинайтын қамалың. Балаларының қамын бірінші ойлайтын аналар үшін тіпті маңызды. Сондықтан кинода Айжан заңға қайшы әрекетке барады. Күйеуімен өтірік ажырасып, жалғызбасты ана ретінде үй алмақ. Бірақ мемлекеттік қызметкерді алдау, құжат дайындау оңай шаруа емес. «Ажырассам болды, үй алам» деп ойлаған Айжан баспана алу процесін зерттемейді де, мұның салдары өзіне, туыстарына, балаларына қалай әсер етерін мүлдем сараптамайды.
Бұл туралы продюсер, сценарист Перизат Мырзахмет «Алғашқы сахналарда мына фильмде бірде бір дені дұрыс әйел жоқ қой деп ашулана бастайсың. Сосын олардың жанында бірде бір дені дұрыс еркек жоқ екенін көресің де, «апама жездем сай» дейсің. Авторларға сол үшін респект. Кино жігіттерді аямай сынаған екен. Залда олардың рахаттана күлгендеріне қарағанда не өздерін, не достарын таныды деген сөз. Бұл – авторлардың шеберлігі. Фильм бойы бірде-бірі сөзінде тұрған жоқ, әрекет етіп, шешім қабылдаған жоқ. Соның салдарынан әйелдер шешім қабылдауға мәжбүр болды» деп жазды.
Айжан күйеуіне «Сен алты жылда ала алмаған үйді мен алты күнде алмақшымын» дегенде ақымақ келіншек екен дейсің. Бірақ жағдайға толық қарасаң отағасында ешқандай жауапкершілік жоғын байқайсың. Сырым әйелі әлгіндей идея айтқанда ашуланғанымен, келіседі. «Сенің шығармайтының жоқ, осындайды қайдан ойлап табасың?» дегенімен, ол да басқаларды алдауға дайын. Ата-ана, туыстары алдында абыройы не шын досы жоқ. Әйтеуір тұтынушыға қамқор, күшті таксист. Тым қанағатшыл. Қанағатпен бірге ер адамға отбасын басқалар алдында төмендетпейтін айбын, алдағыны ойлайтын ақыл, жауапкершілік керек емес пе? Өтірік үй алғаны әшкере болса, балаларымды сыныптастары күлкі етеді деп неге алдын ала ойланбайды? Соңында бәріне әйелін кінәлайтын болса оның несі отағасы?
Қазір қоғамда өтірік қана емес, шынайы ажырасу саны артты. Мамандар жиі қайталайтын себеп бар. Ол екі жастың санамен емес, сезіммен үйленуі, отбасын құруға моральдік, психологиялық, материалдық тұрғыда дайын болмауы. Сондықтан ойсыз үйленіп, мұңсыз ажырасу көп.
Осы тақырыпты жазарда республикалық сайттарға «Қарағандыда 454 адам мемлекеттен тегін үй алу үшін кезекке заңсыз тұрған» деген ақпарат жарияланды. Бұл – тек бір облыстағы цифр. Ал еліміз бойынша мұндай адам қанша? Алаяқтыққа итермелеген жүйе де дұрыс емес дерсіз. Дегенмен мемлекет шеше алмайтын да шиеленістер болады. Үкімет елдің экономикалық, әлеуметтік жағдайына жауап бергенімен, әр отбасының заңнан, ардан аттамауы бөлек мәселе.


Айдана ЖҰМАДИНОВА

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!